«Жер астындағы бөлмелердің бірінде Шыңғыс хан, екіншісінде оның аты жатыр», –дейді арыстық азамат

09.02.2018
Қаралды: 1509

«Шыңғыс ханның мазары осында, бұл туралы бізге аян берілді» деп бір ерлі-зайыптылардың Арыс қаласының төңірегінен жер қазып жатқанына жылан асты. Бұл жөнінде біз кезінде «Заманада» жаз­ғанбыз.

 

 

Соңғы кезде осы мәселе ел есінен шыға бастағандай еді. Кешегі аптада редакцияға Арыс қаласының екі тұрғыны келді. Олардың бірі Махмет­кәрім Шанасов (суретте) өзі­нің мазар қазушылардың рухани және материалдық қолдаушысы екенін, Шыңғыс хан жатқан жер­дің қақпасын ашу­ға дайын екендік­терін айтуға келіпті.

 

«Біз қақпаның алдында тұр­­мыз, енді бір-екі метр қаз­сақ, оған да жетеміз, – деді ол кісі. – Бірақ құзырлы органдар қазуға рұқсат бермей отыр. Шыңғыс хан жатқан жер Арыс қаласына қарағанымен бірнеше жылға Отырар ауданы жалға алған екен. Біз аудан әкімі Ерлан Айта­ха­новқа да бар­дық. Одан әрі қазуға рұқ­сат жоқ де­генді айтты. Негізі ол жер – орман шаруашылығына тиесілі мекен. Оның қыз­метшілері біздің әрбір қадамымызды аңдып отырғандай. Қазатын жерге барсақ болды, кім айтатынын білмейміз, әйтеуір қасымызға жетіп келеді. Соған қарағанда алыстан дүрбімен бақылап жүре ме деген ой келеді. Жуырда жерді рұқсатсыз қаздыңдар деп 120 мың теңге айыппұл да салып кетті. Сол себепті жұ­мыс тоқтап тұр. Ал қазба жұмысы тығырыққа тірелді.

 

Жердің астында екі бөлме бар. Оның бірінде алтындарымен бірге Шыңғыс хан, екіншісінде таза алтынмен көмкерілген аты жатыр. Бұл – қыруар байлық. Қазақстанның талай қарыздан құтылуына же­теді.

 

Гүлжанарға (қазып жатқандардың бірі) Шыңғысханның өзі аян арқылы жатқан жерін айтып, қазуға кеңес берген. «Мені жұрттың барлығы монғол деп жүр. Мен өзімнің қазақ екенімді дәлел­дейтін кез жетті» депті аянында. Содан Гүлжанар күйеуіне айтып, Алматыдағы жұмыстарын тастап, қазу жұмысын бас­таған. Оларға Темірлан ауылынан тағы үш туысқаны көмекке келді. Ешқандай ақшасыз ондай жұмысты аяқтау мүмкін емес. Олардың қиналғаны туралы маған да аян жетті. Сосын оларға көмекке бардым.

 

Мен ол жерде Шыңғыс ханның жат­қанына сенімдімін. Бұл туралы маған әртүрлі кескіні бар тастар арқылы мәлі­меттер түсіп жатыр. Таңертең тұрсам есік алдынан бір тас табылады. Барлығын сақтап жүрмін. Біз тоқтаған маңнан 1 – 2 метр жерде үлкен қақпа тұр. Біз оны сеземіз. Қақпаның арғы бетінде алып жылан жатыр. Қақпаға жеткенде дұға оқысақ, ол жылан өздігінен ғайып болады. Ол дұғаны да аян ар­қылы Шыңғыс ханның өзі Гүлжанарға жет­кізген. Біреу­лер неге төбеден қаза салмайды дей­ді. Оған атаның өзі рұқсат беріп отыр­ған жоқ. Мені қа­лай алып кірді, солай қазып бару керек дейді. Ал шығарар кезде жоғарыда есігі бер екен. Сол ар­қылы шығарамыз. Бізге сәл ғана қалды, соны аяқ­­тауға рұқсат берсе дей­міз».

 

...Махметкәрімнің бұл әңгімесі адамды кәдімгідей ойландырып қояды екен. Бұдан кейін біз Отырар аудандық орман шаруашылығының директоры Шавкат Хан­дуллаевқа хабарласып, Шың­ғыс ханның мазарын қазушылармыз дегендерге неліктен рұқсат берілмейтіні жөнінде сұрадық.

 

«Ол кісілер бос қиялдың жетегінде жүр-ау, – деді Ш.Хандуллаев. – Ештеңе жоқ жерді қазып, табиғатқа әжептеуір зиян келтірді емес пе? Бізден де жоғары органдар бар. Солардың тарапынан нұсқау болды. Себебі бүгінде ғылым мен техниканың дамығаны белгілі, жердің астындағы он метрдің ғана емес, он шақырымда қанша байлық бар екенін анықтай алады. Ол жерді де мамандар тек­серіп, ештеңе жоқ екенін анықтады. Сондықтан жер қойнауын бекерге бүлдіре бермеу үшін рұқсат бермей отырмыз. Мен ол кісілерге Шыңғыс хан жатыр деген жерді нақты белгілеп, төбе­сінен қазыңыздар деп айттым. Тіпті трактормен қам­та­масыз етуге уәде бердім. Жанынан қазамыз дейді. Барып көрсеңіз, қазыл­ған жерде ешқандай қауіпсіздік ережесі сақталмаған. Тіреуіштер қойылмаған. Айтқан жерден аулақ, егер қазып жат­қанда жер опырылып, астында адамдар қалса не болады? Сондықтан біз оған рұқсат бере алмаймыз. Егер алдын-ала, тіреу бағандарын қойып, қауіпсізік шарасын жасаса, онда мейлі дер едік.

 

Біз ол кісілерге ешқандай да айыппұл сал­ға­нымыз жоқ. Бірақ мамандар заң талаптарын түсіндіріп, жұмысты жалғастыра берсе, айыппұл салынатынын ескерткен», – дейді Ш.Хандуллаев.

 

Қысқасы, «Шыңғыс ханның мазарын қазушылардың» тірлігі тығырыққа тіреліп тұр. Ш.Хандуллаев заманауи құрылғылар зерт­теу арқылы ол жерде ешқандай Шың­ғыс ханның да, басқа адамның да жат­па­ғанын дәлелдегенін айтады. Ал Махмет­кәрім Шанасов секілді бірнеше адам ол жерде қыруар алтынмен Шың­ғыс ханның теріге оралып көмілгеніне сенімді. Қайсысы дұрыс?

 

 

Махметкәрім Шанасовтың байланыс телефоны: 8-705-375-16-16.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ