Марқұм болған адамды неше күн түнеткен дұрыс?

14.02.2018
Қаралды: 1011

Халима Тәжіқұл: Осыны сұрайыншы дегеніме көп болды: біраз уақыт бұрын Шымкентте тұратын туысымыз бақилық болды. Операциядан соң оянбады, екі күн комада жатып, арғы дүние­ге аттанып кетіпті, иманды болсын. Түнгі 2-де үзіліпті, бізге хабар 3-те келді. Ертең жерлейтін шығар, топырақ салуға үлгерермін деген үмітпен әкем таңғы 7-дегі пойызбен жолға шықты. Сөйтсе, туысымызды 12 сағат өткенде, яғни түс ауа жерлеп  қойыпты. Әкем, әрине, үлгерген жоқ,  Мен 1996 жылдан бері Арқадамын, осы жақтың келінімін. Бұл жақта ағайын-туыс арасында бақилық болған кісіні жөнелту кезінде көмектесіп жүреміз ғой. Содан білетінім, қайтқан кісіні бір түн өз үйінің босағасында оң жақ­қа жатқызып, үлкен кісілер түн күзетіп, дәлел оқиды. Таң атқан соң күн төбеге көтеріл­генше жаназасын шығарып, мәңгілік мекеніне жерлеп үл­ге­реді.

 

 

Әкемнен сонда оң жаққа жатқызбады ма, дәлел оқымаған ба деп сұрап жатырмын ғой. Шешемнің сөзінше, мәйітті моргтан әкелген соң жуындырып, жаназасын шығарып жерлеп қойыпты. Сол ауданның молдалары (имамдары) қайтқан кісіні күттірмей жерлеу ке­рек депті. Туысымыз көп жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген, шешем сол өздерін­дегідей (Өзбекстандағыдай дегені ғой) өзбекшелеп жер­леді-ау деймін деп қояды. Осы жайды осындағы бір таныспен сөз қылып ем, имам анандай (уахаб) емес пе екен дейді.

 

Енді сұрақ: ол имам да, біз­дің жақтың (Арқаның) имам­дары да мүфтияттың бекіткен өкілдері емес пе? Ендеше кісіні жерлеу рәсімі неге екі түрлі? Мәйіт бұзылып кетеді дейтіндей жаз мезгілі де емес.

 

Нұртай Лахан: Қарақалпақстан қазақтарынан осындай үрдісті байқадым.

 

Бауыржан Бабажанұлы: Қарақалпақстанда екі күн түнетіп, үшінші күні жерлейді.

 

Айгүл Болатханқызы: Апыр-топыр көме салатындар көбейіп келеді. Құдай сақтасын! Қазақ екі күн түнеткен ғой әрбірден соң. Қазіргі дүм­шелердің уағызы өтіп жатыр не болса да. Жыламау керек дейтіндерін қайтесің...

Жадыра Темірғали: Иә бізде үшінші күні дегенде шығарады, таңғы 9-да.

 

Құралай Ізбасарова: Артық сөйлеуге де қысыласың, жас өлімді де жоқтамайды Атырауда.

 

Айгүл Болатханқызы: Жоқтау – өлімнің «сәні», қала берді тірі адам үшін ғой. Запыраны ішке түсіп ауру боп қалмауы үшін, өлімді құрметтеу – аруақты сыйлау емес пе...

 

Мереке Тажигалиева: Әкемнің қарындасы қайтыс болып, біздер ағайындар жиналып барып отырмыз. Сонда үлкен апаның айтқаны әлі күнге есімнен кетпейді. «Ба­уырым» деп айтып жоқтаңдар, жоқтаусыз кеткен адам, жо­ғал­ған малмен бірдей дегені.

 

Гауһар Жолмаханбет: Ұйғырларда таңертең өлсе, түсте жерлеп тастайды әй­теуір.

 

Әтіргүл Тәшімова: Өзбек ағайындар да солай. Совет кезінен солай. Қалайда үзілген күні жер қойнына табыстайды.

 

Аятжан Ахметжанұлы: Біз жақта екі күн түнетіп, арғы-бергі ағайын-туысқаны толық жиылған соң, жаназасын шығарып жерлейді. Алты жыл бұрын анам қайтыс болғанда Астанадан екі жарым мың шақырым ауылыма топырақ салуға үлгергенмін. Апыр-топыр жерлеу... білмеймін... бір түр­лі...

 

Әтіргүл Тәшімова: Қара жамылып қайғырып отырған үйде қазан асылмайды. Тамақты ағайындар көрші үйде ұйымдастырады. Онда да алыстан келген туыстары болса. Қаралы үйде 3 күнге дейін қазан асылмайды. Осы дәс­түрі ұнайды.

 

Ербол Айтназарұлы: Үш түнетіп шығарады ғой негізі.

 

Халима Тәжіқұл: Жазда бір әжейді екі түнетті.

 

Aіbek Turaruly: Ағайын-туыс жиналып, барлық шаруасы дайын болған болар. Әдетте қарт кісіге дайындалып отырады ғой.

 

Халима Тәжіқұл: Ауылдағы ағайындар түгел жинала алмапты. Бәрі ертең жер­лейді деп ойлап қалған ғой.

 

Botagoz Uatkan: Діни ғұлама ғалым Халифа Алтай атамыз «түнде қайтқан адамды түске дейін, түстен кейін қайтса ымырт болмай жерлеу керек» деп отырғанын өз құлағыммен естігенмін. Өзін де солай жерлеуді өсиет еткен, бірақ біздің молдалар 2 қондырып, ол кісінің аманатын орындаған жоқ.

 

Aіbek Turaruly: Біз жақта үш күн күтеді, алыстан аға­йын-туыс келгенше. Егер одан ерте келсе, жерлеуге бәрі дайын болса жерлей береді. Әдетте қайтқан күнінің арғы күні қабір қазылады. Үшінші күні жерлейді.

 

Айгүл Болатханқызы: Жоқ енді көлік апатынан, кісі қолынан бақилық болып, сақтауға келмейтіндей болса екен... Мынау қорқынышты ғой, апыр-топыр...

 

Aіbek Turaruly: Баяғыда қаладағы ағайындарымыздың көршісі қайтқан. Балалары уахабилі жолға түсіп кеткен. Ауруханада түскі үште қайт­қан, балалары апарып бесте жерлеп тастапты. Уахабистер Атырауда жаңа бой көрсетіп жатқан кез еді.

 

Жәнібек Нұрыш: Кемі бір түнетеді. Оңтүстіктенмін. Ауы­лымда солай, кемі бір түнетеді.

 

Әтіргүл Тәшімова: Бір түннен артық ұстамайды Түр­кістан өңірінде.

 

Уайс Ерсайынұлы: Қыста үш түн, жазда екі түн. Бір түн аз.

 

Дәулет Серікбай: 2 түнету керек. адам жаны 3 күн үйімен қоштасады дей ме, сондай ырым бар.

 

Құралай Ізбасарова: Ға­йыптан та­йып, қайта тірілуі де мүмкін деген.

 

Тұрсын Қалимова: Құралай ізбасарова, сіздің айтуыңыз орынды. Тап осындай жағдайлар болған. Қасиетті адамдар үш күннен соң қайта оянған оқиғалар болған. Сондықтан бұрынғылар үш күннен соң жерлеген. Атырауда екі күн түнетіп, үшінші күні жер­лейді. Үш түнеткен жағдайлар болып тұрады.

 

Серғали Балажан: Жез­қазғанның имамы жерлеу мен жаназаға байланысты пәтуа шығарыпты. Бәріне тыйым сала берген. Демек, ертең ар­қада да асығыс-үсігіс жер­леніп жатса таң қалмаңыз. Жез­қазғанда кімдердің ық­палды екенін жақсы біле­сіздер ғой.

 

Айгүл Болатханқызы: Клиникалық өлімнің бар екені рас қой, рас. Осыны қазақтар ертеден-ақ білген. Алыс-жақын туыстарының келіп, бір уыс топырақ салатыны тағы бар. Ұлттың өзіне тән дәс­түрін шариғатқа неге жазуы керек, осыны түсінбедім...

 

Ербол Айтназарұлы: Бір ғалымның айтқаны бар еді, атын ұмытып отырмын. «Дін жергілікті халықтың наным-сенімі мен салт-дәстүріне қа­рама-қайшы болса терроризмге әкеп соғады», – деген.

 

Ғабит Абдуллаев: «Өлікті жерлеуге, қарызды құтылуға асығу керек» деген хадисті жұма уағызынан естігенмін және ҚМДБ бекіткен кітаптан оқығанмын.

 

Айгүл Болатханқызы: Қазақтың төл дәстүрі неге шариғатқа жазылуы керек? Қазақ ислам дінін қабылдағанға дейін дәстүр-салты қалыптас­қан халық болды. Жұмырт­қадай бітеу бірдеңенің ішінде өмір сүрген жоқ қой. Дін деген құбылмалы ғой, құрысын... Бірақ мұны түсінетіндер аз. Оларға салсаң, ұлттың ұлттық салтын, наным-сенімін жоқ қылғысы келеді.

 

Мұрат Балабай: Бала кезімізде Қызылордада 2-3 күн түнететін. Қазір бір күн түнетіп жүр. Қазір қоғам да мобильный болып кетті. Нарықтың заманы. Қайтыс болған үйді әбігерге салғысы да келмейтін шығар. Сонымен бірге, бұрынғыша 3 күн жүретін туған-туыс та жоқ-ау. Ең жақын туыс болмаса. Барлығының жұмысы бар.

 

Тұрсын Қалимова: Әңгіме алыс-жақын ағайынды күткеннен емес, ағайын-аууу. Бұ­рынғ­ылар адам дүниеден өт­кен соң, үшінші күн дегенде жерлеген. Себебі қайтыс болды деген адамдардың үшінші күні қайта оянып кету оқиғалары жиі кездескен. Сондықтан Аты­рау мен Маңғыстау өңір­ле­рі осы дәстүрді сақтап отыр.

 

Мұрат Балабай: Бір жағынан тез көму тұрмыстан туындаса керек-ті. Бұрындары 99 пайыз туыс жақын орналас­қан еді. Қазір бүкіл Қазақстан­ға таралып кеткен. Олар жолын есептегенде 4-5 күн жүре алмайды. Көңіл айтуға келген адам, жаназасына қатысып кетсін деген шығар.

 

Мәриям Асанова: Қазақтан басқа туысқан ағайындар мүрдені үйде қондырмауға тырысады. Естіп-көріп жүргенім ғой... Бізде ғой, «алыстағы ұлы келсін, күтейік» деп ұстап қалатын... Бұл сұраққа мамандардың жауап бергені абзал-ау.

 

Ербол Айтназарұлы: Қайта тіріліп кету сәттері бол­ғандықтан күтетін бол­ған. Америка ғалымдары өлген адамның 45 күн бойына жүрегі жұмыс жасайтындығын дәлелдеген.

 

Нағима Барақ: Ертеректе оқыған кітаптарымда, бұ­рын­ғы кезде таңертең қайтыс болған адамды, ұзақ ұстауға болмайды деп, түстен кейін жерлеген. Ол кезде жаз айларында ұстау да қиын бол­ған болар. Ол кез транспорттың жоқ уақыты.

 

Makhsat Yerbolat: Негізі мүрдені ұзақ ұстамаған дұрыс қой. Не сән ол туыстары қоштассын деген?! Соны түсіне алмадым. Негізі бұл туралы, Бас мүфти бір тәртіпке сал­ғаны дұрыс болар еді. Өйткені әр жерде өз бетінше, әр түрлі рәсім жасап жатады. Сондықтан түсінбеушіліктер орын алады.

 

Рысгүл Қалмұратовна: Өлген адамды көмуге асығу керек екенін естігем, жұма күні 12-ге дейін көметінін білемін қасиетті күн деп, бей­сенбі күні түс ауа жерлейді. Өзбекстанның жаназасында болғам, жуындырып болғасын беттерін ашып қойып көзіне тиын қойып (көзі ашылып кетпес үшін) жоқтап жылайды, қоштасып кейін шығарады. Негізі әр елдің салты басқа екен. Мысалы, Қазығұртта күйеу балдар жерлеуге мазар­ға барады екен, ал бізде, Жетісайда күйеу балдарға баруға болмайды екен, себебін білмеймін бірақ...

 

Makhsat Yerbolat: Негізі елде діни рәсімге қатысты әр жерде әр түрлі нанымдар көп. Осыны Бас мүфтият нақты бәр шешімдер шығарып, реттеп берсе ғой.

 

Айбар Абайұлы: Діни түсінікте жерлеуге асығады: негізінен 2-3 күн оң жақта жат­қызған дұрыс. Адамды адам қалай қияды? Өлді дегенге сене алмайсың жақыныңды. Өзімнің жүрегім сене алмайды. Кейде тірі екен ғой деп түс көріп оянамын. Әбден көз жеткізгенше оң босағада болғаны дұрыс.

 

(«Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі пікірталас негізінде дайындалды). 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ