Соғыс ардагері қаладан үй алғысы келеді

28.01.2018
Қаралды: 415

Ұлы Отан соғысына қатысып, жерімізді жаудан қорғаған ардагерлердің қатары жылдан-жылға азайып келеді. Бүгінде сол қатары сиреген ардагерлердің өзін лайықты дәрежеде ардақтай алмай жүрген сияқтымыз. Біздің бұлай деуімізге белгілі заңгер, «КЕШ» құқық қорғау орталығының директоры Камиша Есмұхамбетқызының әлеуметтік желіге салған бейнежазбасы себеп болып отыр. Таяуда ол кісіге Шымкент қаласында тұратын Жаңбырбай Байдаров есімді соғыс ардагерінің перзенттері шағымданыпты. Кешегі аптада біз заңгердің өзімен хабарласып, мән-жайды білдік.

 

«Маған Жаңбырбай атаның келіні хабарласқанда мен мұны жалған ақпарат шығар деп ойладым, – дейді К. Есмұхамбетқызы. – Бәлкім олар өз құқықтарын дұрыс пайдалана алмай жүрген шығар, әлде құжаттарында қандай да бір шикілік бар ма екен деген оймен істі қарап шықсам, атамыз баспана алмақ түгілі, баспана кезегіне де тұра алмай жүр екен. Осыдан кейін мен Алматыдан арнайы Шымкентке барып, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің осы мәселеге жауапты орынбасарына жолықпақшы болдым. Алайда оларға кіріп, мәселенің мән-жайын айтуға мүмкіндік берілмеді.

 

Не керек, біз қалалық әкімдікке бардық. Бірақ ондағылар бізді адам екен-ау деп елеген жоқ. Ақыр-соңында Бейсенбек Жанбосынов есімді орынбасарға жолықтық. Ол кісі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 67, 72, 74-ші баптарына сүйеніп, әзірге ақсақалға баспана берілмейтінін жеткізді. Аталмыш заңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй осы елді мекенде тұрақты тұратын және соңғы бес жыл көлемінде иелігінде баспанасы болмаған азаматтарға беріледі делінген.

 

Осы ретте айта кетейін, Жаңбырбай атамыздың атында 2014-жылға дейін үй болған. Ол үй Сарыағаш ауданындағы Қоңыртөбе ауылында, оған әкесінен мұра болып қалған. Бүгінде ол жерде атаның балалары тұрады, ал өзі Шымкент қаласының тұрғыны болып тіркелген. Міне, әкесінен мұра болған үйді биліктегілер сылтауратып, ардагерді баспанадан айырып отыр. «Енді бұл ақсақал тек 2019-жылдың сәуір айында ғана баспана кезегіне тұра алады», – дейді Жанбосынов мырза». 

 

Камиша ханым әкімдіктегілер алға тартып отырған заң ардагердің баспанасыз қалуына себеп бола алмайды дейді. Өйткені «Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектері мен оларға теңестірілген азаматтарға берілетін жеңілдіктер мен олардың әлеуметтік қорғалуы туралы» Қазақстан Республикасының 1995-жылғы 28-сәуірдегі Заңының 3-тарауы, 11-бабында бәрі басқаша жазылған екен. Онда «Егер Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңына сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж деп танылса және бұрын бірінші кезекті пәтер алу құқығын пайдаланбаған болса, жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар оларды бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етеді», – деп көрсетіліпті. Заңгер осы бапты негізге ала отырып, ақсақалдың баспаналы болуы тиіс деген пікірде.

 

«Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Мен осы мәселе бойынша арнайы арыз жазып, оны Президент Әкімшілігіне жөнелттім. Осы бір-біріне қарама-қайшы екі заңның ара-жігін ажыратып, ардагер ақсақалдың баспаналы болуына атсалысуын сұрадым. Егер ол кісілер оң жауабын берсе, мен сотқа арыз жазып, ақсақалды осынша уақыт әуреге салғандардың жауапқа тартылуын әрі қарияны жеделдетілген түрде баспанамен қамтамасыз етуін талап етемін», – дейді заңгер.

 

...Жаңбырбай Байдаров ата соғыстан қайтқасын 33 жыл мектепте ұстаздық еткен екен. Өзі бірінші топтағы мүгедек. 8 баланың әкесі. Қазір жасы 95-те. Әрине, аман болсын деп тілейміз ғой, дегенмен 2019-жылға дейін ақсақал арамызда жүре ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Сондықтан әкімдіктің жүріп-тұруы қиындаған қарияны ары-бері сандалтқаны ұят тірлік деп есептейміз. Және таяу уақытта бұл мәселе оң шешімін табады деген үміттеміз.

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ