Қытай түрмесінде жазықсыз 8 ай отырып шыққан қазақ

06.02.2018
Қаралды: 936

Соңғы кездері Қытайда ұлты қазақ азаматтарға түрлі қысымдар жасала бастағаны жайлы жиі айтылып жүр. Бұл сөздің рас екені дәлелденіп те жатыр. Мысалы, Алматының Өмірбек Бегалы есімді тұрғыны Қытай түрмесінде жазықсыздан-жазықсыз 8 ай отырып шықты. Ол кісі елге таяуда оралды. Ал кешегі аптада бізге Өмірбек Бегалымен сұхбаттас болудың сәті түсті.

 

– Өмірбек, мәселенің мән-жайын өз аузыңыздан естісек деп едік. Басыңыздан өткен оқиға жөнінде айтып берсеңіз. 

 

– Қарсылығым жоқ.

 

– Естуімізше, сіз – Қазақстанға Қытайдан қоныс аударған адамсыз. Қытайда ол жаққа ықтиярхатпен өткендерді, яғни әлі де толықтай Қазақстан азаматтығын алмағандарды, әлі тіркеуден шықпағандарды ғана ұстап, жауапқа тартады деседі. Сіз де ықтиярхатпен жүрген бе едіңіз?

 

– Жоқ. Мен Қазақстан азаматымын, оны дәлелдейтін паспортым бар. Елге көшіп келгенімізге биыл 10 жыл толғалы отыр. Алматыда тұрамын, базарда жұмыс істеймін. Әрекет жасап, осында үй салып алғанбыз.

 

– Ал сіз қамалатын оқиға қалай болған еді?

 

– Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп жұмыс істейтін бірнеше фирма бар, солардың бірінің құрамында «ЭКСПО»-ға келетін туристерді күтіп алып, шығарып салу, тағы да басқа қызметтер көрсету бойынша шаруалармен барғанбыз. Өткен жылғы 22-наурызда жолға шыққанбыз. Шекарадан өтерде қазақсың ба деп сұраған еді, оған онша мән бермегенмін. Кейін біраз жұмыстарды атқарғасын Үрімші жақта тұратын ата-анамның жайын білуге бардым. Ал 26-наурыз күні таңертең үйге 5 сақшы келді. «Бізбен бірге жүресің, не үшін екенін барған жерде түсіндіреді», – деп үйден алып кетті. Мен ешкіммен хабарласа алмадым, байланыс болмай қалды. Алғашында жергілікті сақшылар бөлімінде ұстап, сосын Қарамай қаласына әкетті. Екі күн ұйқы бермей сұрақтың астына алды, сосын тағы екі күн жауап алумен болды.

 

– Сонда не дейді?

 

– Не жұмыспен келдің дейді, визаны кім әперді дейді, әйтеуір сұрағы көп. Кейін аяқ-қолды шынжырлап, ішінде 25-тей адам жатқан бөлмеге қамап тастады.

 

– Онда жатқандардың бәрі де қазақтар ма екен?

 

– Көбі ұйғырлар, арасында жеті-сегіз қазақ болды.

 

– Сізге қандай да бір айып таққан болар?

 

– Алғашында лаңкестік ұйымдастырғансың, соған үгіттегенсің, сондай адамдарға жәрдем көрсеткенсің деп негізсіз айып тақпақ болды. Қандай ұйымнансың, ақшаны қайдан алдың деген сияқты құйтырқы сұрақтар қойды. Құр қоқан-лоққы жасаумен болды. Бірақ кейін мемлекеттік қауіпсіздік қызметінен адамдар келіп сұрағанда маған ондай нәрселер айтылған жоқ. Шонжыда таныстарың бар ма деп сұрады. Мен ол жақтан ешкімді танымайтынымды, тек Алматы маңынан, Талғардан төрт-бес адамды танитынымды айттым. Виза ашуға көмектескендер бар еді, кейін сотталып кеткен, олармен байланысым жоқ дедім. Отырғаныма 6 ай болғанда екі қазақ баланы әкеліп көрсетті, мен оларды танымайтынымды айттым.

 

– Абақтыда ас-судан қиналған жоқсыз ба?

 

– Тамақ жағы нашар болды. Уайымнан, жағдайдың жоқтығынан қатты азып кеттім. Қан қысымы жиі көтерілетін. Ондайда медициналық көмек көрсетілмейді. Дәріні бірге жататындар беріп жүрді. Жалпы, онда ешқандай да құқық сақталмайды.

 

– Ал ол жерден қалай босап шықтыңыз?

 

– Туыстарым ізденіп, еліміздің Сыртқы істер министрлігіне, Қытайдың құзіретті орындарына хат жазған ғой. Өзіміздің елшіліктен адамдар барып сөйлесті. Ақырында мені босатты. Отырғаныма 7 ай 10 күн болғанда саяси оқу орталығына жіберді.

 

– Ол қандай орталық?

 

– Саяси сенімі әлсіреген деген желеумен сондай орталықтарға апарып ұстайды. Күні бойы Қытайды, коммунистік партияны мақтайды, ту шығаруға қатысамыз, ол елдің әнұранын шырқаймыз. Тек қытайша сөйлесеміз.

 

– Сіз өзіңіз қытай тіліне жетік боларсыз?

 

– Иә. Мен ұйғырша, қытайша оқығанмын.

 

– Қысқасы, сізді, яғни Қазақстан азаматын жазықсыздан-жазықсыз қамады ғой? Ешқандай да айып таға алмай босатты. Енді не істемек ойыңыз бар?

 

– Жолын білетін, жөн сілтейтін  адамдар болса, жазықсыз жапа шектіргендері үшін тиісті орындарға шағымдансам деймін.

 

– Қытай абақтыларына қамалған қазақтар көп деп естиміз. Сол рас па?

 

– Рас. Өзімнің көргендеріме қарап қазақтар қамауға алынған жандардың 30 пайыздайын құрап қалар деп ойлаймын.

 

– Қытайдағы жағдайды көріп келген адам ретінде не айтар едіңіз?

 

– Еліміз осы мәселеге жақсылап назар аударса, дипломатиялық жолдарды қолданып, жазықсыз қамалып жатқан қандастарымызға ара түссе екен деймін.

 

– Әңгімеңізге рахмет, аман болыңыз!

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ