Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі аппелляциялық сот алқасы Шымкенттегі жедел жәрдем жүргізушісіне қатысты шешім шығарды.
16 жыл жедел жәрдем стансасының бас дәрігері, әрі қалалық мәслихат депутаты Гүлнәр Құрманбекованың жүргізушісі болған Әлішер Тұрсынқұлов былтыр сәуір айында бастығы жайлы: «Ауызбастырық бергендерді ғана жұмысқа алады», – деген болатын. Өзі арада амалсыз делдал болып, осы «ауызбастырықты» тасығанын айтқан-ды. Бірақ осыдан кейін Тұрсынқұловтың өзінің басы дауға қалды. Өйткені бас дәрігер бұл ақпаратты жоққа шығарып, бұрынғы жүргізушіне қарсы арызданды.
«Ол маған адамдарды алдап, сіздің атыңыздан жұмысқа орналастырамын деп ақша алдым деді. Тіпті сенің күнің осымен бітті деп, мені бопсалап, ақша талап етті», – дейді Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекова.
Осылайша Тұрсынқұловтың өзіне «пара алу» және «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалған болатын. Өткен жылдың 29-желтоқсанында Еңбекші аудандық соты жүргізушіге қатысты үкім шығарды. «Бастығыма тасыдым» дегенін дәлелдей алмаған Әлішерге 8 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және өмір бойы мемлекеттік мекемеде қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағылған еді. Алайда айыпталушы тарап сот шешімімен келіспей, жақында облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген болатын. Үкім өзгеріссіз қалды.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!