Дүйсенхан Нахымовтың атына көше берілуін сұраймыз

13.02.2018
Қаралды: 61

Темірланда ғұмыр кешкен тегеурінді ақын Дүйсенхан Нахымовтың атына көше берілуін сұраймыз. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өмірден ерте кеткен талантты ақын Дүйсенхан Нахымов тірі болғанда биыл 73 жасқа толар еді…

 

 

1945-жылы дүниеге келіп, 1977-жы­лы 9-сәуірде, небәрі 32 жасында дүние сал­ған ақынның артында тек алғашқы жыр жинағы – «Тұңғыш кітап» қана қал­ды. 

 

Ордалы Ордабасыда туып, Оңтүстікте өмір сүрген оның мол мұрасының жарыққа шығуға кезегін күтіп жатқанына да талай жылдар өткен еді. Осы шаруаны қолға алған «Тұран» баспасы 2010-жылы Дүйсенхан Нахымовтың «Ақ тол­қын» атты көлемді жыр кітабын жарыққа шығарды.

 

Ордабасыда ақынның 65 жылдығына арналған жыр кеші өткен болатын. Қазақтың белгілі ақын-жазушылары қатысқан сол кеште Дүйсенхан Нахымовтың атына өзі ғұмыр кешіп, қызмет еткен Темірлан кентінен мектеп пен көше берілетін болып, оны аудан әкімдігі де қолдаған еді. Кейін ел алдында қабылданып, республикалық баспасөзде жазылған осы бір игі шешім орындалмай, тіпті 2015-жылы ақынның 70 жылдығы да елеусіз қалды. Кейін Ордабасы аудандық Дүйсенхан Нахымов атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің мүше­лері де ақын атына көше беру туралы ұсыныс жіберді, оған да әлі жауап жоқ.

 

Өмірді өрнекті өлеңдерімен жырлап өткен нәзік лирик Дүйсенхан ақынның басты тақырыбы – туған жер, өскен өлке, ұлы Қазақ елі болды. Ағынды Арысын арынды шабытымен ақ толқындардай ақтарыла толғап өтті.

 

Сүйемін құт мекенім – арда жерді,

Ақ Арыс қыз сияқты талма белді.

Аққудай көлді аңсаған, аңсаймын мен,

Әжемнің алақанындай майда желді.

…Сүйемін адамдарын жаны нұрлы,

Соларға еркім менің бағынулы.

Десеңші, қандай арман етемін мен,

 

Ылғи да аппақ таңнан табылуды, – деп, өмірге деген, өңірге деген ыстық сезімін ынтызар іңкәрлікпен жырлап өткен ақынның атына әлі көше берілмей келеді.

 

Біз бүгін Өлең деген өлкеде өз отына өртеніп кеткен өр ақын Дүйсенхан Нахымовтың атын мәңгілікке қалдыру шараларын қайта қозғап отырмыз.

 

Айналып кең өлкемді шыркөбелек,

Өтсем деп ем бәріңді күнге бөлеп.

Шөл далада құлпырған жалғыз гүлдей,

 

Жалғыз менің бақытым кімге керек? – деп жырлағандай, бар қазаққа махаббатын арнаған ақын әруағы алдында, қалың елдің қолдауымен көтерілген бас­тама аяқсыз қалмауын ойлап қайта қалам алудамыз.

 

Рухани жаңғыру кезеңінде облыстың да, ауданның да руханиятқа қамқор басшыларына құлаққағыс ететініміз, осы бір игі ниетті іске асыра білсек, иманды да, тағылымды шара болар еді. Арманда кеткен ақын әруағы алдындағы да, ел алдындағы да парызымызды орындар едік.

 

(«Қазақ үні» порталында жарық көрген бұл хатқа есімдері республикаға танымал бірқатар қаламгерлер қол қойған).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ