Бір жүкті әйел гепатиттен қайтыс болды

14.02.2018
Қаралды: 352

Шымкенттің Еңбекші ауданында 2018-жылдың қаңтар айында вирусты гепатиттің А түрімен екі аумақта 3 баладан ауырғаны тіркелді. Олар бұл дертке ата-аналары оған қарсы екпе жасатудан бас тартқандықтан ұрынып отыр. Ал бір жүкті әйел дәрігерге кеш қаралып, В гепатитінің асқынған түрінен қайтыс болды.

 

 

Бұл ауру туралы біле жүрген жөн. Ол – А,В,С,Д және Е секілді 5 гепатит вирусының бірі тудыратын бауырдың қабынуы. Онымен кез келген жастағы адамдардың ауыруы мүмкін. Соңғы жылдары балаларға вирусты гепатиттің А және В түріне қарсы жоспарлы түрде вакцина егілуде, сондықтан олардың арасында мұндай ауру атымен жоқ. Вакцинация – ең тиімді профилактика.

 

Жалпы алғанда, бұл вирустардың берілу жолдары әртүрлі. А және Е вирустық гепатиті азық-түлік пен су арқылы, В және С вирустық гепатиті қан мен ағзадағы басқа сұйықтар арқылы жұғады. Ал Д гепатитінің ағзада В гепатитінің вирусы болған жағдайда жұғуы мүмкін.

 

Бұл вирустар бауырды зақымдайды, ол шаршау, тәбеттің жоғалуы, дене қызуы­ның көтерілуі мен терінің сарғаюы арқылы сипатталады. Кейбір адамдарда гепатит асқынып, оны өлімге апаруы мүмкін. В және С вирустық гепатиті созылмалы түрге айналып, цирроз бен бауыр обырының дамуына соқтыруы ықтимал.

 

Бұл инфекцияның клиникалық бел­гілері мынадай: Нау­қас үнемі әлсіздік пен шаршау сезінеді, тамаққа тәбеті жоғалады, жүрегі айниды. Ол оң жақ қабырға астының ауырлауын немесе жайсыздығын сезінеді, несеп түсі қарая­ды, нәжіс өзгеріп, ақшыл түске енеді. Сондай-ақ дененің әр тұсында сарғаю байқалады.

 

Бұл аурудың алдын-алу үшін мынадай сақтық шаралары сақталынуы тиіс:

 

А және Е гепатитінен қауіпсіз азық-түлікпен және сумен қамтамасыз ету; таза сумен үнемі қолды сабындап жуу немесе құрамында спирті бар бір реттік майлықпен сүрту арқылы жеке тазалықты сақтау; А және В гепатитіне екпе жасау кезінде донорлық қанды тексеру; В және С гепатитінен зарарсыздандырылған инъекциялық құрал немесе инфекциялық бақылауды қамтамасыз ету; жеке тазалық құралдарын (ұстара, маникюр құралдары, қайшы және т.б.), косметикалық шараларды (татуировка, пирсинг, т.б.) арнайы лицензиясы бар мекемелерде жасату; кездейсоқ жыныс­тық қатынастан аулақ болу; медициналық шараларды тек медициналық мекемелерде алу арқылы вирустық гепа­титтің жұғуының алдын алуға болады.

 

Вирусты гепатиттің белгілерін бай­қасаңыз, онда тез арада  дәрігерге қаралып, тексерілгеніңіз жөн. Осы аурумен күресудің ең тиімді жолы вакцина егу болып саналады. Сондықтан балаларыңызға гепатитке қарсы егуін Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес уақтылы жасатыңыз.

 

А. ТӨЛЕБАЕВ,

Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ