Кейінгі кезде ажырасып кетушілер жөнінде жиі еститін болдық. Осы жай мені қатты ойландырады.
Таяуда дүкенде кезінде бізбен көрші ауылда тұрған А. есімді құрбымды кезіктіріп қалған едім. Әңгімелесіп, жөн сұрасқанымызда А.: «Күйеуге шығып, одан ажырасып кеткенмін. Ұлым қазір енемнің қолында. Тұңғышым ғой», – деді жайбарақат.
Үйге келе жатқанда А-ның сөздері көкейімнен кетпей қойды. Өз баласын тіпті де уайымдамайтыны жаныма батты. Бүгінде осындай аналардың көбейіп бара жатқанын ойлап көңілім құлазыды. Айтатындары: «Барған жерім ұнамады», «енем бұзық», «күйеуіммен түсінісе алмадым» деген сияқты сөздер. Сөйтіп баласын тастап кете салады екен. Сонда тұрмыс құру – ойынға, ал бала ойыншыққа айналып кеткені ме?
Дәл осындай жағдай біздің де үйде болған. Жеңгем 7 айлық баласын тастап, басқа бір адамға тиіп кетті. Әке-шешемнің Құдайдан он жыл жылап жүріп тілеп алған жалғыз ұлын жерге қаратып, опасыздық жасады. Неге олай еткенін ұға алмадық. Кейін естідік, ол бала кезінде басынан зақым алған екен, мүмкін соның қандай да бір әсері болған шығар. Білмедік.
Бұрын әйелдер тұрмыста қанша тауқымет көріп, кейде ерімен түсінісе алмай, ұрысып-төбелессе де балаларды ойлағанда сабасына түсетін еді, оларды жетімсіреткісі келмейтін. Барған жеріне тастай батып, судай сіңетін еді ғой. Сол кісілердің шыдам-төзімі өздеріне ата-ана тарапынан берілген тәрбиенің арқасында болар деп ойлаймын.
Ал қазіргі кей жастардың үйленуі де, ажыраса салуы да оңай. Өмірлікке деп бас қоса тұрып арзымайтын нәрсеге бола бәріне қолды бір-ақ сілтей салатыны бар. Бір отбасыны, бүтіндей әулетті ұятқа қалдырып, бейнетке батырып кете салады. Тіпті бауыр еті – баласын да тастап жүре береді.
Таяуда ғана ауылда осындай екі жас келін ата-енесіне баласын тастап жайына кетті. Екеуі де күн көре алмай отырған жандар емес еді. Аталары кезінде қызмет істеген, елге сыйлы, ешкімге зәбірі жоқ жандар болатын. Енді олар немеремізді жетімсіретпейміз, өзіміз өлгенше бағамыз, қыздарымызға аманаттап кетеміз деп отыр.
Қазіргі кей қыздар тұрмысқа шықпас бұрын осы адаммен өмір бойы бірге бола аламын ба деп неге ойланбайды? Неге өмірге соншалықты жауапсыз қарайды? Неге қиындыққа төзімсіз? Неге ертеңін ойламайды?
Осы мәселені көпшілік болып ойлану керек сияқты. Үлкен де, кіші де ойлансын. Тиісті қорытынды шығарсын. Отбасы деген кішігірім мемлекет деп жатамыз, сол мемлекеттің іргесі шайқалмасыншы. Әсіресе балалар жәутеңдемесін дегім келеді.
С. ТАҢСЫҚ.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!