Ауылдарын абаттандыруда

05.02.2018
Қаралды: 827

«Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. 

 

 

Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», – деп жазды Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында. Міне, өскен ауылына деген махаббаты зор осындай азаматтар біздің өңірде де жеткілікті. Олар өткен жылы ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер жасады. Бұл жерде «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесі көптеген игі іске ұйытқы болғанын да айта кеткен орынды.

 

2017-жылы «Демеушілер тарапынан әлеуметтік қолдау» жобасының аясында жергілікті азаматтардың қолдауымен 31467 миллион теңгені құрайтын 577 жоба қолға алынды.  Жыл соңында 476 жоба аяқталып, нысандар халық игілігіне берілді. Солардың арасындағы қомақты үлестерімен ерекшеленген жандардың есімдерін атап өткеніміз абзал.

 

Мәселен, Арыс қаласында кәсіпкер Олжас Смайылов ауылдастарына 100 миллион теңгеге аквапарк салып берді. Кәсіпкер Хадиша Бижанованың демеушілігімен Қожатоғай ауылдық округінің Байтоғай елді мекеніндегі М.Мәметова атындағы жалпы орта мектебінің жанынан спорт кешені салынды. Жанашыр азаматтардың демеушілігімен Бәйдібек ауданындағы «Домалақ ана» кесенесі жанынан 340 миллион теңгеге қонақ үй салынып, пайдалануға берілді.

 

Сондай-ақ Қазығұрт ауданының Шарапхана елді мекені жанындағы жотадан «Жастар» саябағы ашылды.Саябақтың демеушісі – белгілі меценат Бекет Тұрғараев. Құрылыс құны – 25 миллион теңге.  

 

Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылында мәдениет үйі келушілерге есігін айқара ашты. Құны 70  миллион теңгелік мәдениет үйінің демеушісі – Әшім Ақарыс. 

 

Облыстық мәслихат депутаты, белгілі меценат Серікжан Сейітжанов Отырар ауданының Жаңа Шілік ауылында әлем таныған арқалы ақын Мұхтар Шахановқа  арнап еңселі мұражай салдырды. Құрылыс құны – 80 миллион теңге. 

 

Осы ауданның тұрғыны, кәсіпкер Айтқұлбек Сұлтанов 56 миллион теңгеге ардагерлер саябағын салдыртып, жерлестеріне тарту етті.

 

Ал Бестораңғыл ауылында Алмас Сыздықбековтің демеушілігімен 50 миллион теңгеге «Алаш» этноауылы бой түзеді. 

 

Облыстық мәслихат депутаты, танымал кәсіпкер Мұрат Төлтебаев Төлеби ауданындағы Сарқырама ауылын абат баққа айналдырды. Осы жұмыстарға ол 100 миллион теңгесін жұмсаған. 

 

«Отау Строй» ЖШС директоры Қайрат Молдасейітов құны 280 миллион теңгелік коррекциялық балалар бақшасын биылғы маусым айында ашпақ.

 

Кентау қаласына қарасты Ащысай елді мекенінің тұрғыны Абсабыр Кудусов  көпір салдырып берсе, ордабасылық кәсіпкер Жазира Үндемесова Қажымұқан ауылының спортшыларына 25 миллион теңгеге «Ұлытау» спорт кешенін тарту еткен.

 

Сарыағаш ауданындағы Қапланбек елді мекенінде де осындай спорт кешені пайдалануға берілді. Демеушісі – Нұрғали Ғаппаров. 

 

Сондай-ақ төлебилік Мұхтар Рысбеков Қожабек ауылынан жобалық құны 33 миллион теңге тұратын бастауыш мектепті жасөспірімдерге сыйға тартты. 

 

Түлкібастық Сейдіғаппар Мамадалиев 15 миллион теңгеге  қарттар саябағын ашты.  Шардаралық  Роман Досмұрат чемпиондар аллеясын қол күрестіруші спортшылар құрметіне арнады. 

 

Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында жанашыр азаматтар жиналып, тұрмысы төмен 4 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етті. Төлеби ауданындағы «Новостройка», Сарқырама, Қарақия ауылдарында және Ақсу өзенінің бойында қонақтардың назарын бірден өзіне аударатын ескерткіштер бой тіктеді. Бұларды ауыл жанашырлары жасатып, қойдырды. 

 

Қазығұрт ауданының Үшбұлақ елді мекеніндегі орта мектепті осыдан 20 жыл бұрын бітірген түлектер «Бәйтерек» монументін ескерткішке қалдырды. 

 

Өршіл өрендер биыл да туған жерлеріне туларын көптеп тігеріне күмән жоқ. Олар Атамекенді  асқақтата бермек.

  

«Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ