Қара жамылған кезімізде қарап қалмады

13.02.2018
Қаралды: 84

Өткен, 2017-жылдың қыркүйек айында тұла бойы тұңғышымыз Әлия 41 жасында өмірден өтіп, қайғы жамылып қалған едік. Артында жасы кәмелетке толмаған үш перзенті қалды. Әлияшыма өмірдің, балаларының қызығын көруді жазбаған екен. Тағдырдың салғанына көнбеске амал бар ма...

 

 

Тірі адам тіршілігін жасайды. Өмір сөйтіп жылжып өте береді.

 

Әлияның балалары кішкентай кезінен біздің қолымызда өсіп келеді. Оларды анасы ретінде маған аманаттап еді. Енді соларды заңды түрде қамқорлыққа алайын десем, түрлі жайлар кедергі болып отыр. Осы мақсатта ізденіп жүр­геніме төрт ай болды. Үкіметтен олар­ға ешқандай да жеңілдік ала алмай отырмыз.

 

Осындайда жаны жомарт адамдардан көмек көрсең, жақсылығын немен қайтарарыңды білмей ойланады екенсің. Қиналған кездерімізде алғашқылардың бірі болып не­мерелерім оқитын №87 жалпы орта мектептің ұстаздары қол ұшын соз­ған еді. Олар ақшалай-заттай жәр­дем көрсетті.

 

Мен өзім көпшілік арасына таралатын «Замана» газетінің тұрақты оқырмандарының бірімін. Сондықтан А.Қаппарова басқаратын А.Назарбеков атындағы №87-мектеп мұғалімдерінің осы игі ісі туралы өзім сүйіп оқитын «Замана» газетінде жариялауды парызым деп білдім. Біз отбасымыздың атынан аталған мектеп ұжымына, ондағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Роза Еспанбетоваға, әлеуметтік педагог Маржан Құрманбекке, сынып жетекшісі Әсел Қошқарбаеваға алғысымызды білді­реміз. Отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілейміз, шаңырақтарында әрдайым шаттық болуына тілектеспіз.

 

Тастангүл ЕРНАЗАРОВА,

зейнеткер.

Шымкент қаласы.

 

Тастангүл Ерназарованың байланыс телефоны:

8-702-442-62-74.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ