Күй үйрететін жігіт

01.02.2018
Қаралды: 197

Белгілі өнер жанашыры, жас та болса осы саланы зерттеуге, оның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген күйші Рүстем Нұркенов Астанада өзінің арнайы орталығын ашып, адамдарға күй тартуды үйретуде. Біз кешегі аптада Рүстеммен хабарласып, оның жұмыс барысы жөнінде сұхбаттастық.

 

– Рүстем, алдымен өзіңізді оқырманға жете таныстыра кетейік. Өнер саласында қай кезден бері жүрсіз? Қазір қайда тұрасыз, қандай жұмыспен айналысасыз?

 

– Мен домбыра тартуды 5-сыныпта жүріп үйренгенмін. Нағашы атам күйші еді, сол кісіге қызығып жүріп, ақырында осы саланы таңдадым. Өзім Аягөз қаласының тумасымын. Алғашында Семейдегі музыкалық колледжде, кейін Алматыдағы Өнер академиясында оқыдым. Кейін біраз мекемелерде жұмыс істедім. Жалпы, күй тартуды 10 жасымда бастадым десем, бүгінде бұл салада жүргеніме 20 жыл болыпты. Қазір Астанада тұрамын, ғылыми жұмыстармен айналысамын. «Күй ордасы» деп аталатын орталық ашқанмын, сонда жұмыс істеймін.

 

– Таяуда әлеуметтік желідегі парақшаңызда ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығы құрметіне Тәттімбеттің, Байжігіттің, Ақай қажының, Жүнісбайдың, Таласбектің кез келген шертпе күйлерін тегін үйретемін деп жазған едіңіз. Соның нәтижесі қалай болды?

 

– Мақтана алмаймыз, өкінішке орай. Бізге содан кейін түрлі сұрақтарын қойып хабарласқандар, «үйренгіміз келеді, барамын» дегендер өте көп болды, алайда іс жүзінде бір-ақ адам келді. Оның өзі де одан кейін қарасын көрсетпей кетті.

 

– Себебі неде деп ойлайсыз?

 

– Себебі әрекетсіздікте ғой, әрине. Адамдар күй үйренуді қажетсіз іс көреді. Оның үстіне қазір күйге қамқорлық жоқ, ол жөндеп насихатталмайды. Ал үйренемін деген адамның оған шыдамы жетпейді, құнттамайды. Одан гөрі күнкөріске, ақша табуға қатысты істер маңызды болып кетті. Үйренемін деп талпынғанымен кейін «слухым» жоқ екен деп сылтаурататындар да бар.

 

– «Слух» демекші, адамның есту-қабылдау қабілетіне де көп нәрсе байланысты емес пе?

 

– Мен бұл істе адамға ең басты керегі ерік-жігер дер едім. Шыдамды, еңбекқор адам домбыраны, күй тартуды үйрене алады.

 

– Өзіңіз осы уақытқа дейін қанша адамға күй тартуды үйреткен едіңіз? Есебін алып көрдіңіз бе? Үйренгендер жасы қай шамадағы адамдар?

 

– Жас шамаларын 5-тен 60 жасқа дейінгілер деуге болады. Көбіне 20-35 жас аралығындағылар хабарласады. Ал есебі... жалпы, есептей бермейміз ғой. Күй тартуды шамамен 100-дей адамға үйреткен шығармын. Соңғы 3 айда 15 шақты адамға үйреткенім анық.

 

– Төмен көрсеткіш емес сияқты. Бұл тек Астанада ғана болар? Сізге басқа облыстардан хабарласушылар бар ма?

 

– Басқа облыстардан хабарласушылар бар. Ғаламтор арқылы үйретсейші дейді. Алайда оларды қашықтан үйрете алмаймын. Бірақ басыма бір ой келіп жүр.

 

– Ол қандай ой?

 

– Жоба десем болады. Өзімнің әдістемем арқылы бейнесабақтар шығарып, таратсам деймін. Өзге облыстағылар содан қарап үйренер еді.

 

– Орталықтарыңыздағы күй үйретудің ақысы қандай?

 

– Біз күйді үйретудің 45 минуттық 1 сабағына 1900 теңге деп баға қойғанбыз. Бұл қымбат емес. Астанада 2000 – 3000 теңге ақы алатындар да бар. Несін жасырамыз, күй үйренуге талап білдірушілердің 10 – 15 пайызы осы «ақылы» деген сөзден қашады. Ал негізінен шыдамдылық танытып, үйреніп алса, ол өзіне, туыстарына пайдалы болар еді. Үйінде домбыра тұрса, оны тартып үйренуге әркім-ақ құмартады емес пе?

 

– Күй тартуды үйрету әдістеріңіз қалай?

 

– Аса күрделі емес. Домбыра тарта алмайтындарға алғашында жеңіл әндердің мақамын тартқызып, сосын меңгерілуі оңайырақ күйлерді үйретеміз. Ал күй мәселесіне келсек, бірінші төкпе күйге машықтандырып, қолын үйретіп, шертпе күйді содан кейін үйреткен жақсы. Жалпы, күйді үйретіп қана қоймаймыз, үйренуші адам оның шығу тарихын да білетін болады.

 

– Күй тартуды жақсы меңгеру үшін қанша уақыт үйрену керек?

 

– Бұған үш-төрт ай уақыт жұмсалады. Негізгі бірнеше күйді меңгеріп алса болды.

 

– Өзіңіз қанша күй білесіз?

 

– Арғысы Асан қайғыдан, бергісі кешегі Қаршыға ағаларымыздың туындыларына дейін біраз күй білемін. Есептеп көрген емеспін. 200-дей десем болатын шығар.

 

– Негізгі мақсатыңыз қандай?

 

– Әрине, қазағымның төл өнерін жұрт көбірек үйренсе, меңгере түссе екен деймін. Бұл бәрімізге де керек қой.

 

– Ендеше, мақсаттарыңыз орындалсын, күй үйренетіндердің қатары арта берсін дейміз.

 

Р. ҚЫДЫР.

Рүстем Нұркеновтің байланыс телефоны: 

8-705-506-92-64.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ