«Азаматтық неке» дегенге қарсымын

14.02.2018
Қаралды: 422

Теледидарда көрсетілетін «Пендеміз ғой»  ток-шоуында «Қыз емеспін» деген тақырыппен бағдарлама көрсетіліпті. Бұл жөнінде «Замананың» биылғы 2-ші нөмірінде Тұрсынхан Төрегелдиев есімді азамат мәселе көтерді. Мен де осы «қыз емеспін» деп ұялмай-қызармай жар салғандардан шошимын. Бұған байланысты менің де айтарым бар.

 

 

Қазақ «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп босқа айтпаған. Сол қыз еместердің тікелей кесапатынан тастанды балалардың, жетім балалардың саны артып жатыр, туа сала сәбилерін дәретханаға, жол бойына, қоқыс жәшігіне тастау жиілеп кетті.

 

«Күнәдан пәк» деген сөз – қыздар үшін қойылатын ең жоғарғы баға. Оның болашақ күйеуі, әрине, пәк болғанын жан-тәнімен қалайды. Қазақ «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деп босқа айтпаған. Бабаларымыз бұл жағына аса көңіл бөлген. Ал қазір оған көңіл бөлу азайып бара жатқан сияқты, мұның түбі жақсылыққа апармайды.

 

Мен Өзбекстанда туып-өскенмін, ол жақта қазір де пәктікке аса мән береді, егер алған қызы пәк болмаса ертесіне оны үйіне апарып тастайды. Сосын қарабет болған оның қайтып күйеуге тиіп бақытты болуы екіталай. Ал алданып олар­ға үйленгендер­дің көңі­лінен күдік өмір бойы кетпейтін болады.

 

Өзім 5 қыз, 2 ұлдың әкесімін. Қыздарымның бәрін де құтты жерге қондырған жайым бар. Қазір олардан 30-дан аса немере, 12 шөбере көріп отырмыз.

 

«Қызға – қырық үйден тыйым» деген сөз босқа айтылмаған. Егер әке-шешесі дұрыс тәрбие беріп, қадағалап отырса ешқандай қыз келеңсіз жағдайға ұшырап масқарасы шықпас еді. Сондықтан мектепте аптасына бір рет осы қыздардың есейе келе не істеуі керегі жайлы оқытса артық болмас еді. Өйткені қазір мектеп қабырғасында жүріп-ақ жүкті болған қыздардың көбейгенін естіп жүрміз. Неге бұлай? Олар неге өз болашағына балта шабады, неге немқұрайдылыққа бой ұрады?

 

Айналайын қыздарым, сендер келешек ұрпаққа жарық дүние сыйлайтын анасыңдар, ұрпақтарыңның таза, ақылды да намысты болуы сендерге байланысты. Менің жасым 76-да. Кезінде біз де жас болдық, сол кездегі қыздар бізге қолдарын да ұстатпайтын, оның бетінен сүю немесе басқа да бір ойлар бізде де, оларда да болмайтын.

 

Мен тағы бір нәрсеге – азаматтық некеге қарсымын. Бұл да бір Еуропадан келген сайқымазақ тірлік деп есептеймін, мұсылманға жат нәрсе, содан сақ болыңдар. Теледидардан азаматтық некеден туған балаларына не тууы туралы куәлік, не жәрдемақы ала алмай зар жылап жүргендерді көргенде жаным ашиды. Неге заңды некеге тұрмай бала туады, кім соны зорлап әйел еткен, неге өз басын қорғай алмайды? Сол некесіз туған балалардың көз жасын, келе­шегін ойласаңдаршы!  Сақ болыңдар, нәп­сіден басқаны ойламайтындардың арбауына түспеңдер!

 

Қ. АЙДАРБЕК.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ