Халықты зар илеткенді қашан қоясыңдар?

03.02.2018
Қаралды: 613

Редакциямызға ел ішінен түрлі мәселелер бойынша хабарласатындар өте көп. Кешегі аптада да бірқатар азаматтар телефон шалды. Олардың екеуі коммуналдық және шаруашылық мәселелері бойынша қызмет көрсететін мекемелердің ісіне наразылықтарын білдірді.

 

«Арықты қалай болса солай қазған»

 

Бізге Мақтаарал ауданындағы Қызылқұм ауыл әкімшілігіне қарасты Еңбекші елді мекенінен телефон шалған, өзін Серікбай Шәмшиев деп таныстырған кісі осылай деді. Айтуынша, жасы 73-те, өзі ауыл биі, осындағы қоғамдық кеңесті басқарады екен.

 

«Қандай да бір ықпалы бола ма деп сіздерге хабарласып отырмын, – дейді қария. – Ауылымыздағы егістік жерлерге су каналмен келеді. Сол каналдан бір мердігер компания бізге арық қазып берген еді, ол көңілімізден шықпай тұр. Яғни олар елмен ақылдаспаған, сондықтан қажетті жұмыстар дұрыс істелінбеген. Осыны айтып аудан әкімдігіне шағымданған едік, ондағылар су шаруашылығына сілтеді. Су шаруашылығындағылар мәселені бәрібір шешпеді. Бұл орайда ауыл әкімдігі де ештеңе істей алмады.

 

Сонда қалай, енді дұрыс істелінбеген жұмыс үшін ешкім де жауап бермей ме, арығымыз сол күйінде қала ма? Біз бұл мәселенің «жабулы қазан» күйінде қалғанын қаламаймыз. Арығымызды шын мәнінде жөндеп берсін. Оған 400 гектар жері бар 80 үйлі отбасы қарап отыр ғой. Әркім осылай ойына келгенін істеп кете берсе не болады? Осы мәселені газеттеріңізде жазсаңыздар, басшылар көріп, оңды шешімін табуына жол ашар деген үміттеміз».

 

«Жағылмаған 100 текше метр газға ақы алмақшы»

 

Ал бұл сөзді бізге Төлеби ауданының орталығы – Ленгір қаласында тұратын азамат айтты.

 

«Менің аты-жөнім – Амангелді Имантаев, жасым – 76-да, – деді ол кісі. – Сендерге хабарласып тұрған себебім газ мәселесіне байланысты. Мен қазір тұтынылған табиғи газ бойынша коммуналдық өтемді төлеп келіп отырмын. Желтоқсан айына. Біз бұл айда 236 текше метр газ тұтыныппыз, соған 11 мың 585 теңге берешегімізді төледім. Бұрын түбіртек толтырған ақысына 50 теңге алушы еді, бұл жолы 150 теңге алды. Онымен қоймай бізге тағы да 100 текше метр газды қосып жазып қойыпты. Бұл қалай десем, контролер: «Оны төлемей-ақ қойыңыз», – дейді. Әрине, пайдаланбаған газ үшін өзім де ақша төлемеймін, бірақ арты қалай болып кетеді деп уайымдайсың ғой. Үстіне «пеня» деген пәлесін қосып жіберуі мүмкін. Былтыр да осылай артық жазылған 300 текше метр газға алдын-ала ақы төлеткен, кейін жағылған газ есебінен шегеріп отырған еді.

 

Бұл сонда не болғаны, не үшін бұлай етеді? Бізден басқа да көптеген үйлерге осындай артығымен жазылған «квитанциялар» барыпты. Бәрі шулап, бұл қалай деп жүр, ал оларға  нақты түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Бар айтатындары: «Компьютерде осылай, ештеңе етпейді», – дейді. Осы да жауап па? Неге олар жұмыстарын түсінікті етіп жүргізбейді, неге түсіндіріп айтпайды? Қазір біз жақта көптеген адамдарды осы сұрақ мазалап жүр. Газеттеріңізде бұл жөнінде де жазуларыңызды сұраймын. Басшылар халыққа мұның сырын түсіндіріп айтса екен».

 

...Міне, әділдік іздеп редакциямызға хабарласқан қариялар осылай дейді. Ол кісілердің жанайқайына басшылар тиісінше құлақ асуы керек! Бұл мәселелер біздің қадағалауымызда болады.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ