Ржевте жерленген жауынгерлердің дерегі шықты

09.02.2018
Қаралды: 208

Газетіміздің биылғы 2-нөмірінде «Әке қабіріне топырақ салуды армандайды» деген тақырыпта мақала жарияланғаны естеріңізде болар. Онда Ұлы Отан соғысында қаза болған майдан­гер­дің соңында қалған жалғызы, бүгінде жасы 80-ді алқымдап отырған шымкенттік Дүйсебай Қалдыбаев қария туралы жазылған болатын. Мақала соңында осындай кісілерді әкесінің қаза болған жеріне апарып, зиратына туған жер топырағын салуына мемле­кет­тік деңгейде жағдай жасаса жақсы болар еді деген ой айт­қанбыз. Кешегі аптада редакциямызға келген шымкенттік Серік Құлжабаев қариямен (суретте) болған әңгімеден кейін осы ойымыз тағы да тиянақтала түскендей болды.

 

 

 

Серік қарияның жасы қазір 75-те. Ол да – майданнан қайт­пай қалған боздақтың артында қал­ған жалғызы. Сондықтан газеттерде соғыс туралы, майдангерлер жайында жазылған қандай мақала, хабарлама болсын, үңіле оқып, жинақтап жүреді екен. Бізге «Время» газетінің өт­кен 18-қаңтарда жарық көрген нөмірінде жария­ланған бір ті­зім­ді алып келіпті.

 

«Осында аталған азаматтар жайында сіздер де жазыңыздаршы. Газеттеріңіз бүкіл Қазақ­стан­ға таралады ғой. Біреулер көріп, іздеуге атсалысар немесе білгенін айтар. Мұнда біздің жерлестеріміз туралы деректер бар. Қазір Төрткүлден аттанған Бақтияр Сахов деген азаматтың туыстары бар ма екен деп сол жаққа хабар жіберіп келіп отырмын», – дейді қария.

 

Ал аталған газеттегі бұл ті­зімді алматылық Михаил Харсун деген азамат жариялаған екен. Яғни ол өз әкесінің 1942-жылы күзде Ржев түбінде қаза болғанын, «Высокая Добрая» деп аталатын деревняда жер­ленгенін, қазір ол елді мекеннің жоқ екенін, боздақтардың сүйек­тері кейін сол кездегі ұрыстарда қаза болған 8 мыңнан аса жауынгерлердің сүйегімен бірге Ржев ауданындағы «Бахмутов» мемориалды кешеніне қайта жер­ленгенін анықтағанын, сол тізімнен тағы 4 қазақстандықтың аты-жөндерін көргенін айтыпты. Яғни Харсун туыстары білсін деген ниетпен осы азаматтардың аты-жөндерін жария­лаған екен.

 

Олар мына азаматтар: 1. Бақтияр Сахов, қатардағы жауынгер, Шаян ауданындағы Төрткүл ауылдық кеңесіне қарас­ты «Тасқұдық» колхозынан, 1923-жылғы. (Анасының есімі «Дуленбаева Аямлы» деп жазылған екен). 2. Сафиян Абдуллин, қатардағы жауынгер, 1914-жылғы. (Тұрған жері «Каратажский район, Ленинский сельсовет» деп көрсетілген, яғни қазіргі Қазығұрт ауданы болса керек). Әйелі орыс ұлтынан, аты-жөні – Антонина Саматина болған. 3. Сәрсен Салахов, қатардағы жауынгер, 1906-жыл­ғы, Мақтаарал ауданынан. («Пах­таральский ра­йон, Кызылтукский сельсовет, колхоз «Мактажан» деп жазылған. Туыстары жөнінде мәлімет енгізіл­меп­ті). 4. Әбдірай Оразақов (Абдрай Оразакоп), қатардағы жа­уынгер, Қызылорда қаласынан, 1902-жылғы. (Мекен-жайы «Заводская» көшесі, 35-үй, әйелі Уразакова Урукья» деп көрсе­тілген).

 

...Редакциямызға арнайы келген шымкенттік Серік қария­ның өтінішін орындап, біз бұл тізімді газетімізде жариялап отырмыз. Бұл іске Сіздер де атса­лыса аласыздар, қадірлі оқыр­ман, естіген-білгендеріңіз болса, айта жүріңіз­дер!

 

Ал Серік қарияның өзінің әкесі Құлжабай Әділбеков кезінде Ішкі істер халық комиссариатында (НКВД) істеген, Тәжікстанда райкомды басқар­ған, Қызылорданың Жалағаш ауданында кәсіподақ төрағасы болған азамат екен. 1943-жылы, 38 жасында майдан­ға алыныпты. Ол кісі соғыс бітетін 1945-жылы Польшада қаза болған екен. Серік қария әкесінің де­регін бертінде интернет арқылы білген. Енді сол жаққа барып, әке қабіріне туған жер топырағын салуды армандап жүр.

 

...Сөз соңында ол кісі жайлы қысқаша айтар болсақ, Серік қария кезінде Шымкенттегі Қа­зақ химия-технология институтын құрылысшы мамандығы бо­йынша тәмамдапты, бірқатар кәсіпорындарда жауапты қызметтер атқарған. Зайыбы Гүлзада апамен бірге 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріпті. Бүгінде өсіп-өнген әулетке ата болып отыр екен.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ