Чемпион атанса, 250 мың доллар алады

08.02.2018
Қаралды: 401

Алдағы 9-25-ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қа­­­ла­сында  қысқы Олимпиада өтеді. Оған Қазақстан ұлттық құрама ко­ман­дасының 57 спортшысы қатысады. Олардың арасында 9 биатлоншы, 9 фристайлшы, 7 шаңғы тебуші, 7 шорт-трекші, 6 конькиші, 3 мәнерлеп сырғанаушы, 2 – тау шаңғысы спортының, 1 шана спортының шебері, 1 трамплиннен секіруші бар. Олимпиа­даның ашылу салтанатында елі­міздің туын шорт-трекші Абзал Әжі­ғалиев алып шығады.

 

Олимпиадада олжа салады-ау деген­дердің қатарында фристайлшылар – Әлем чемпионаттары  мен Әлем кубоктарының бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері, Азия ойындарының бірнеше дүркін жеңім­пазы, 2017-жылы Алматыда өткен Бүкіл­әлемдік қысқы Универсиаданың чемпионы Юлия Галышева, Еуропаның қос дүркін абсолютті чемпионы, Алматы Универсиадасының қола жүлдегері Жанбота Алдабергенова, Әлем чемпионаттары  мен Әлем  кубоктарының  бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері Дмитрий Рейхерд, мәнерлеп сырғанаушылар – Элизавет Тұрсынбаева, Сочи Олимпиадасының қола жүлде­гері Денис Тен, конькиші Роман Креч, биатлоншы Галина Вишневская, шаңғышы Алексей  Полторанин бар.

 

Еліміздің Мәдениет және спорт минис­трлігі Спорт және дене тәрбиесі жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың мәлімдеуінше, Олимпиадада жүлде иеленген спортшылар мен олардың бапкерлеріне қомақты қаржылай сыйақы белгіленіп отыр. Чемпион атанған спортшы мен оның жаттықтырушысының әрбірі  250 мың доллардан,  күміс медаль еншілегендер – 150 мың доллар, қола жүлдегерлер 75 мың доллар алатын болады. Жалпы, алтыншы орын иелеріне дейін қаржылай қолдау көрсету көзделген.

 

...Еліміздің спортшылары Қысқы Олимпиа­да ойындарына 1994-жылдан бері қатысып келеді. Сол жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен додада шаңғышы Владимир Смирновтың жалғыз өзі  бір алтын, қос күміс медаль олжалаған болатын. 1998-жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен бәсекеде  тағы да сол  Владимир Смирнов пен конькимен жүгіруші Людмила Прокашина  қола медаль иеленді. Өкінішке орай, 2002-жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити, 2006-жылы Италияның Турин  қаласында өткен сайыстардан жерлестеріміз жүлдесіз оралды. 2010-жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен Олимпиадада биатлоншы Елена Хрусталева күміс медаль иеленді. 2014-жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен жарыстан мәнерлеп сырғанаушы  Денис Тен қола медаль жеңіп алды.

 

Биыл Қазақстан ұлттық құрама командасына жоғары нәтижеге қол жеткізу меже етілген. Жерлестеріміз алға қойылған мақсат үдесінен көрінеді деген үміттеміз.

 

Алға, Қазақстан!

Әбдісаттар ӘЛІП,

спорт журналистері арасындағы

республикалық конкурстың лауреаты.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ