Ерлан Біләлге қатысты сот үкімі шықты

13.02.2018
Қаралды: 249

М.Әуезов атын­да­ғы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләлдің өткен қаңтар айында парамен қолға түскені белгілі. Ол өзінің кінәсін бірден мо­йындаған еді, кейін ісі Алматының Алмалы аудандық сотына өткізілген болатын.

 

 

Сот процесі кезінде Е.Біләл театр ғимаратын «Сезам» қо­ғамдық қорына балалардың жаңажылдық іс-шарасын өткізуге бергені үшін 1,5 миллион теңге ақыға келіс­кендерін айтты. Ол оның 600 мың тең­гесін алып, жеке қарыздарын өтеуге жаратыпты, ал қалғанын алуға үлгермеген.

 

Кешегі аптада аталған іске қатысты сот үкімі шықты. Е.Біләл Қылмыстық Кодекстің «Пара алуға оқталу» бабы бойынша айыпталды. Прокурорлар оған пара сомасының (1,5 миллион теңге) 60 еселенген мөлшері көлемінде, яғни 90 миллион теңге ай­ып­пұл салуды сұрады. Істі жүргізген судья Қуаныш Әріпов Е.Біләлге параның 35 еселенген көлемінде – 52,5 миллион теңге айыппұл салды.

 

Сонымен қатар Е.Біләл мемле­кеттік мекемелерде қандай да бір басшылық қызмет атқару құқынан айырылды. Сондай-ақ ел Президентінің атына оны «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері» атағы мен «Құрмет» орденінен айыру жөнінде ұсыныс шығарылды.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ