Студенттерге неге жатақхана салынбайды?

05.02.2018
Қаралды: 455

Редакциямызға Отырар ауданының Хасен есімді тұрғыны хабарласты. Ол кісі «Замананы» үнемі оқып тұрады екен.

 

«Басшыларға, депутаттарға  алыс ауылдарда тұратын біздің үніміз жете бермейді, – дейді ол кісі. – Ал сіздерде олардың құлағына елдің мұң-мұқтажын жеткізуге мүмкіндік бар. Сондықтан да редакцияларыңызға хабарласып отырмын.

 

Бүгінде басшылар зейнетақыны, жәрдемақыны, айлық жалақыны көбейтеміз деп жиі айтады, көбейтіп те жатыр. Теледидар жаңалықтарынан мемлекеттік қызметтегілерге түрлі мерекелер кезінде берілетін сыйақыны тоқтатып, есесіне жалақыларын арттыратыны жөнінде естідік. Олардың жалақысы жарты миллионға, бір миллионға дейін өседі дейді.

 

Ал студенттерге шәкіртақыны көтереміз, оларға жатақханалар саламыз деп ешкім де айтпайды. Неге олай?

 

Бүгінде грантпен оқитын студенттердің өзі жатақханамен толық қамтамасыз етілмеген. Ал ақылы бөлімде оқитындар үшін жатақхана табу қиын. Олар оқу ақысын төлейді, басқа шығындары да жетіп жатыр, оның үстіне жатақхана болмағасын пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Елімізде қазір осындай мыңдаған студенттер жүр, кейбірі ақшадан қысылғасын оқуын тастап кетіп жатыр деп те естиміз. Ендеше, олардың жайын басшылар неге ойламайды? «Жастар – біздің болашағымыз» дейміз, ал соларға қандай жақсылықтар жасап жатырмыз?

 

Кеңестік кезеңде жастарға қамқорлық бар еді, ақылы жұмысқа алып, іс-тәжірибеден өткізетін, жолдамамен жіберіп, жұмысқа тұрғызатын, жатақханамен, уақыты жеткенде пәтермен де қамтамасыз ететін. Мемлекеттен осындай қамқорлық көрген жастардың бойында отансүйгіштік қасиет жоғары болатын.

 

Бүгінде жолкірені өсіріп жатқан қалалар бар. Ал шәкіртақының мөлшерін көбейтуді ешкім де ойламайды. Осы шәкіртақыны да студент атаулы жаппай алып жатқан жоқ. Стипендия алмайтын, пәтер жалдап тұратын студенттің оқу сапасы қандай болмақ, ойлап қараңызшы.

 

Бұл менің айтып отырғаным бүгінде ауылдық жерде тұратын ата-аналардың бәрін қатты толғандыратын мәселе. Осыны жоғарыдағылардың, әсіресе анда-санда ел аралауға шығатын депутаттардың құлағына жеткізеді деген үмітпен сіздерге хабарласып отырмын. Бізден гөрі қолдарыңыз ұзындау ғой, түрлі жиын, кездесулерге барасыздар, сонда депутаттарға осы мәселе жөнінде де айтсаңыздар екен».

 

Редакциямызға хабарласқан азамат осылай дейді. Расында да бұл мәселе жөнінде басшылар, халық қалаулылары ойланып, бір оңды шешім жасауы керек сияқты. Халық осыны қалайды.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ