Академия 3 миллиард теңгеге сатылды

23.02.2018
Қаралды: 1205

Үкіметтің 2011-жылғы 9-тамыздағы қаулысымен бекітілген Жекешелендіру нысандарын сату қағидасына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы таяуда жеке меншікке сатылып кетті. Ол өткен жылдың 27-қарашасында сатылымға қо­йылған болатын.

 

Бұл оқу орнының ендігі иесі – есімі елге белгілі шымкенттік кәсіпкер, аты-жөні «Форбс» журналының тізіміне енген азамат Серікжан Сейітжанов. Кәсіпкер фармацевтика академиясын арнайы конкурс жарияланғаннан кейін араға ай салып, яғни 26-желтоқсанда сатып ал­ған.

 

Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электронды тендер ар­қылы саудаланған фармацевтикалық академияның бастапқы құны 2 миллиард 206 миллион 58 мың теңгені құраған екен. Сондай-ақ сатып алушыға аталмыш нысанды 10 жыл бо­йына өзінің негізгі бағытын сақтап тұру шарты міндеттелген.

 

Қолда бар мәлімет­терге қарағанда, С.Сейіт­­жанов бұл оқу орнын 3 миллиард 40 миллион теңгеге сатып ал­ған. Бұл туралы мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында арнайы мағлұмат жарияланды.

 

Шымкент фармацевтика академиясының құрылтайшысы ауысар қарсаңында бұл оқу орнының басшылығында да өзгерістер орын ал­ды. Ол жерде осыған де­йін бірнеше жыл бойы ректор болып жұмыс істеп келген Бақытжан Дербісәліұлы Сексенбаев бұл қызметтен босатылды.

 

Академияға жаңа ректор болып Мырзабек Мырзашұлы Рысбеков тағайындалды. М.Рысбеков 1958-жылы туылған. Медицина ғылымдарының докторы. Кезінде Мәскеуде КСРО медицина ғылым академиясында аға лаборант, ассистент, доцент, деканның орынбасары болған. Кейін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында  –  проректор, Денсаулық сақтау минис­трлігінде департамент директоры болып еңбек еткен.

 

...Сонымен облысымыздағы жалғыз медициналық оқу орны мемлекеттен бөлініп, жеке адамның қолына өтті. Бұл өзгеріске орай келешекте білім беру сапасы қандай деңгейде боларын уақыт көрсетеді. Жақсы болатын шығар деп үміттенейік.

 

 

М. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ