Пхёнчхан – ерекше қалашық

06.02.2018
Қаралды: 568

Алдағы жұма, 9-ақпанда Оңтүстік Кореядағы Пхёнчхан қаласында ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары басталады. Оған әлемнің 100-ге тарта елінен 2500-ден аса спортшы қатыспақ.

 

Пхёнчхан – Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласынан 180 шақырым қашықтағы тау бөктерінде, Жапон теңізіне жақын орналасқан шағын қалашық. Тұрғындар саны шамамен 45 мыңдай адамды құрайды. (Жалпы Оңтүстік Кореяда 50 миллионнан аса адам тұрады).

 

Бұл қалашық 2010 және 2014-жылдардағы екі қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткер болып қатысқан, үшінші әрекетінде жолы болып отыр. Дүниежүзілік Олимпиада Комитеті Мюнхен (Германия), Анси (Франция) және  Пхёнчхан қатысқан «үштіктен» оңтүстіккореялық қалашыққа таңдау білдірді.

 

Бұл қалашықтың тағы бір ерекшелігі – ол екі Кореяның шекарасындағы Канвон провинциясында орналасқан. Солтүстік Кореяда да (Корей Халықтық-Демократиялық республикасы, халқы – 25 миллион адам) осы аттас провинция бар. Яғни ол дүние жүзіндегі екі елге бөлінген бірден-бір провинцияның шегінде жатыр. Оған жақын жерден Ресейдің Владивосток қаласына паром қатынайды.

 

Пхёнчханнан 80 шақырым қашықта екі Корея арасындағы бейтарап жер бар. Ені 4 шақырымды құрайды. Туристер сол жерге барып, Солтүстік Кореяның тыныс-тіршілігін дүрбімен қарап тамашалай алады. Ол жақта Оңтүстік Кореяға қашып өтпек болғандардың жүздеген жерасты жолдарының сұлбасы да көзге шалынады деседі. (Біртұтас Кореяның 1950 – 1953-жылдар аралығында болған соғыста екіге бөлініп кеткені белгілі. Солтүстік Корея дамудың социалистік жолын таңдаған болатын. Бұл екі ел қазіргі күндерге дейін өзара соғыс жағдайында отыр).

 

Жалпы, әлем жұртшылығының назарын аударған бұл шағын қалашықтың өзіндік ерекшеліктері аз емес. Сондай-ақ онда өткізілгелі отырған Олимпиаданың да бірқатар өзгешеліктері бар.

 

Мысалы, биылғы Олимпиадаға Ресей құрама командасы қатыспайтын болды. Дүниежүзілік Олимпиада Коми¬теті оның қатысуына тыйым салды. Бұл шешімге негізінен осыған дейінгі жарыстарда бірқатар Ресей спортшыларының допингпен ұсталуы себепкер болды. Олимпиадаға ресейліктер қатыса алады, бірақ өз туының астында емес. Олар жүлделі орын алған жағдайда Ресей туы көтерілмейді, бұл елдің әнұраны орындалмайды. Сондай-ақ Ресей спортшыларына өз бөлмелері мен жаттығу залынан басқа жерде ту ілуге тыйым салынды. Дүниежүзілік Олимпиада Комитеті Ресейді осылай жазалап отыр.

 

Ал алғашында Олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеген Солтүстік Корея кейін райынан қайтты. Екі Кореяның спортшылары бір тудың астында өнер көрсететін болды.

Пхёнчхан Олимпиадасының тағы бір ерекшелігі – оған биыл көп елдер мемлекет ретінде мойындамай отырған Эритрея (Шығыс Африка) мен Косоводан (Балкан түбегі) спортшылар қатысады. Сондай-ақ Африкадағы Нигерия мен Угандадан да спортшылар тұңғыш рет қатысып, бақ сынамақ.

 

Дәстүр бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы өзара араздасқан елдерді Олимпиада кезінде бітімге келуге шақырды. Бұл – біздің дәуірімізге дейінгі 776-жылы Ежелгі Грекиядан бастау алған дәстүр. Яғни Олимпиада алдындағы 7 күннен бастап ол өткеннен кейінгі 7 күнге дейінгі аралықта бейбітшілік сақталуы тиіс.

 

...Оңтүстік Кореядағы қысқы Олимпиада ойындары 25-ақпанда аяқталады. Олимпиада кезінде спорттың негізгі 7 түрінен 102 медальдар жиынтығы сарапқа салынбақ.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ