Ең қиыны – өзіңді ұстау бүгінде...

14.02.2018
Қаралды: 758

«Жүректен шыққан 100 өлең» топтамасы

 

 

Күшті болу құпиясы

 

Өмірде бар әр нәрсенің өлшемі,

Адам да сол өмірдің бір бөлшегі.

Айналаңа зейін салсаң, зерделеп,

Әрбір өлшем өзінше сыр шертеді.

 

Сипаттауды серік еткен көнеден,

Сыншыл еді біздің халық не деген?

Сол үрдіспен мен де өзімше топшылап,

Адамдарды үш санатқа бөлер ем.

 

Көп ойлайтын бүгінінен ертеңді,

Адамдар бар алға ұмтылған белсенді.

Көш бастаған көсемдей сол жандардың,

Соңына еріп, сөздеріне ел сенді.

 

Заңды түрде сый-құрметке бөленген,

Ондайларды АЛҒАБАЙЛАР дер ем мен.

Бірақ кейде басы тасқа соғылар,

Аяғынан шалатын бар төменнен...

 

Ал енді бір адамдар бар жап-жақсы,

Әсерің де жаман болмас алғашқы.

Көңіліңді қалдырмайды ол әсте,

Тірлікке де тиянақты, жан-жақты.

 

Бірақ онда құдірет аз лапылдар,

Артта қалмай, жұрттың сөзін мақұлдар.

Бұл кәдімгі МАҚҰЛБАЙ ғой, білдің бе,

Ренжітпесе, оған қандай датың бар?

 

Үшінші топ бұлардан сәл өзгеше,

Іс қылар тек өзінікін жөн десе.

Сүйрегенмен соңыңа көп ермесе,

Шараң қайсы айтқаныңа көнбесе?

 

Кертартпалау, емес бірақ тым арсыз,

Сөзің өтпей, іштей ғана тынарсыз.

«Қойшы!» деген жауабы әзір қашан да,

ҚОЙШЫБАЙДЫ таныған да шығарсыз?

 

Мүмкін сізге ерсілеу боп көрінер,

Міне, осындай үш топқа жұрт бөлінер.

Өзгертуің оңай болмас мінезді,

Өйткені бұл қан арқылы берілер.

 

Іс-әрекет, мінезі мен болмысы,

Ескерілсе, Алғабай ғой оңдысы.

Одан кейін Мақұлбай бар ортада,

Ал Қойшыбай саналады соңғысы.

 

Ойымыз жоқ мақтайтын не даттайтын,

Бірін мінеп, енді бірін жақтайтын.

Әр адамға құдай берген болмысты,

Сол болмыспен өмірге сен аттайсың.

 

Мұны білсең өзің де ойға батасың,

Осылардың қайсысына жатасың?

Қай қасиет басымырақ басыңда,

Соған сәйкес тағдыр дәмін татасың.

 

Кемшілігің болса егер де бойыңда,

Күш тапқын да іштей оны мойында.

Үлгі тұтар достар болса жанашыр,

Ұсақ-түйек мінің сенің уайым ба?

 

Зер сап қара жаныңдағы жандарға,

Ішкі түйсік сені сірә алдар ма?

Алғабайдай дос тұрғанда қасыңда,

Бұл өмірде алаңдайтын қам бар ма?

 

Сен де сондай биікке ұмтыл, бас алға,

Дүр сілкінбей, қосылмассың қатарға.

Бірақ кейде басқамен да санасар,

Мақұлбайсыз ісің алға басар ма?

 

Әрқашан да алдан күтпес керек іс,

Өмір кейде шатыр-шұтыр ерегіс.

Ондай кезде етегіңнен тартатын,

Қажет саған Қойшыбайдай тежегіш.

 

...Иә, досым, болса осындай үш кісің,

Қай кезде де еш уайымсыз бітті ісің.

Үшеуін де өлшем етсең өзіңе,

Ақылдысың, сабырлысың, күштісің.

 

Алайда оның алалама бірін де,

Дос буымен күпірлік қып, бүлінбе.

Ең қиыны – өзіңді ұстау бүгінде,

Дос алдында сыр алдырма, сүрінбе!       

 

 

Өткен шақ пен келер шақтың арасы

 

 

Тапқыр сөзге мүмкін емес қосылмау,

Сұрақ болса, серті оның – тосылмау.

...Өзі әлі бастауышта оқитын,

Қызым маған сауал қойды тосындау.

 

«Көке, – деді ол сынағандай сыңайда, –

Сізге осы үлкен болған ұнай ма?

Әлде сізге кішкентай кез жақсы ма,

Барасыз ба сәті түссе бір айға?»

 

Байқайсыз ба әңгіменің ауанын,

Кім саспайды ойлы болса сауалың?

Күмілжуге тура келді сол сәтте,

Содан кейін мынау болды жауабым:

 

«Орынды екен бұл сұрағың расында,

Тез өсуді кім ойламас жасында?

Үлкен кісі болғанға не жетеді,

Бала-шағам отыр, міне, қасымда».

 

Дедім оған марқайған бір көңілмен,

Өз жауабым дұрыс болып көрінген.

Алайда ол мен күтпеген сөз айтты,

Түйгені бар жан сияқты өмірден.

 

«Көке, – деді ол және ие боп тізгінге, –

Осы кезді сөз қылмайық біз мүлде.

Кіп-кішкентай бала болып жүргенде,

Ата-анаңыз бар еді ғой сіздің де.

 

Айтыңызшы, енді қазір ойланып,

Сізге осы ұнайтыны қай қалып?»

...Деген кезде құйтақандай қызыма,

Жауап таппай қалды тілім байланып.

 

Өмірдің бір қатпар тұсы жайында,

Сұраққа осы сіздің жауап дайын ба?

Жас баланы толғандырған кей сауал,

Үлкендердің жүре бермес ойында.

 

Бала кезің, өткен шағың – жырақта,

Сағынышың сарқылмайды бірақ та.

Өткен шақтан осы шаққа жеткенше,

Төтеп бердің қаншама ауыр сынаққа!

 

Бейғам күндер, алаңсыз сәт өтті тез,

Өткен шағың сен үшін ең тәтті кез.

Бәрі де онда тұнық, мөлдір, тап-таза,

Айналаңнан байқалмайтын жат мінез.

 

Солай болып көрінгенмен алайда,

Осы шақпен матаулысың қалай да.

Қызығың да, шыжығың да өте көп,

Оны тастап артқа қайту оңай ма?

 

Ал содан соң... толы ертеңге жоспарың,

Жылдар жылжып өте шығар қас-қағым.

Жақсы өмірге сен де ертерек жеткің бар,

Жанталасып жатқан кезде достарың.

 

Яғни сенің келер шақта – бар ойың,

Артта қалар әрбір аптаң, әр айың.

Асығарсың алғы күнге жетуге,

Елестетіп көзге жұмақ сарайын.

 

Осы мақсат жолында тер төгілер,

Ғұмыр көші бітпейтіндей көрінер.

Өткен шақ пен осы шақ һәм келер шақ,

Қамшыға ұқсап сабақтасып өрілер.

 

Мынау дүние сол қамшының сабындай,

Өткен күндер бұлдырайды сағымдай.

Ал артыңда қордаланып қап қояр,

Көп сұрақтың жауаптары табылмай.

 

...Бүгінде ойың перзентіңе алаң ба?

Өз өмірін сүрер бұл кез балаң да.

Ол өзінің ұл-қыздарын ойлайды,

Уақыт бөліп қарай бермес саған да.

 

Қанша жерден тисе де бұл шамыңа,

Бағынасың табиғаттың заңына.

Келер шаққа құлаш ұрсын олар да,

Көз салып қой ал сен өткен шағыңа!

 

Иса ОМАР. («Замана» кітабынан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ