Оңтүстік Корея елінде емделіп келді

01.02.2018
Қаралды: 1346

Шымкенттік Бауыржан есімді жігіт жақында Оңтүстік Кореяға барып қайтты. Медицинасы дамыған елде ем алған азамат бізге ол жақта көрген-білгендерін айтып берді.

 

Жұмыс іздеп барушылар көп 

 

«Он жыл болды, асқазаннан басталған ауру бауырды бүлдіріп, одан бүкіл ішкі құрылысыма әсер ете бастады. Ас іше алмай қалдым. Асқазаным ас қорытпайды, ішім де жүрмей қалды. Бауырда гемангиома пайда болды. Ол кезде Түркияда – Стамбулда оқитынмын. Ондағы дәрігерлер дәрі берген. Бірақ оны уақтылы ішуге, тиянақты ем алуға уақыт бөлмегендіктен әсері бола қоймады. Күш-қуатым кете бастағанда ауруды әбден асқындырып алғанымды білдім. Елде ем қонуы қиындаған соң былтыр Оңтүстік Кореяға барып қайтқан бір әпкемізге хабарластым. Оның әкесіне қатерлі ісік деген диагноз қойылған болатын. Оңтүстік Кореядағы дәрігерлер оны толық тексере келе бұл диагнозды жоққа шығарыпты. Біздегі дәрігерлердің рак деп жүргені ағзаға жиналған тас болып шыққан. Оны бар-жоғы 10 минутта лазермен алып тастағанын айтып жүретін. 

 

Әпкем әкесін емдетуге көмектескен «посредникпен» хабарласты. Негізі мұндай істе жол білетін адаммен ақылдасқанның пайдасы көп екен. Әйтпесе  қымбат ақыға ұрынып қалуыңыз мүмкін. Ал әлгі «посредник» – кезінде Өзбекстанда тұрған, сонда жұмыс істеген кәріс дәрігер. Қазір Оңтүстік Кореяда жұмыс істейді. Мен медициналық қағаздарымды соған жібердім. Олар бізге шақырту жіберді. Сөйтіп желтоқсанның оны күні жолға шықтым», – дейді Бауыржан.

 

Елден шығарда ол біраз кедергіге тап болыпты. Айтуынша, біздің елден Оңтүстік Кореяға барушылар мыңдап саналады дейді. Саяхаттап бара жатырмыз деп шекара асатын азаматтар үш жылдап елге қайтпай қалады екен. Себебі ол елде жұмыс табу оңай, оған төленетін ақы да жоғары. Қара жұмысшы болғанның өзінде күніне кемінде 100 доллар табады деседі. Сондықтан әуежайдағы кеден бекетінде медициналық орталықтың шақырту қағазын көрсетсе де сенбей, кеденшілер Бауыржанды біраз сұрақтың астына алыпты. Оңтүстік Кореяға бару себебін түсіндіре алмаған талай адамды кері қайтарған. «Посредник» телефонмен түсіндіріп, дәлелдегеннен кейін ғана Бауыржан жанындағы бөлесімен бірге ұшаққа өтеді.

 

Үйлері 25 қабатты

 

«Біз Сеулге жақын жерге тоқтадық. Сеул өте үлкен, сондай таза қала екен. Онда 11 миллион халық тұрады. Тұрғындарының сыпайылығы ерекше. Ері де, әйелі де бір-біріне біздегі келіндер сияқты иіліп сәлем береді. Өздері үнемі күлімдеп жүреді. Адамдарының бәрі кішкентай бойлы, шағын денелі. 

 

Онда пластикалық операция жақсы дамыған дейді. Содан ба, бәрінің беттері жылтырап жүреді, жас көрінеді. Біздің елден ол жаққа жұмыс істеу үшін баратындар көп болса, Қытайдан пластикалық ота жасатуға баратындар көп екен. Баста беттері мыжырайып, көздері сықсиып қалған олар отадан кейін жасарып, көздері бақырайып шыға келеді ғой. Содан құжаттағы суреттеріне ұқсамай, соның салдарынан шекарадан өте алмай, айлап жүріп қалады екен. Мұны бізді күтіп алып, қонақүйге орналастырған адам айтып берді. 

 

Біз Сеулден жылдам жүретін пойызбен Тегу деген қалаға бардық. Екі қаланың арасында пойыз 2,5 сағат жүретін болса, соның 1 сағатында Сеул ішінде жүрдік. 

 

Жалпы, Оңтүстік Кореяда қалалар бір-біріне жалғасып қалған. Бос жатқан алақандай жер көрмейсіз. Өйткені жері кішкентай, ал халқы – 50 миллионнан асады. Бес қабатты үй көрмейсіз, бәрі де 20-25 қабатты және одан да биік үйлер. Жол бойында бірде-бір жер үй көрмедік. Есесіне жылыжай көп. Байқағаным, онда бос жүрген адам жоқ. Халқы қанша көп болса да көшелерінде «пробка» жоқ. Жер астына да, үстіне де метро салып тастаған. 

 

Олардағы қыс біздегі ерте көктем сияқты: аздап жел, сәл салқын демесеңіз, суық ызғар жоқ. Тынық мұхиттың жағасындағы ел ғой.

 

Тамақ бағасы қымбаттау, 100 доллар шамасында. Бір асқа тапсырыс берсеңіз, жанына бес-алты түрлі салатын қоса әкеледі. Кей жерлерде 10, 20 долларлық арзан тамақтану орындары да бар. Онда осы ақшаға 100 түрлі астан қалағаныңша жей бересің. Бірақ құнарсыз, тез қорытылып кетеді.

 

Олар негізінен теңіз тағамдарын тұтынады екен. Мысалы, спагеттиге тапсырыс берсеңіз, үстіне суға бүтіндей пісірілген үлкен теңіз сегізаяғын салып әкеледі. Оның аяқтарын кәдімгі қайшымен кесіп жейді екен. Біз мұндай асты жей алмадық. Ішек-қарнымен қоса бүтін пісірілгенін көргенде дәмін татуға да бата алмадым. Нан таппадық. Тек «булочка» бар, оның өзі кішкентай ғана. Ол жақта болған 8 күнде нанды кәдімгідей сағынып қалдық», – дейді кейіпкеріміз. 

 

Медицинасы қатты дамыған

 

Бауыржан Оңтүстік Кореядағы медициналық қызмет ақысы қымбаттау болғанымен қызмет сапасы мен дәрігерлердің біліктілігі өте жоғары дейді. Анализдерді онда бас-аяғы екі күн ішінде тапсырып үлгерген. Сағаттап кезек күттіру деген жоқ, келушілерді тез-тез тексеріп жібереді екен. Әркім өз еліндегі медициналық қорытындыны алып барғанымен ондағы дәрігерлер әрбір келушіні өздері бастан аяққа дейін қайтадан түгел тексеруден өткізетінін айтады. Аудармашыдан ол жаққа емделуге әсіресе Якутиядан барушылар көп екенін естіген. Оңтүстік Корея дәрігерлері алғашқы сатыдағы қатерлі ісікті екі ай ішінде толық емдеп-жазып жібереді дейді. Сондықтан ол жаққа осы диагнозбен барушылар көп екен. 

 

Бауыржан бірінші күні көз, құлақ, жүрек, қан мен зәр талдамасын тапсырыпты. Оған 500 доллар төлеген. Бауырды тексеруге 850 доллар жұмсалды дейді.

 

...Оңтүстік Кореяға барып қайтқан жігіт бізге осындай қызықтарды айтып берді. 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ