«Жерді қытайлықтарға жалға беру болашаққа балта шабумен тең», –дейді Қытайдан келген қандасымыз

20.02.2018
Қаралды: 747

Парламент Мәжілісінде «Жер қатынастарын реттеу мәселелері бо­йынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралып жатқаны белгілі. Осыған байланысты халық жер шетелдіктерге жалға берілуі мүмкін, ал ол болашағымызға қауіп төндіреді деп алаңдаулы. Мәселен, кешегі аптада біздің редакцияға Аралбай Қожамсейітұлы есімді азамат хабарласты. Ол кісі бізге былай деді:

 

«Мен 1956-жылы Қытайдағы Гансу өлкесіне қарасты Ақсай қазақ автономиялық ауданында дүниеге кел­генмін. 40 жылға жуық өмі­рім сол жерде өтті, кейін Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданының Алтай аймағына көшіп бардық. Ол жақта он жыл тұрып, 2005-жылы Қазақстанға қоныс аудардық. Қазір Жамбыл облысына қарасты Шу ауданында отбасыммен тұрып жатырмын.

 

Біз, Қытайдан көшіп келген, азаматтық алғаны бар, алмағаны бар, барлығын алғанда 400-ден астам адам әлеуметтік желілер арқылы тығыз байланыстамыз. Яғни бір-бірімізге құжат туралауға, азаматтық алуға қатысты кеңестерімізді айтып, рухани қолдау білдіріп отырамыз. Мен сол топтың бел­сенді мүшесімін. Осы топтағы 400 адамның атынан мен «Замана» газетінде өзім­нің пікірімнің жариялануын өтінемін. Айтайын дегенім жерді жалға беру, сату мәселесі болмақ. Қазақтың ұлан-байтақ жері бізге ата-бабамыздан ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен мирас болып қалған. Ендеше, қаншама жанның қанымен, көзінің жасымен келген жерімізді өзге елдің азаматтарына сатуға, тіпті жалға беруге біз түбегейлі қарсымыз.

 

Біз осы елдің азаматы ретінде ұлан-байтақ же­ріміздің қорғалуын, экономикасының дамуын, көк туының тік тігіліп, іргесінің мықты болуын қашанда тілейміз. Және осы жолда жан аямай атсалысуға ниеттіміз. Сыртта жүрсе де жүректері Қазақстан деп со­­ғатын қандастар өте көп. Олар да жер мәсе­ле­сіне келгенде қатты алаң­даулы. Өз басым жатсам да, тұрсам да осы жерді келімсектерге жалға беріп, одан айырылып қалсақ ата-бабамыздың, арымыздың, болашағымыздың алдында кінәлі болып қаламыз ба деп қатты уайымдап жүрмін. Оларға жер беру – болашаққа балта шабумен тең.

 

Біз жерімізді әсіресе мынау көрші Қытайға жалға бермеуіміз керек! Бұл елге қатысты қандай да бір шешім қабылдауда сауысқаннан сақ болмасақ, қапы қалуы­мыз мүмкін.

 

Бұл Қытай күліп тұрып алады, біл­дірмей алады. Мен олардың жымысқы саясатын әбден зерттеп, біліп алғанмын. Бұл Қытай қызымызды алса, жерімізді алса, біздің басқа неміз қалады? Осыны ойланыңдар, ағайындар!

 

Ал енді алда-жалда жалға берілуі керек болса, онда мына нәрсе назарға алынсын: шеттен келіп жерді жалға алатындар­ға заң талабын күшейту керек. Мәселен, шетелдіктерге жерді жалға беру үлесі 50 пайыз емес, 30 пайызды құрауы тиіс. Сондай-ақ жерді жалға алушыларға салынатын салық пайызын көтеру қажет.

 

Мысалы, Қытай билігі өз жерінде кәсіп ашқысы келген шетелдіктерге ең алдымен мемлекеттің ішкі ісіне араласуға ты­йым салады. Олардың осы тәсілін өздеріне қолданып, мемлекеттің ішкі ісіне, саясатына араласуына қатаң шектеу қою керек.

 

Дәл қазіргі таңда Қытайда қаншама қандасымыз жазықсыз жапа шегіп, түрмеге тоғытылуда. «Мұның не?» деп хат жолдасақ, «Ішкі ісімізге араласпа!» деп жауап беруде. Ондай болса олар да біздің ішкі саясатымызға араласпасын! Осы нәрсені ойласам ішім от боп өртенеді.

 

Жаңа айтып өткен 400-ге жуық отбасы «Елім, жерім» деп келгенде мал жайып, егін егу үшін ұлтарақтай жер ала алмай ішқұса болып жүр. Әртүрлі конкурстарға салады, бума-бума құжат дайындатады. Соңында қолды бір сілтеп, «жері құрысын» деуге мәжбүр болып отыр.

 

Әгәрки дәл осы қытайлықтарға жеріміз ұзақ жылға жалға берілетін болса, ең алдымен сол жақтан көшіп келген қандастар өре түрегелетінін ел білсе екен деймін. Себебі Қытайдан келгендер олардың қандай екенін бес саусақтай біледі. Білгесін болашағына қандай қауіп төніп тұрғанын түйсінеді. Осы мәселе Елбасымыздың құлағына жетсе, билік басында отырған азаматтардың назарына алынса деген тіле­гіміз бар».

 

...Аралбай Қожамсейітұлы осылай деп дабыл қағып отыр. Жарты ғасыр өмірін Қытай жерінде өткізіп, олармен қоян-қолтық араласып, бірге жұмыс істеген азаматтың жанайқайы жерде қалмас деген үміттеміз.

 

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ