Дәурен Дүйсебай – «NAR ТV» телеарнасының директоры

15.02.2018
Қаралды: 855

Әріптесіміз Дәурен Дүйсебай облыстық «НАР ТВ» телеарнасының директоры қызметіне тағайындалды. Осыған орай біз оны құттықтап, бірер сұрақтарымызды қой­дық.

 

 

– Дәурен, жұртшылықтың «NAR ТV» телеарнасының жаңа басшысы туралы кеңірек білгісі келері анық. Әңгімені  еңбек жолыңнан бастасақ.

 

– Журналистікпен қатар заңгерлік мамандығым бар. Оқуды бітіргесін  жұмысты ішкі саясат саласынан бастағанмын. Кейін біраз газеттерде жұмыс істедім, кезінде «Заманада» штаттан тыс тілші де болғанмын. Облыстың бірнеше басқармаларында бас маман, бөлім бастығы болып істедім, облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметінде де еңбек еттім. Еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде бас консультант, бас сарапшы болдым.

 

Телеарнадағы жұмыстан да тәжірибем жоқ емес. Кезінде «TVK» телеарнасында істегенмін, кейін «Аgro tv» басшысының орынбасары қызметін атқардым.

 

– Одан кейін Сайрам ауданы әкімінің баспасөз хатшысы болып тағайындалған едің...

 

– Мен ол қызметті қазір де қатар алып жүрмін.

 

– Өзіңе сеніп тапсырылып отырған «NAR ТV»-ны жас телеарна деуге болады. Қазіргі аяқ алысы қалай?

 

– Қазіргі таңда біздің телеарнаны Шымкент қаласынан бөлек, Төлеби, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы, Арыс аудандарының жұртшылығы көріп отыр. Бұл оның 1 миллион 500 мыңдай халықты қамтитындығын білдіреді. Телеарнаның 2015-жылдың  мамыр айынан бастап эфирге шыққанын ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес деп ойлаймын. Бізді әр он адамның үш-төртеуі біледі десек болатын шығар.

 

– Арнаның негізгі бағыт-бағдары қандай?

 

– Телеарнамыз ақпараттық, ойын-сауықтық бағытта жұмыс істейді.

 

– Ұжымдарыңда қанша адам бар?

 

– Қазір ұжымымызда 20-дан астам адам жұмыс істейді. Олардың дені жас мамандар. Біразы облыстағы басқа телеарналарда жұмыс істеп, машықтанған жандар.

 

– Жұртшылық «NAR ТV»-ны қалай көре алады?

 

– Облыс тұрғындары біздің телеарнаны «Otau tv», «Дana tv», «Аlma tv» және «ІD tv» цифрлық эфирлік желілерінен көре алады.

 

– Алға қандай мақсат қойып отырсыңдар? Жоспарлармен бөліссең...

 

– Жоспар көп. Салт-дәстүрді,  тарихи орындарды жаңғыртуға, еңбек адамын және оның еңбек арқылы жеткен жетістіктерін  насихаттауға, экономикалық даму бағытындағы әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетуге, елдегі проблемалық мәселелерді, олардың шешілу жолдарын көрсетуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ түрлі ойын-сауық бағытында да біраз жобалар бар.

 

Жалпы, телеарнамыз облыста өзіндік орынға ие. Өтіп жатқан барлық іс-шараларға қатысып бағудамыз. Басты мақсатымыз – көрерменге сапалы дүниелер ұсыну, жұртшылықтың ықыласына бөлену.

 

– Ендеше, мақсаттар орындалсын, абырой биігінен көріне берулеріңе тілектеспіз.

 

Сұхбаттасқан – Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ