Өзі бергі жақта, ал күйеуі арғы жақта...

05.02.2018
Қаралды: 488

Қытайдағы қандастарымыздың Қазақстанға көшіп келуіне қарсы түрлі амал-әрекеттердің жасалып жатқаны, тіпті онда кейбір бауырларымыздың еш себепсіз қамауға алынғандығы туралы жиі еститін болдық. Таяуда біздің редакцияға Нұрлаш Кәтепбекқызы хабарласып, өзіне көмек сұрады. Айтуынша, ол балаларымен Қазақстанға 2017-жылдың 20-тамызында көшіп келген. Бірақ бір себептерге байланысты Қытай билігі күйеуінің мұнда келуіне тыйым салып отырған көрінеді.

 

«Мен 1978-жылы дүниеге келгенмін, – дейді Нұрлаш Кәтепбекқызы. – Біз осы уақытқа дейін Саңжы облысы, Құттыби деген ауданда өмір сүріп келдік. Екі баламыз бар. Үлкеніміз 2009-жылы, кейінгіміз 2013-жылы дүниеге келген. Ол жақта өзіміздің үйіміз, менің тұрақты жұмысым бар еді. Қытайлық бір компанияда бас аспаз болып істейтінмін. Тәп-тәуір, ел қатарлы өмір сүріп жүре берер ме едік, мен балаларымның Қазақстанда, өздерінің ата мекенінде білім алғанын, өсіп-өнгенін қалап, көшуді жоспарладым. Күйеуім де бұл ұсынысымды қолдады.

 

Содан не керек, өткен жылдың шілде айында алдымен кіші баламды алып мен келдім, Алматыға. Артынан бірер күннен кейін барлық құжаттарды туралап күйеуім үлкен ұлыммен келетін болған. Бірақ ол өзіне қауіп төнгенін сезгесін әупірімдеп үлкен ұлды бері қарай өткізіп жіберіпті де, өзі қалып қойыпты. Жергілікті биліктің өкілдері оған құжаттарын бермеген, елден шығуына тыйым салған. Бір тәуірі, қамап қоймапты. Оған биліктегілер: «Әйелің мен балаларың қайтадан осы жаққа көшіп келсін. Әйтпесе өздеріңе, туған-туыстарыңа қиын болады», – деп талап қойып отыр екен.

 

Негізі ол жақта «напос» деген бар. Яғни ол тіркеу дегенді білдіреді. Біздің кіші баламыз менің атыма тіркелген де, үлкеніміз әкесінің атына тіркелген. Сол тіркеудің кесірінен қазір күйеуім бері қарай өте алмай отыр. Атына тіркелген баласын шекара асырып жібергені үшін айыпты болған жайы бар».

 

Нұрлаш Кәтепбекқызының Қазақстанда бірде-бір туысы жоқ. Тек осыдан бірер жыл бұрын күйеуінің ағасы көшіп келген екен. Бірақ олардың бұл кісіге көмек берердей қауқары жоқ көрінеді. Екі баласымен барар үйі, жатар жері болмаған Нұрлаш көп қиыншылық көріпті. Ептілігінің арқасында қолындағы бар қаражатқа Қаскелеңнен пәтер жалдап тұрып жатыр екен.

 

«Мұнда келгесін Қазақстанның азаматтығын алу үшін құжат өткізіп едім, онымнан түк шықпады. Ал азаматтық алмаған адамның тұрақты жұмыс таба қоюы тым қиын екен, – дейді Нұрлаш. – Қолда бар қаражат таусыла бастағасын күйеуіме ақша сал деп едім, оған да рұқсат етпей жатыр. Анда-санда телефонмен тілдескеніміз, жағдай сұрасқанымыз болмаса, жарытып ештеңе айта алмаймыз. Себебі бәрін ол жақтағы билік өкілдері тыңдайтын көрінеді.

 

Балаларым әлі жас, таңнан кешке дейін оларды тастап жұмыс істеуге мүмкіндігім жоқ. Күзде, жылы кезде кафеде аспаз болып жұмыс істегенмін. Кейін одан да шығып кеттім. Қазір балаларымның киімі, тамағы, пәтердің ақысы бар, қайда, кімнен көмек сұрарымды білмей отырмын. Кешегі бейсенбі, 1-ақпан күні визамның уақыты бітті. Уақытша тіркеуге тұра алмадым. Азаматтығым да жоқ. Яғни қазір бар-жоғым белгісіз біреу болып тұрмын».

 

...Осыған байланысты Нұрлаш Кәтепбекқызы көпшіліктен көмек сұрап отыр. Ол заңнан хабары бар азаматтар құжат мәселесіне көмек көрсетсе екен дейді. Сондай-ақ жаны жомарт, қайырымды азаматтар материалдық жағынан көмек көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

«Көп адамнан материалдық көмек көрсететін кісілердің пиғылы нашар болады, олар қорғансыз әйелдерді пайдаланады дегенді естіген соң жұртқа қиыншылығымды айтуға, көмек сұрауға қорқып келдім. Бірақ енді басқа амалым болмай отыр. Егер бөтен ойы, пиғылы жоқ, жақсы азаматтар болса, Алла разылығы үшін маған көмектессе екен», – дейді қандас бауырымыз.

 

«Әр қазақ – менің жалғызым» дейтін кісілер болса, «елім, жерім» деп келген Нұрлаш Кәтепбекқызына қол ұшын берейік, ағайын! Құжаттары дұрыс болмағандықтан банктен шот ашуға да мүмкіндігі жоқ екен. Онымен тек телефон арқылы хабарласып, көмектесуге болады. 

 

Нұрлаш Кәтепбекқызының байланыс телефоны: 8-707-259-44-56.

 

C. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ