Полатбек ЖОЛАНОВ: «Біз Астанаға Оңтүстіктің абыройын асқақтатайық деп келдік»

05.02.2018
Қаралды: 569

Ұзақ жыл құқық қорғау саласында абыройлы қызмет еткен Полатбек Жолановты Оңтүстік жұртшылығы жақсы таниды деген ойдамыз. Киелі Қазығұртта туып-өскен Полатбек мырза біраз жыл Шымкент қаласында жол полициясын басқарды, Қазығұрт аудандық ішкі істер бөліміне басшылық етті. Кәсіпкерлікпен де айналысты. Кейіннен Астана қаласына қоныс аударып, Ішкі істер министрлігінде департамент басшысы болып еңбек етті. 

 

Бізге таяуда көптен бері ел көзіне түспей кеткен жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 

– Полатбек мырза, талай жыл құқық қорғау саласында абыройлы еңбек етіп едіңіз, Астанаға қоныс аударғалы тым-тырыссыз. Қайда жүрсіз? Немен айналысудасыз?

 

– Қайдасың деп жағдай сұрап жатқандарыңа өте қуаныштымын. Біз сол 2003-жылы отбасымызбен Астана қаласына қоныс аударғанбыз. Бүгінде «Миланский кварталда» тұрып жатырмыз. Ішкі істер саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанмын. Қазір «Байтақ болашақ» деп аталатын экологиялық альянстің Ақмола облысы бойынша бас директоры болып еңбек етемін. Оған қоса отбасылық кәсібіміз бар, соны басқарамын. Құдайға шүкір, Астананың беделін, абыройын көтеруге атсалысып жатқан кәсіпкерлердің біріміз. Уақтылы салығымызды төлейміз, талай адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Нақты айтар болсам, мейрамханаларымыз бар, қонақүйіміз бар, жылыжай салғанбыз, демалыс аймағын қосыңыз, шаруа қожалығымыз бар, таяуда ғана Ресейден ешкі алдырттық.

 

Міне, осылай, айналайын! Ақырындап еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Астанаға асық ойнауға, қуыршақ ойнауға келген жоқпыз. Сәл де болса Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтарының қолынан іс келетінін дәлелдейік, беделін көтерейік деген мақсат болды. Жақсы адамдармен аралассақ, тамыр-таныс арттырсақ деп ойлап едік, онымыз да жүзеге асты. Талай адамдармен дәмдес болдық. Шүкір, өрісіміз кеңейіп жатыр.

 

– Жалпы, ауылдан шыққан қарапайым қарадомалақ баланың республикалық деңгейге дейін көтерілуі, абыройлы ардагер атануы оңай болмаса керек? Мұның сыры неде?

 

– Еңбек, еңбек, тағы да еңбек. Өз ісіңді сүйіп, шын беріле елге қызмет ету керек. Қай істе де адал, әділ болған адам талай биікті бағындырады. Менің бұған көзім жетті. Осы бағыттан таймай қызмет еттік. Соның арқасы шығар, қазір Астана қаласындағы іскерлік кеңестің мүшесімін. Кәсіпкерлік саласына қатысты жиналыстардың басы-қасында жүремін.

 

Бүкіл тыныс-тіршілігіміз Астанада болса да, Шымкентпен байланысымыз үзілген емес. Ол жақта тамыр-таныс, ағайын-туыс өте көп. Бір қызымыз сонда тұрады. Той-томалақтарына барып тұрамыз. Жалпы, ауылда болып жатқан игі істердің басы-қасынан табылуға тырысамыз. Туған еліме 1996-жылы 280 орындық мешіт салып бердім. 39 шақырым жол салып бердім. Қолдан келгенше жетім-жесірлерге де көмек көрсетіп отырамын.

 

– Аға, ұл-қыздардың бәрін үйлі-жайлы еткен боларсыздар? Қанша немереңіз бар?

 

– Құдай қосқан қосағым Есенгүл Үсіпбайқызымен екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Кенже қызымыз Әсиядан басқасының бәрі өз алдарына шаңырақ құрып, теңдерін тауып кеткен. Тәуба, Астанада дүркіретіп үш той өткіздік. Ал бүгінде Алла берген он төрт немереге ата-әже болып отырмыз.

 

– Перзенттеріңіздің арасында сіздің жолыңызды қуғандар бар ма?

 

– Кіші ұлым Бас Прокуратурада басқарма басшысы болып істейді. Бір қызым Әділет министрлігінде еңбек етіп жүр. Қалғандары кәсіпкерлікті таңдады.

 

– Кәсіпкерлік демекші, Оңтүстікте жүргеніңізде де сіз кәсіпкерлікпен айналысып едіңіз. Өзіңіздің жеке ат спортымен айналысатын клубыңыз бар еді, иппотерапия дегенді қолға алғансыз. Оның жайы не болды?

 

– Иә, ол 1996 – 2000-жылдары еді ғой. «Конный клуб» ашып, қала жұртшылығын ат өнеріне қызықтырмақ болдық. Басында әжептеуір еді, кейін адамдар атқа мінбейтін болды. Қадірін жете түсінбеді. Әйтпесе ол қызмет онша қымбат та емес еді. Кейін оны жабуға тура келді. Астанаға қоныс аударғанда асыл тұқымды жылқыларды, ақалтекелерді өзімізбен бірге ала кеттік. Қазір олар осындағы өзіміз ашқан демалыс аймағында тұр. Демалуға келген кісілер атқа мініп серуендей алады.

 

–  Өлең жазатын өнеріңіз бар екен...

 

– Иә, өнерден кенде емеспін. Мақтап қойса домбырамен он сағат ән айтудан тайынбайтын адаммын. Арасында ұрпақтарыма үлгі-өнеге болсын деп өмір жайлы өлең жазатыным бар. Оның біразына Жалғас Кеңесов деген сазгер ән шығарған. Біраз әншілер сахнада орындап жүр.

Жалпы, мені қатты ойландыратын бір мәселе бар...

 

– Ол қандай мәселе болды?

 

– Кейде жұмыс бабымен министрлікке, басқа да мекемелерге барып қалсам, жастары отыздан асса да үйленбеген, тұрмысқа шықпаған жастарды көп кездестіремін. Кейде қыздардан әдейілеп: «Неге тұрмыс құрмай жүрсіңдер?» – деп сұраймын. Бәрі бір ауыздан: «Жігіт жоқ қой», – деп жауап береді. Сосын олар астында машинасы, басында баспанасы бар жігіттерді күтеді. Жігіттер де қыздардан сондай нәрсені талап ететін болар... Ал шындығында дайын асқа тік қасық болған дұрыс емес. Екі жас бірігіп, бірлесе жинаған ақшаға дүние-мүлік алған ерекше сезім. «Бас екеу болмай, мал екеу болмас» деген сөз текке айтылмаған.

 

– Сіз үйдегі жеңгейге үйленгенде материалдық жағдайыңыз қандай еді?

 

– «Жақсы сұрақ жарты кітапқа арқау болады» дегендей, өте әсерлі сұрақ қойдың, айналайын! Баяғы жалындаған жас күнім есіме түсті. Есенкүл Үсіпбайқызы екеуміздің үйленгенімізге биыл 41 жыл болды. Осынша жыл бұрын менде қандай жағдай болсын? Жиырмадан енді асқан жігітпін. Қыздарға барып сөйлеу, оған сөз айту өте қиын, күрделі мәселе болатын. Мен үшін де, өзге жігіттер үшін де. Осы Есенгүл Үсіпбайқызымен танысып, араласып біраз уақыт жүрдім. Сонда да «үйленейік» деген сөзді айтуға батылым бармайтын. Бір күні ол кісінің қолын ұстап қалып едім, ыршып түсті. Қолымды қағып жіберді. Дәл осы көріністен кейін мен бұл қыз мені жақтырмаған болды ғой деп іштей топшыладым да, үш-төрт ай ат ізін салмай кеттім. Бірақ сезім шіркін қойсын ба, не керек, кейін екеуміз табыстық.

 

Сондағы айтайын дегенім, Есенгүл Үсіпбайқызының тектігілі ғой. Тіпті қолынан ұстатпай, сезімге беріктігін байқатуы мені өзіне ынтықтыра түсті. Сол албырт шақта сезімімнің мені алдамағанына, жар таңдауда жолымның болғанына қазір шүкіршілік етемін.

 

Екеуміз шаңырақ көтергенде жағдайымыз жоқ-тұғын. Ол маған ешқандай талап қоймады. Қаланың әр бұрышында пәтер жалдап тұрдық. «Неге анау жоқ, мынау жоқ?» деп миды ашытпады. Түзде көп жүрдім, балаларымның бәрін өсіріп, жақсы тәрбие беріп, менің абыройымды арттырған жан – ол Есенгүл Үсіпбайқызы. Сол кісінің жайдары, жайлы мінезінің, қонақжайлылығының арқасында небір үлкен қызметтегі кісілер біздің үйден дәм татты. Батасын берді. Қазір өзім іштей «Егер осы Есенгүл Үсіпбайқызымен шаңырақ құрмағанымда жай-күйім қандай болар еді?» деп ойлаймын. Яғни осы дәрежеге жетуіме жұбайымның еңбегі ерен. Бәрі, бәрі сол кісінің арқасында. Күніне мың мәрте алғыс айтсам да аздық етеді деп ойлаймын.

 

Мен Қуаныш Төлеметов мырзамен бірге Парламент Мәжілісіне депутаттыққа түскен кезде әйелім туып-өскен Төлеби ауданы халқының 64 пайызы маған дауыс берген. Мен оны да әйелімнің абыройының арқасы, мені жақсы күйеу бала деп танығанынан деп білемін. Ал енді өзім туып-өскен Қазығұрт ауданының адамдары Төлеметовке дауыс берді. Сөйтсем олар мені қайынжұртшыл, әйелінің сөзін сөйлейді, біз секілді анда-санда әйелін төмпештемейді деп жақтырмайды екен. Бірақ мен оған еш ренжімедім. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Қайсібірін түзейсің?

 

– Полатбек мырза, жарыңызды аса бағалайтыныңызды байқадық. Жалпы, кей ер-азаматтарымыз әйелін көпшіліктің көзінше мақтай бермейді. Тіпті мұны ерсі, әйелге жағымпаздану деп түсінетіндер бар. Шыныңызды айтыңызшы, сіз әйеліңізді бұрыннан мақтайсыз ба? Әлде бұл жас ұлғайған соң қалыптасқан қасиет пе?

 

– Сүйіп қосылған әйелін құрметтеу, керек жерінде қошеметтеп, қолпаштап отыру ер-азаматтың парызы. Керісінше, балаларыңды өмірге әкеліп, оларды өсіріп, тәрбие беріп, үйдің бар шаруасын дөңгелетіп отырған әйелден жылы сөзіңді аяп қалу, оны елемей-ескермей жүру ұят тірлік деп есептеймін. Оны жағымпаздану, әйелден өзін төмен санау деп емес, алғыс білдіру, оның өмірге деген құштарлығын арттыру деп түсіну керек.

 

Жалпы, мен үйленген күннен бастап әйелімді мақтап отырамын. Оны бүкіл ел біледі. Құдай осы әйеліммен ұзақ та бақытты ғұмыр кешуді, бала-шаға, немере-шөберенің қызығын бірге көруді жазсын деп тілеп отырамын. Қазақта: «Ат қадірін білмесең жаяушылық берсің жазаңды, ас қадірін білмесең ашаршылық берсің жазаңды» деп бекер айтпаған. Адамның қадірін түсіну керек. Қолда барды бағалайық дегім келеді.

 

– Сіз ұзақ жыл ішкі істер саласында еңбек еттіңіз. Қазіргі жас мамандарға көңіліңіз тола ма? 

 

– Біздің кезімізде лейтенант пен аға лейтенант шенінің арасы үш жыл, аға лейтенант пен капитан шенінің арасы 4 жыл, капитан мен майор шенінің арасы 5 жыл болатын. Яғни осы уақыт аралығында өзіңді жақсы қырыңнан көрсетуің, ешқандай сөгіс, ескерту алмай жұмыс істеуің керек. Оның өзінде шенді қызметкерлерді әбден іріктеп, сұрыптап барып беретін. Қазір де тәртіп сондай шығар. Дегенмен полиция қызметкерлерінің арасында кейде өз ісіне салғырт қарайтын, шенін пайдаланатын жастар кездеседі. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, осындай жеңіл ойлы жігіттердің кесірінен барлық полицейлердің атына кір келіп жатады. Мен осыған қынжыламын.

 

Полиция қызметкері көпшілікпен араласа білуі тиіс. Өзін халықтан төмен ұстап, алдына арызданып келген адамның ішкі күйзелісін, қиналысын өз басынан өткере алатындай қабілет болса, онда бұл қоғам гүлдене түсер еді, адамдардың полицейлерге деген сенімі де күшейер еді. Мен қазіргі жастарға адал бол, әділ бол деп айтып отырамын. Өзіне, ісіне, айналасындағы адамдарға әділ болған полицейге абырой да, атақ та, байлық та құйыла береді.

 

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет, кәсібіңіз өрлей берсін! 

 

Сұхбаттасқан – С.ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ