Қанатың боп ұша алмасаң, сол жаман...

30.01.2018
Қаралды: 556

(«Жүректен шыққан 100 өлең» топтамасы)

 

Бұлбұл құс

Жасандылық болмаған соң қанында,

Қандай үйдің отырса да бағында,

Ғажап үнді кіп-кішкентай бұлбұл құс,

Сайрайды тек бір әуезді сарында.

 

Қарамайды үй егесі жарлы ма,

Артық көрмес дүниесі барды да.

Алаламай ән шырқауды шынайы,

Мақсат етіп қойған дерсің алдына.

 

Ол өтірік сайрамайды әсте де,

Қай кезде де ойында жоқ ештеңе.

Өзгені алдап, өзін қинап жатпайды,

Сыр бермейді таңертең де, кешке де.

 

Бұл көрініс жетелейді сан ойға,

Үлгі болса дейсің ол құс талайға.

Кей адам бар меңгергенмен сайрауды,

Дәл бұлбұлдай бола алмайды алайда.

 

Көрінетін құдды бұлбұл пішінде,

Аз емес-ау пенделер ел ішінде.

Әттең бірақ сақталмайды солардың,

Біркелкілік мінезінде, ісінде...

 

Шырмауық

Бау еккен жан құдайынан үмітті,

Гүл еккендер ойға алар ма күдікті?

Жасыл желек жапырағын жайғанда,

Бір кесір бар бастайтұғын бүлікті.

 

Көргенде оны дір етеді жүрегің,

Діңкелерсің таба алмастан бір емін.

Оған қарсы қанша майдан ашсаң да,

Нәтижеге жету қиын, білемін.

 

Бұл – шырмауық. Сүйкімсіз шөп кәдімгі,

Абдыратып, ойға салған бәріңді.

Аямайды ол гүл ме, әлде жеміс пе,

Өз күні үшін сорып алар нәріңді.

 

Су іздеп, не күн іздеп ол жатпайды,

Қашан көрсең сергек қалпын сақтайды.

Орала өсіп, гүлдеуі де әп-сәтте,

Уақыт созбай, ұрық шашып тастайды.

 

Жылдан жылға түрі де оның көбейді,

Арсыздықты қандай күштер жебейді?

Шарасыздық шырмауына шатылып,

Бұлқынарсың өксік қысып көмейді.

 

Жаны сірі өлермен бұл не деген,

Оған басқа қандай баға берер ең?

Өмірдегі қиянатшыл арсызды,

Дәл осындай шырмауыққа теңер ем.

 

Ойға келер қайдағы мен жайдағы,

Қоғамды да шырмауық – дерт жайлады.

Аттап бассаң, тұсау түсер аяққа,

Қарау жандар тұнығыңды лайлады.

 

...Әр нәрсенің шегі болар тегінде,

Ей, шырмауық, бітер сенің демің де!

Маңдай термен гүл өсірген жерімде,

Мамыражай күнім туар менің де!

 

Кептер

Жұрт білетін бір құс бар кептер деген,

Бастан нені бұл кептер өткермеген?

Қолбала қып асырап оны адамдар,

Әу бастан-ақ өзіне шет көрмеген.

 

Қай құсың да жем шашсаң жақындар да,

Жақын келсе алыстар қақың бар ма?

Сүйкімді әрі момын деп шын сүйсініп,

Жыр арнаған оған көп ақындар да.

 

Аз емес жұрт бұл құсты қызықтаған,

Қорғаштадың тиіссе бұзық балаң.

Айналшықтап адамды жүреді ылғи,

Сыры бар ма кептердің біз ұқпаған?

 

Әңгіме деп айтам ба мәнді мұны,

Ол шіркіннің кейде бар паң қылығы.

Бірақ, бірақ... Әттең-ай! Бұл құсыңның,

Тынбайды екен артынан саңғырығы...

 

Ауызы да жем жеуден бір тынбайды,

Сөйтіп жүріп өзара қутыңдайды.

Ұясын да салақтау салады екен,

Ұқыптырақ болуға ұмтылмайды.

 

* * *

 

Пікірі де адамның өтпелі ме,

Көзқарасым өзгерді кептеріңе.

«Әдемілік кей кезде алдамшы екен», –

Деп жаздым мен өзімнің дәптеріме.

 

Үй құстары

Қиқу салып, ұшса аспанда тырналар,

Табиғаттың тылсым сыры жырланар.

Сол дүрмекке елеңдеп көз салғанмен,

Кейбір құс бар ол қызықтан құр қалар.

 

Желік бітіп, көрген кезде ондайды,

Жерде тұрып бұл да қанат қомдайды.

Мойнын созып, сілкінгенмен алайда,

Өз денесін көтере алмай сорлайды.

 

Ол – кәдімгі қолдағы үй құстары,

Дайын оның жайлауы мен қыстағы.

Қолдан жем жеп қоңданатын олардың,

Ешкімге де қызық емес ұшқаны.

 

Бұл шіркіннің тоқ болғанмен қарыны,

Жоқ болғаны-ау қабілеті, қарымы.

Еркін самғап биіктерде жүрмесең,

Кімге керек қанатыңның қалыңы?

 

Кім бас тартсын тиесілі олжадан,

Қанатың боп ұша алмасаң, сол жаман.

Ал сен өзің самғадың ба өмірде,

Биігіңе жете алдың ба болжаған?

 

Жасырмай айт, шындықты ел білсін де,

Көз тайдырып, төмен қарап күрсінбе.

Қоңданып ап, қоқиланып, қопаңдап,

Сен де солай қолдан жем жеп жүрсің бе?

 

Көбелек пен инелік

Біздің бақта гүл өседі сан қилы,

Мұрын жарып, жұпар иісі аңқиды.

Келген мейман қызығады тамсанып,

Тіпті кейде ыңылдайды ән салып.

Бұл туралы емес бірақ әңгіме,

Түйін түймей әңгімеміз мәнді ме?

Парасатпен пайымдасақ алайда,

Бір көрініс ой салады қалай да.

Бақта назар аудартады көбелек,

Әсемдігі көз арбайды, не керек!

Көбелекті көрген адам шаттанар,

Сөйтіп оған көрер көзге бақ қонар.

Қағып-қағып жібергенде қанатын,

Тәнті болып жыр арнаған сан ақын.

Бұл көбелек ән-күйдің де арқауы,

Мүмкін емес базары оның тарқауы.

Сондықтан да сенімді боп ұшады,

Байыз таппай барлық гүлді құшады.

Қайда болсын жолы ашық тұрғандай,

Елдің бәрі оған бүйрек бұрғандай.

...Дәл сол кезде екіұдайлау күйге еніп,

Көз алдымда тұрар менің...  инелік.

Мекен тауып алғанмен сол ауладан,

Жұрт назары  оған ешбір аумаған.

Бұл бейшара сүйкімсіз бе сұрықсыз,

Неге оған қарауға ел құлықсыз?

Ақын да жоқ оған сөзін арнаған,

Суретші де елтіп сурет салмаған.

Осы да өзі әділдік пе, қарашы,

Адамдықта қандай мұның бағасы?

Тіршілікке бірдей көзбен қарамау –

Алалау ғой, жүректерді жаралау.

Көрген кезде қызыл-жасыл, жылтырды,

Көрсеқызар көңіл соған ұмтылды.

Жылтыраққа әу бастан-ақ құмармыз,

Сөйтіп бәрін сырт көркімен сынармыз.

Сұрауы бар арзанның да, аздың да,

Мән бердің бе ішкі әлем, мазмұнға?

Әсемдікке әркім әуес десек те,

Бағалауды құру жөн бе есепке?

...Жә, бауырым, гәптің бәрі басқада,

Көзіңді шел қаптаса сол масқара!

 

Қара қарға

Есептелмес сұлу боп қара қарға,

Ақылды құс деп сірә саналар ма?

Ал бірақ та бірігіп үн қатудан,

Адам шіркін қарғадай бола алар ма?

 

Қарғаны әсте бұл адам бағалар ма,

Мысал етер біреуді табаларда.

Бас көтерер күн туса топтасып ап,

Сол қарғамен адамың бара-бар ма?

 

Ұшады ылғи топ құрап қара қарға,

Ұйымшыл боп мұншама жаралар ма?

Ал адамдар бола алмай қарға құрлым,

Жалғыз қалар қиянат, жалаларда.

 

Мисыз деуге лайық па қара қарға,

Милы жандар осыны саралар ма?

Қарғалардың қалың боп ұйысуы,

Ой салса екен адамдық саналарға...

 

Иса ОМАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ