Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай...

13.02.2018
Қаралды: 953

Соңғы бірер жылдан бері республикалық деңгейдегі мерекелік іс-шараларда жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, алып денелі қазақ жігіттерін жиі кездестіретін болдық. Қазақтың ұлттық киімін киіп, бағзы замандағы батырлардың кейпінде жүретін бұл жігіттер «Арлан» деп аталатын театрда қызмет етеді екен. Ал оны елге белгілі дизайнер Мүслім Жұмағалиев басқарады. Кешегі аптада біз ол кісімен сұхбаттас болдық.

 

 

– Мүслім мырза, «Арлан» деп аталатын театр қашан, қалай құрылды? Жалпы, бұл мекеменің мақсаты қандай?

 

– Мен бұрынғы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесі, қазіргі О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер кол­леджінде, кейіннен Т.Жүргенов атындағы Өнер академия­сында білім алғанмын. Мамандығым – киім дизайнері. Бірнеше жыл осы салада ең­бек еттім, еуропалық «Шанель», «Версачи», Пьер Карден, Юдашкин секілді дизайнерлермен бір «подиумға» шыққанбыз. Бірақ кейін бұл саладан кетіп, ата-бабамнан келе жатқан кәсіпке ден қойдым. Үш ғасырдан бері атадан балаға мирас болып бе­ріліп келе жатқан қолөнер бұ­йымдарын қайта жаңғыртамын деп шештім. Ал ол үшін маған өзім істеген бұйымдарды көпшілікке таныстыратын ірі денелі батырлардың кейпін сомдайтын жігіттер керек болды. Содан 1995-жылы «Арлан» деп аталатын театр құр­дық. Бір жылдан соң ал­ғашқы коллекциямды елге таныстырып, жұмысты бастап кеттік.

– Сонда нақты немен айналысасыздар?

 

– «Арлан» театры – қазақ халқының, мәдениетінің тірі мұрасы. Біз бірнеше бағытта жұмыс істейміз. Соның бірі – «инвет», яғни кез келген форматтағы мерекелерде қонақтарды ұлттық киімдермен кү­тіп аламыз, алып жүреміз. Ал тойларда күйеу жігіт пен қа­лың­дықты салтанатпен ортаға шығарып береміз. Қазақ батырларының бейнесінде халықпен суретке түсуге, оларды қызықтыр­ған сұрақтарға жауап беруге мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ кейбір халық­аралық шаралардың аясында шет елдерге шығып, қазақтың тарихын, салт-дәстүрін насихаттап тұрамыз. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық идеология бағытында жұмыс істейміз.

 

– Театрда қазір қанша адам жұмыс істейді?

 

– Негізінен біздің ұжымда 15 жастан 40 жасқа дейінгі азаматтар жұмыс істейді. Бас­тапқыда театрымызда үш жігіт болатын. Олардың бойы 180 – 187 сантиметр еді. Қазір олардың қатары көбейген. Бойлары да, дене бітімдері де өзгерген. Қазір тетардағы ең ұзын жігіттердің бойы 2 метр 15 сантиметрге жетеді. Ал қыздарымыздың бойы 1 метр 75 сантиметрге жетіп қалады. Жалпы, театр өнеріне қатысты барлық қызметкерлерді қоса есептесек, ұжым мүше­лерінің саны 100-ге жетіп қалады.

– Оларды сіз қайдан тауып алдыңыз, әлде өздері іздеп келе ме?

 

– Театр ұжымында еңбек етіп жат­қан жігіттердің бәрі қарапайым отбасыдан шыққан. Біразын көшеде кездейсоқ кездесіріп қалып, өзім ұсыныс білдірдім. Кейбі­реу­лері таныстарынан естіп кел­ді. Қысқасы, біздегі қыз-жі­гіттер ешкімнің үгіт-насихатынсыз, өз еріктерімен келген. Әу баста мен бұл театр қызмет­керлерінің негізгі жұмысы емес, қосымша, хоббиі ре­тінде болғанын қаладым. Сол себепті мен қатарымызға өзі­нің арнайы ережесі, талабы бар «жұлдыз» актерлерді алмаймын. Менің жігіттерімнің кейбірі банкте істейді, кейбірі кафе-мейрамханаларда даяшы болып қызмет етеді. Тіпті физиктер мен әскери қзыметкерлер, кәсіп­керлер де бар. Яғни олар бұл іске хобби ре­тінде қарайды.

 

– Демек, олардың қызме­тіне ақы төленбейді ғой?

 

– Неге олай ойладыңыз? Әрине, төленеді. Әр шыққан подиумы, қатыс­қан іс-шарасы үшін ақы төлеп отырамын. Бізде олардың әрқайсысына арнап тігілген костюмдер бар. Әрқайсысының өз сауыты, өз найзасы дегендей... Бәрі белгіленген тәртіпте жұмыс істейді.

– Олардың бойынан бө­лек тағы қандай қасиет­теріне көңіл бөлесіз?

 

– Орынды сұрақ. Бізде ең басты көңіл бойға бөлінбейді. Алдымен тәрбиесіне қарайыз. Ал қойылатын талап мынадай: Арақ-шарап ішпеу, темекі тарт­пау. Спортпен айналысып, тамақтану режиміне қатаң назар аудару. Жылқы еті мен сүт өнімдерін көбірек тұтыну. Мен оларға: «Сендер нағыз қаймағы бүлінбеген қазақтың бет-бейнесін көрсететін жансыңдар. Қазіргі эстрадада «жұлдыз» болып жүргендерге қарағанда сендердің абыройларың артық, жүздерің жар­қын. Сендер мемлекеттік мерекелерде, Елбасы қатысатын шараларда жүресіңдер. Халықтың ортасында боласыңдар. Сондықтан іс-әрекеттерің, болмыс-бітімдерің соған сай болуы тиіс. Сендерге қарап ел сүйсінетіндей болсын», – деп құлақтарына құйып отырамын. Қазақтың арғы-бергі тарихын оқытамын. Қысқасы, театр әртістері барлық жағынан хабардар болуы тиіс.

 

– Әлгінде Сіз бұл жастардың хоббиі деп қалдыңыз. Ал осыдан танымал болып, өз кәсібіне айналдырғандар бар ма?

– Ондай жастар өте көп. Мәселен, менің жігіттеріме фильмге түсу туралы ұсыныс көп айтылады. Біразы одан әжептеуір табыс тауып та жүр. Ал енді мұны кәсіпке айналдырып, танымал бол­ғандардың арасында Әсел Сағатова, Тәуекел Мүсілім, Салтанат Бекжігі­то­ва секілді әртістер бар.

 

– Мүслім мырза, театрдың құрыл­ғанына 20 жылдан асыпты. Қаншама ал­ып жігіттерді көрдіңіз, ара­ластыңыз. Осы ретте мына­дай бір сұрақ қойсам дей­мін: Ұзын бойлы, алып де­нелі ұл-қыздардың ата-аналары да осындай ірі болып келе ме? Яғни бұл тұ­қым қуалай ма? Әлде бой мен бұлшық етті өсірудің құ­пия тәсілдері бар ма?

 

– Аласа бойлы кісілерден де сұңғақ бойлы балалар туылады деп сеніммен айта аламын. Бәрі өмір салтына байланысты. Егер бала жастайынан спортпен айналысса, «фаст-фуд» секілді зиян­ды тағамдардан тыйылып, құнарлы ас ішетін болса, онда бойды да, бұлшық етті де өсіруге болады. Негізгі басымдықты тамаққа беру керек. Құрамы кальцийге бай айран, қымыз, қазы-қарта жеп өскен баланың денсаулығы мықты, дене бітімі келісті болады.

 

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ