Періште пейіл жандар-ай!

13.02.2018
Қаралды: 349

Мен қазақтың есімі аңызға айналған біртуар ұлдарының қамқорлығын көріп, адамгершіліктің, ізгіліктің, мейірбандық пен адалдықтың нәрін бойыма сіңіріп өскен жанмын. Сондықтан да ол азаматтарды үнемі ризашылықпен еске алып жүремін. Осындай жандардың бірі – Сағат Әшімбаев ағамыз еді.

 

 

1971-жылы 16 жасымда мектепті бітір­гесін оқуға түсе алмай, жұмыссыз, үйде жылға жуық уақыт бос отырып қалғанмын. 1972-жылдың желтоқсан айында Созақ аудандық партия комите­тінде қызмет істейтін Дулат Тұрантегі ағамыздың қолдауымен аудандық газетке тілші болып жұмысқа орналастым. Ол кездері газет редакторы Шернияз Серімбетов деген кісі болатын. Көп сөзге жоқ, біртоға мінезді, ірі денелі адам еді. Жұмысқа қабылдамас бұрын: «Жаңа жылға арнап бес-алты шумақ өлең жазып әкел», – деп тапсырма берді. Өлең жазуға құмар-ақпын, оншақты шумақ жыр жолдарын жаздым да тастадым. Редактор үн-түнсіз оқып шықты да: «Жарайсың, қызым!» – деп жұмысқа қабылдау бұй­ры­ғына бірден қол қойды.

 

Қазіргідей емес, заманның да, адамның да кең кезі ғой. Қатарлас отырған ағалар жазудың қыр-сырын үйретіп, газет жұмысына баулыды. Кемшілігімді түзетті. Бағыт-бағдар берді. Ойыма ой қосып, алға жетеледі. Газетте қызмет істей жүріп, әр жылдары ҚазГУ-дің журфагына оқуға  құжат тапсырып, бақ сынап көрдім. Болмады. Үшінші, төртінші емтихандардан, әсіресе тарихтан сүріне бердім

 

1976-жыл еді. Рейхстагқа ту тіккен батыр ағамыз Рахымжан Қошқарбаевтың сөз көмегімен ҚазГУ-дың журналис­тика факультетінің даярлық бөліміне  ілігіп, одан соң студент атандым. Менен үлкен ағам да осы ҚазГУ-дың журналистика факультетінің даярлық бөлі­мінде оқып жүрген. Мен 1-курс студен­тімін. Қуанышымызда шек жоқ. Бірақ іштей жанымды жегідей жеп, жүрегімді сыздатқан бір уайым бар. Ол – ауылдағы анамның қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалуы. Сырт естуімше жағдайы ауыр, бүкіл денесі сарғайып кеткен. Анам туралы осындай жағымсыз хабар естіген соң ішкі уайымнан мүжіліп кеттім.

 

Әдетте студенттер, абитуриенттер, жазу-сызуға икемі бар талапкерлер жеті қабатты зәулім ғимаратта орналасқан газет-журнал редакцияларына барып, өлең-әңгімелерін жариялатып жататын. Жазғандарымыз ара-тұра жарық көріп,  қаламақы алып, өзімізді жазушы сезіне қоқиланып қалатын едік.

 

Мен әңгіме, новеллаларымды «Қазақстан әйелдері» журналына жиі апарамын. Онда Шәрбану Бейсенова апа­йым бар. Мені туған сіңілісіндей бауыр­ға тартты. Әңгімелеріме жылы пікірін білдіріп, көңілімді өсіріп отыратын. Сондай жүздесулердің бірінде жабырқаулы жүзімді байқап қалса керек: «Мазалап жүрген бір уайымың бар ма?» – деп қадала сұрады. Қамқор сөзден көңілім босап,  жылап жібердім. Өксігімді баса алмай, өзімді зорға тоқтаттым. Содан соң барып ауылдағы анамның ауыр науқас екенін, екі бауырымның мектепте оқушы екенін, оларға қарайласар ешкімнің жоқтығын айтып ағыл-тегіл ақтарылдым. Шәрбан апайым жұмсақ алақанымен шашымнан еркелете сипап: «Қой, неге жылайсың, ауырса емделеді ғой. Апаңды Алматыға алдыр.Сағат ағаңның таныс дәрігер достары бар. Қаратамыз, емдетеміз, ауруынан айығып кетеді», – деді. Сонда көкірегімде бір үміт оты жылт еткендей болды. Ауылға хабар жіберіп, анамды Алматыға алдырттым. Жақын туыстар: «Босқа алысқа сандалтып қайтесіңдер, жолға да жарамас. Тағдырдың жазғанын көреді де», – деп қарсылық біл­діріпті.

 

Шәрбан апайымыздың жары Сағат Әшімбаев ағамыздың өте білікті таныс дәрігері бар екен. Дереу дәрігерлермен сөйлесіп, анамды ауруханаға жатқызды.

Екі айға жуық емделген анамның беті бері қарап, ауылға өз аяғымен қайтты. Айта кетпесем болмас, нән табақ ет асып, қасына салат-палатын қосып Шәрбан апайым анамның соңынан дәм апарды. Мұндай үлкен жүректілікті, кеңдікті, кішілікті жақындарымнан да көрмеппін. Аңқылдаған ақпейіл Сағат аға болса «апалап» екі күннің бірінде анамның хал-жағдайын біліп тұрды. Туған да емес, туыс та емес, ауылдас, жерлес те емес. Шынашақтай қара қыздың сөзіне құлақ асып, қолдан келген жәрдемін жасап, құшағын айқара ашқан осындай періште пейіл жандар болған еді десем сенерсіз бе?

 

Шәрбан апайым майдан қыл суыр­ғандай мәйін мінез болса, Сағат аға­йым аңқылдаған Алатаудың самалындай ақпейіл, ақжүрек азамат еді. Кейін оқу бітіріп, өз саласы бойынша жұмыс­қа орналаса алмай жүрген ініме де анамның өтінішімен ағалық қамқорлығын көрсетті. Телевидение саласына жұмысқа кіргізді.

 

Осынша қамқорлықтың, мол мейі­рімнің, жақсылықтың тамшыдай болса да өтеуін қайтара алмадық. Жас болдық. Аурушаң анамыздың жетелеуімен, әкесіз өскен біздер жақсылыққа – жақсылықпен жауап берудің жөн-жосығын білмедік. Байлық та, билік те қолымызда жоқ еді. Тек өтеуін қайтара алмас өлшеусіз бұл жақсылықтың шарапатын жас жүрегімізбен іштей ғана сезіндік. Алғыс-тілегімізді де сан мәрте іштей қайталадық.

 

Қазір ойлап қарасам, Сағат аға сол кезде небәрі 28 жаста ғана екен ғой. Ал аяулы Шәрбан апайым 25 жаста ма екен, әлде одан да жас па кім білсін? Содан кейін «Балапан – басымен, тұ­рымтай –  тұсымен» дегендей, әрқайсымыз тағдырдың айдаған желімен жан-жаққа кеттік. Хабарласа да алмадық.

 

Бір күні аспан құлап түскендей жайсыз хабар естідік. Әрине, баспасөз бе­тінен оқыдық. Сағат аға, қайран аңқыл­даған ақкөңіл, бауырмал мінезді жайсаң жан дүниеден өтіпті. Бұл хабарды оқып бергенімде анам қатты қайғырды. «Жарығым Сағат-ай, сенің емес, менің орным еді-ау бұл қаза. Әттеген-ай, жасаған жақсылығың қайтпады-ау... Ғұмы­рың осынша қысқа болар ма?» – деп ағыл-тегіл жылады.

 

Содан бері де сырғып айлар, жылжып жылдар өтті. Анам қазір бұл дүниеде жоқ. Бір кездері  балауса қыз бол­ған менің де жасым 60-тан асты. Ара-тұра теледидардан Сағат ағаның ұлы Мәулен Әшімбаевтың журналистерге бе­ріп жат­қан сұхбатын көзім шалып қалады. Сол сәт жүрегім шым ете түседі. Өйткені Мәулен айнымаған Сағат ағаның өзі. Тұлпардың тұяғы. «Орнында бар – оңалар» деп Сағат ағаның ізі өшпегеніне қуанамын. Іштей ғана: «Сіз көрмеген жақсылықты, қуанышты ұрпақтарыңыз көрсін. Ұрпақтарыңызбен мың жасайсыз, аға!» – деймін толқып.

 

Қалдыгүл МҰРАТОВА,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Қалдыгүл Мұратованың байланыс телефоны: 8-702-356-76-29.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ