Вундеркинд бала ерекше бағдарлама ойлап тапты

23.02.2018
Қаралды: 573

Небәрі 12 жасында мектепті тә­мамдап, өз қатарластарының ал­ды болған вундеркинд бала Абзал Мыр­заш­ты «Замананың» тұрақты оқыр­мандары жақсы таниды деген ой­дамыз. Былтыр біз оның қа­рым-қабілеті, тыныс-тір­шілігі жөнінде га­зе­тімізге жазғанбыз.

 

Абзал Мырзаш бүгінде Қазақ-британ техникалық университетіндегі Ақпараттық технологиялар факуль­тетінің 1-курсында білім алып жатыр. Оқудан бөлек, еліміздің қоғамдық өміріне, мемлекеттік маңызы бар істерге етене араласып жүрген жайы бар. Мәселен, вундеркинд бала таяуда латын әліпбиінің жаңа, өзіндік нұсқасын ойлап тауып, елді елең ет­кізіп еді. Енді ол ерекше бір бағдарлама ойлап тауыпты. Біз осы туралы естігесін Абзалдың өзіне хабарласып, мән-жайды білмек болған едік. Телефон тұтқасын оның әкесі Дәуренбек Нысанов көтерді.

 

«2017-жылы күзде, латын әліпбиі талқыланған тұста Абзалымыз латын алфавитінің өзіндік нұсқасын жасап шықты, – дейді әкесі. – Сөйтіп былтыр қыркүйек айының 18-і күні онысын Ақордаға, Елбасыға жолдаған болатын. Бірақ одан ешқандай жа­уап келмеді. Сөйтіп жүргенде латын әліпбиінің апострофтық нұсқасы қабылданып кетті. Бірақ бұл нұсқа да қарапайым халық арасында қызу тал­қыға түсіп, жұрттың сынына ілінгені баршаға мәлім. Көпшіліктің осындай көзқарасынан кейін әрі билік басындағы азаматтадың «апострофтық нұсқаны әзірге қолданбаңыздар» деген сөзін естігесін Абзалымыз алдыңғы жасаған әліпбиін өзгертіп, кем-кетігін толықтырып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жолдады.

Абзал өзінің нұсқасында 42 әріп­ті сақтап қалды. Себебі бұл әріптер сақталмаған жағдайда қазақ жа­зушы­ларының, тарихшыларының, ақын­­дарының, ғалымдарының бұ­рын жазылған еңбектері жойылып кетуі мүмкін. Ондай болмаған күннің өзінде қазақ-латын әліпбиіне көшіру мүмкін еместігін айтып отыр. Себебі бізде өзге тілден енген сөздер көп. Олар сол қалпын сақтап қалған және бұл – басты қиындық тудырушы. Одан қала берді, кириллицадан латынға аударма жасаған кезде әріптер толық болмаса, әріптердің жетіспеуінен аударма дұрыс жасалмауы мүмкін. Бірақ Тіл білімі институтының мамандары бізге: «Сіздің жасаған нұсқаңызда 7 диграф, 1 триграф кездеседі. Ол сөздің тұрқын ұзартады, оқылуы қиын болады», – деп жауап беріпті.

 

Шындығына келсек, Абзалдың жасаған нұсқасы өте тиімді болып тұр. Оны бізге әлеуметтік желілер арқылы небір мықты тіл мамандары, филолог-ғалымдар айтып жатыр. Енді біз қарапайым халық арасынан Абзал жасаған латын әліп­биіне қатысты пікір жинап жатырмыз. Көпші­ліктің көзқарасы қазір жақсы. Таяу уақытта біз бұл нұсқаны тағы да тиісті орындарға жолдайтын боламыз».

 

Вундеркинд баланың әкесі осылай дейді. Ал Абзал әліп­биден бөлек, компьютерлік бағдарламалар жасаумен әуестенуде. Ол таяуда кез келген кітапты өзі жасап шыққан латын әліпбиіне айналдырып бе­ре­тін ерекше авторлық бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды.

 

«Менің бұл бағдарламаны жасауға үш-төрт сағат уақытым кетті. Әзірге мұның екі нұсқасын жасап қойдым, – дейді Абзалдың өзі. – Бірінші нұсқасы – тұтынушылық, яғни келген адамның қолдануына ыңғайлы. Ал екіншісі файлда тұрған документті оқиды, латын алфавитіне айналдырады, сосын жаңа файл шығарып, әлгі аударманы соған салып береді. Бастапқыда бұл бағдарлама кішкене баяу аударатын еді, әбден зерттеп, қосатынын қосып, алатынын алып едім, жылдамдығы арта түсті. Енді қазір ол бағдарлама небәрі 38 секунд ішінде 135 миллион 400 мың символды өзгертуге қауқарлы. Яғни оның ішінде үтір, нүкте, «пробел», басқа да тыныс белгі­лері, бәрі кіреді. Шамамен кітаптың бір бетінде екі мың символ бар деп есептесек, онда «Абай жолының» бір томын бірнеше секундта латын әліп­биіне айналдыруға болады».

 

Абзал енді кез келген кітапты көз ілеспес шапшаңдықпен аударып шы­ғу­ға болатын бағдарламасын патенттеп алмақ ниетте. Себебі бүгінде аталмыш бағдарламаға қызығушылық танытып отырғандар көп екен.

 

Қазақ жастарының арасында Абзалдай озық ойлы өрендеріміздің барына біз шын жүректен қуанамыз. Біз Абзалға тіл-көзден аман болсын, еліне еңбегі сіңіре берсін деп тілек қосамыз.

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ