Бұл өңірде қанша қасқыр жортып жүр?

08.02.2018
Қаралды: 609

Қыс кезінде түз тағыларының даладағы, тіпті қорада тұрған малға шабатын кездері болады. Бүгінгі күндері де бірқатар аудандарда бөрі­лердің малға тигені жөнінде айтылып қалуда. Ондай оқиға­лардың, мысалы, Созақ және Қазығұрт аудандарында орын алғаны туралы естідік. Сосын облысымыздағы түз тағыларына қатысты ахуал жайында білмек болып тиісті мекемелерге хабарлас­тық.

 

 

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция­сының бөлім басшысы Бақыт Мұсалиев бізге мынадай мәліметтер берді:

 

«Бізде облысымыздағы қасқыр санына қатысты есеп жүргізіліп отырады. Бұл оның шектен тыс көбейіп кетпеуі үшін керек. Құтыру және тағы басқа да аурулар таралмауы жағы қарастырылады. Оған қатысты алдын-ала зерттеліп, арнайы негіздемелер жасалынады. Яғни қасқырды түбегейлі жойып жіберу керек деген әңгіме жоқ. Өйткені олардың табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауда, жабайы тұяқтылар арасында ауру тарал­мауында өзіндік ролі бар.

 

2017-жылы облысымызда 818 бас бөрі есепке алынған. Санын реттеуге қатысты арнайы негіздеме бойынша өткен жылы 140 қасқыр жойылуы тиіс болатын. Бірақ жоспар орындалмады. Себебі көбіне тау мен тоғай арасында жүретін бұл аң мені қашан атып алар екен деп тосып тұрмайды ғой. Адамдар он қасқырдың ізіне түссе, соның бір-еке­уін ғана аулай алады.

 

Жалпы, 2017-жылы қасқыр аулауға рұқсаты бар азаматтар мен табиғи қор­ғал­­ған аумақ қызметкерлері 12 қасқырды атып алды. Ал биылғы жылы 232 бас түз тағысының көзі жойылуы тиіс деп негіздеме берілген. Бірақ іс-шараға қатыс­ты қаржы бөлінген жоқ.

 

Бүгінде бізге қасқыр тиді деп Отырар және Шардара аудандарынан хабарласушылар бар. Осыған орай түз тағысын аулаймын дегендерді қажетті ау­маққа жібере аламыз. Бірақ оларда тиісті рұқсат қағазы болуы керек. Яғни ішкі істер органының мылтық иеленуге беріл­ген рұқсаты болғаны шарт. Әрине, аңшылық куәлігі де болғаны жөн. Олар­ға біз қасқыр аулауға қатысты ереже­лерді тү­сін­діреміз».

 

Арнайы мекеме қызметкері осылай дейді. Осы орайда қандай да бір сұрағы барлардың аталған мекемемен 8-(7252)-41-13-36 телефоны арқылы байланыса алатынын естеріңізге саламыз.

 

...Біз бұдан кейін Шымкенттегі Аңшылар және балықшылар қо­ғамына хабарласып,  Юрий Боков деген аңшы азаматқа өз сұрақтарымызды қойдық.

 

«Қасқырды тек аңшылық маусымында ғана атуға рұқсат етіледі, – деді ол бізге. – Оларды шекті мөлшерден артық аулауға тыйым салынған. Мал иелері өз меншігін қорғау үшін қасқырды ата алады, тек мылтығы заңдастырылған болуы керек. Ал, жалпы, бізде қасқыр аулауға өткен жылдың 20-қыркүйегінен бастап рұқсат етілген. Арнайы лицензиясы бар аңшылар алдағы бір-екі апта көлемінде қасқыр аулай алады. Ондай лицензияны біз береміз. Биылғы аңшылық маусымы 15-ақпанда аяқ­талады. Одан кейін қас­қыр аулағысы келетіндер арнайы рұқсатты жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі аумақтық инспекциядан ғана ала алады».

 

Аңшы азаматтың айтуынша, бү­гін­де малыма қасқыр шапты деп олар­ға хабарласушылар аса көп емес екен.

 

«Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек аудандарынан хабарласқандар бар. Сирек те болса Отырар, Созақ аудандарынан да қас­қыр туралы естіп жатырмыз. Негізінен олар таулы аудандарда белсендірек әрекет етеді. Аудандардан хабарласып, жәрдем сұраушылар болса, көмек қолын ұсы­на аламыз, оларды тиісті мекеме, адам­дармен байланыстырамыз», – дейді Ю.Боков.

 

Біз бұл азаматқа облысымыздағы қас­қырлар саны жөнінде де сұрақ қойдық.

 

«Бұрын арнайы есеп жүргізуші едік, қазір де саны сол шамада болар деп ойлаймын. Жұмыс барысындағы байқа­уым бойынша бүгінде облыс аумағында 420 – 450-дей қасқыр бар. Меніңше, одан тым асып та, аса азайып та кетпейді.

 

Негізі облысымыз аумағындағы қас­қырлар санының белгілі бір шек шамасында болуына тиісті меке­мелердің ғана емес, табиғаттың да өзіндік әсері бар. Яғни олар бұрынғыдай аулап, соңынан еріп жүретін ақбөкендер қазір аса азайған, тіпті жоққа тән. Ал қолдағы малды ие­лерінің  барынша қорғайтыны бел­гілі», – дейді аңшы.

 

Ю.Боковтың  айтуынша, аң аулаумен айналысамын деушілер бұған байланысты Оңтүстік Қазақстан облыстық аңшылар және балықшылар қоғамына өті­нішпен баруына болады. Яғни тиісті құжаттар өткізіп, мү­шелік жарна төлеп, ол жерден аңшы куәлігін алуға мүмкіндік бар. Басқадай мәселелер бойынша сұрақтарыңыз болса, түсіндіріп береді. Бұл мекеме Шымкенттің Рысқұлов көше­сіндегі №456-үйде орналасқан.

 

Т. ТҰРАН.

Юрий Боковтың байланыс телефоны: 8-705-683-57-79.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ