Парақорды ату жазасы ғана азайтады

14.02.2018
Қаралды: 896

Елімізде күн сайын парақорлардың ұсталып жатқанына қарап қатты ойланамын. Біздің елімізге не болған, қайда бара жатырмыз осы?

 

Парақорлар пара бергендерді өз еркімен берді деп ойлайтын шығар. Жоқ, олай емес, олар параны алушыға жеті атасына дейін қарғап-сілеп, амалы жоғынан береді. Ал қарғыстың аты – қарғыс, ол бәрібір де жібермейді.

 

 

Биыл менің жасым 76-ға толады. Ке­зінде облыстық дәрежеде жұмыс істедім, ғалым-агрономмын. Совхоздан бастап, облыстық басқармалардың біраз сатысынан өтіп, аман-есен зейнетке шықтым. Маған да уақытында пара ұсынғандар болған, мен оларды жетесіне жеткізе айтып, екінші мұндай нәрсеге бармайтындай етіп шығарып салатынмын, солар қайтып ондай жол­ға бармайтын.

 

Ал қазіргі кезде барлық саланы парақорлық жайлап тұр. Ол енді өнер адамдарына да жұқты. Бүгінде теледидарды қойсаң күнде екі-үш парақор ұсталғанын естисің. Бейне бір бүкіл Қазақстанда дені сау таза адам қалмағандай әсер етеді. Қазір мұғалім болуға, тіпті еден жууға да жұмысқа пара беріп кіретін болған. Бұл өзі заңдылыққа айналып бара жатқандай.

 

Меніңше, заңды әсіресе осы пара­қорлар­ға, маньяктарға, адамды қасақана өлтір­гендерге барынша қатайту керек, бұларды тек ату жазасы ғана азайтады. Мысалы, Қытайда парақорларға өлім жазасы қолданылады, сондықтан онда тәртіп бар.

 

Осы орайда парақорларға былай дегім келеді: «Ей, ағайындар! Құдай саған бақ берді, астыңа тақ берді. Халқың үшін еңбек ет, ішіңе ешнәрсені бүкпе, турашыл, адал, таза бол деді, керек жерде халқың үшін қаза бол деді. Осыны есте ұстау керек. Сонда ғана Құдай сендерді қолдайды».

 

Ал ұрлықтың құйрығы бір-ақ тұтам, бәрібір ерте ме, кеш пе, қылмысың ашылады, оған күмәнің болмасын. Сондықтан әділ болыңдар, таза жүріңдер! Сонда ғана өмір жастарың ұзақ, бала-шағаларыңның алдында жүздерің жарқын болады.

 

А. ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ