«Дәрібаевтар» ансамблінің дәуірі жалғаса береді

14.02.2018
Қаралды: 892

Еліміздің мәдени өміріне отбасылық ансамбль деген жаңаша атау енген тұста өз өнерімен танылғандардың бірі – Дәрібаевтар отбасылық ансамблі еді. Олар сахна­ны ұлттық киіммен ажарландырып, халық әндері­мен көмкеріп шыға келгенде көрермен ризашы­лықпен қол соғатын. Қазақтың той-томалағында да Дәріба­евтардың әні шырқалатын. Ал қазір ол ансамбльдің жағдайы қандай? Шығармашылығында нендей жаңалықтары бар? Оны біз Дәрібаевтар ансамблінің негізін қалаушы Ибрагим Дәрібаевтың өзінен сұрадық.

 

 

– Ибрагим аға, жағдайыңыз қалай? Тұр­мыс-тіршілігіңіз күйлі ме? Бала-шаға, мал-жан аман ба?

 

– Алдымен жерлестеріммен «Ассалаумағалейкум!» деп амандасып ала­йын. Мен өздеріңізді сағынып қалыппын. Шүкір, бізде бәрі жақсы. Аман-есенбіз. Сүйікті «Замана» газеті «Дәрібаевтар» ансамблін іздеп жатса, қуана-қуана сұхбат беруден жалықпаймыз.

 

Сонау 1990-жылдары әр қазақтың тойында ғана емес, төрінде де Дәрібаев­тардың әні шырқалып тұратын. Ел іші тоқырап, жұтаңдай бастаған кезде біздің әндеріміз халыққа рухани демеу беріп, жүрегінен терең орын алды. Құдайға шүкір, әндеріміз әлі күнге дейін сұраныс­қа ие. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» демекші, әлі күнге дейін халық өздерінің мерекелік іс-шараларында өнер көрсетуімізді өтініп жатады.

 

Жалпы, әрбір адам бала кезінде белгілі бір өнер иесіне еліктеп өседі ғой. Сол секілді бізге сіздердің әндеріңізді тыңдап өстік қой деп жылы лебізін білдіретін қыз-жігіттер баршылық. Соларды естігенде одан сайын шабыттанып, қанаттанып, тіршілік етіп жүрген жайымыз бар.

– Әу баста ансамблдің құрамында қарындастарыңыз, ініңіз бар еді. Ол кісілер қазір қайда? Қазір ансам­блдің құрамында кімдер бар?

 

– Сол кездегі Дәрібаевтар ан­сам­блінің белді мүшелері Алтынай, Гүлбахар қарындастарым және Рақым есімді інім болды. Олар кейін табиғаттың заңымен, өмірдің ағымымен отау құрып кетті. Түрлі салада еңбек етіп жүрген жайы бар.

 

Ал енді ансамбльдің қазіргі құрамына келер болсақ, ең алдымен Құдай қосқан жарым Әлияны айтайын. Сосын ұлым Сәкен, Меруерт, Гүлден, Айя есімді қыздарым мен келінім Сұлушаш, не­мерелерім Таңшолпан мен Әйгерім бар. Қалғандары әлі кішкентай, Алла бұйырт­са, олардың да қатарға қосылатын күндері алыс емес.

 

Жалпы, әр адамның арманы соңынан ғибратты із қалдыру ғой. Сол сияқты «Дәрібаевтар» ансамблін балаларым, немере-шөберелерім жалғастырса деген арман-тілегім бар. Ансамбльдің құрамындағы ұл-қыздарымның барлығы дерлік музыкалық білім алған, дипломдары бар. Немерелерім де музыка мектебінде оқи­ды, әртүрлі аспаптарда ойнауды меңгеріп жүр. Ең бастысы, біз әрі отбасы, әрі ұжымбыз. Сол қалыптан таймай жүрсек, өнеріміз мұқалмаса екен деймін.

 

– Шымкенттен Алматыға қоныс аударғандарыңызға біраз жылдың жүзі болды. Содан бері өміріңізде, өнеріңізде нендей жаңалықтар болып жатыр?

 

– Оңтүстік Қазақстан облысында, үлкен, қарапайым отбасында дүниеге келдім, бала күнімізде қиындық болмады емес, болды. Бірақ «Бетінен қақпаған баланың көкірегі өр болады» дейді ғой, сол сияқты ол кісілер менің бетімнен қақпай өсірді. Еңбекқор етіп тәрбиеледі. Аллаға шүкір, сол еңбектің, таланттың  арқасында қазақ еліне танымал болдық. Содан өмірлік тәжірибемізге сүйеніп, тәуекел деп 2005-жылы Алматыға қоныс аудардық. Бірақ жасыратын несі бар, жүрек түкпірінде алып қалаға сіңісіп кете аламыз ба, ертеңгі күніміз қалай болар екен деген уайым тұрды. Дегенмен біз сол кездегі біраз қиындықтарға қарсы тұрып, төзімділікті ту ете отырып бүгінгі күнге жеттік. Жұмысымыз да алға басты, отбасылық ансамбліміздің де шуақты күндері шымылдығын түрді. Қазір телеарналарда болып жатқан музыкалық жобаларға қатысып тұрамыз. Түрлі әлеуметтік желілерде де өз өнерімізді оқырмандарға жариялап, олармен тығыз байланыс орнаттық. Кейбір өнерге қатысты шоуларда өз ойларымызды ортаға салып, қазылық етіп жүрген жа­йы­мыз бар.

 

Ең бастысы, арманымыз бен талантымызды тастай түйіп, 2012-жылы Алматы қаласында «Дәрібаевтар» ансам­блінің жеке концертін өткіздік. Қысқасы, ешқашан өнерімізді, шығармашылығымызды тоқтатқан емеспіз. Әрдайым талпыныс, ізденіс үстінде жүреміз.

 

Әні мен сөзі жарасқан, жанымызға жақын тартқан әндерді  орындаймыз. Өйткені жүректен шыққан ән ғана жүрекке жетеді. Сол себепті әрбір әнді шын көңілімізбен орындауға тырысамыз.  Қазір өзіміздің дыбыс жазу студиямыз бар. Сол студиямызда жаңа әндер жазылып, ән қоржынымыз «Ботақаным», «Супер келіншек», «Бала махаббат», «Жаса, қазағым!» деген әндермен толығып отыр.

Биылғы жылды Алматы өңірінің барлық аудандарына, ауыл-аймақтарына концерт қоюдан бастадық.  Бұйыртса, осы концерттің соңын Алматының төрін­де ерекше шоу-концертпен аяқтасақ деген жоспарымыз бар.

 

– Той-томалаққа жиі шақырту алып тұра­сыздар ма?

 

– Біздің шығармашылығымыздың үлкен бір бөлшегі – той бизнесі. «Той – халықтың қазынасы» демекші, қазіргі табыс көзі осы болып тұрғасын одан қалыс қала алмаймыз. Өзім тойда сөзімді, өмірде өзімді салмақты ұстағанды құп көремін. Ұл-қыздарымды да солай тәрбиелеймін. Шүкір, бүгінде ізімді жалғап, менің жұмыстарымның біраз бөлігін ұлым мен келінім алып, дуэт асаба қызметін атқарып жүр. Ал мен оларды басы-қасында бақылап жүремін. Бізде сондай-ақ «Дәрібай халыққа қызмет көрсету орталығы» деген бар. Бұл орталықта той-бизнеске арналған барлық іс-шаралар, қызмет түрлері қарастырылған. Оны менің бақылауыммен ұлым Сәкен мен келінім Сұлушаш жүр­гізеді.

 

– Өнерден бөлек тағы немен айна­лыса­сыздар? Бәлкім отбасылық биз­нестеріңіз, ерекше бір кәсіптеріңіз бар шығар?

 

– «Дәрібаевтар» ансамблінен бөлек шаруа болғанымен, әрқайсысымыз өнердің айналасында еңбек етіп жүрміз. Мысалы, өзімді айтсам, Алматы қаласындағы №10 мектеп-интернатта музыка және тынығу жұмысы бойынша еңбек етемін. Жұбайым Әлия әншілік қабіле­тімен концерттерге жиі шығады, одан бөлек үйдің шаруасымен айналысады.  Сәкенім Алматы қаласындағы «Жанұя кешенінде» музыкалық жетекші болып істейді. Ал Меруерт қызым мәдениет үйінде және балабақшада би үйірмесінен сабақ береді. Гүлден де «Жанұя кеше­нінде», сосын балабақшада музыкадан мұғалім. Ал Айя Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк коллед­жінде білім алып жүр. Келінім Сұлушаш та жоғарыда айт­қанымдай, конферансье, яғни жүргізу­шілікпен айналысады. Қысқасы, «Тауық сойса да қасапшы сойсын» демекші, әр істің басы-қасында өз маманы болуы тиіс деп ойлаймын. Біз осы өнер үшін жаралған жандармыз ғой, сондықтан шоу-бизнес пен той-бизнестің шырғалаң жолында, өз арбамызды өзіміз сүйрей алатын өнер адамдары болып, шәкірт тәрбиелеп, осы бағытта жұмыс жасап жүрсек, соның өзі біздің жетістігіміз.

 

– Отыз жылға жуық уақыттан бері сах­нада жүрсіздер. Бұл – өнер адамы үшін үлкен тәжірибе. Ендеше, қа­зір­гі әншілерге қандай баға бересіз? Оларға айтар кеңестеріңіз бар шығар?

 

– Әрбір адам өз ісінің өзгелердікінен ерекше болғанын қалайды емес пе? Десек те жұрттан озамын деп өзінің алға қойған мақсатынан адасып жатқандар аз емес. Шын талант өзін қай жерде де таныта білуі тиіс. Негізінде халық қарапайым әндерді тыңдайды. Сондықтан әндерді жас та, жасамыс да тыңдайтындай етіп, талантты ақын-сазгерлерге жаздырған дұрыс. Патриоттық тақырыптағы әндерді заманауи бағытта жаздырып, иірімін бұзбай орындаған жөн. Қазіргі жастардың талғамы басқа, соған сәйкес өнердің бүгінгі белесі де жақсы дамып келеді. Бұған қуануымыз керек.

 

– Ендеше, істеріңіз ілгері баса берсін!

Сұхбаттасқан – С. МАҚҰЛБЕК.

«Дәрібаевтар» ансамблінің байланыс телефоны: 8-701-333-00-28.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ