«Атадәм» деген атау қып-қызыл айтыс туғызды

30.01.2018
Қаралды: 756

«Замананың» биылғы 15-қаңтар күні жарық көрген 2-нөмірінде Шымкент қаласының тұрғыны Бекен Елубайұлының «Бесбармақ» емес, «Атадәм» деп атайық» деген мақаласы жарияланғаны бел­гілі. Бұл мақалада автор қа­зақ­тың ұлттық тағамын бүгінде әркімнің әрқалай атап жүр­генін, әсіресе «бесбармақ» деген атты оған лайық көрмей­тінін айта келе оны «Атадәм» деп атайық деген ұсыныс білдірген болатын.

 

Газет оқырманының бұл мақаласы көпшілік арасында қызу пікірталас тудырды. Ол әлеуметтік желідегі топтар арасында өте белсенді түрде талқыланды, оны «Ұлт.кз», «Қазалы.кз» сияқты бір­неше сайттар көшіріп басты, «Караван.кз», «365 инфо» секілді бірқатар орыстілді ақпарат құралдары аударып жариялады. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы құлақтанған мыңдаған адам бұл мәселеге байланысты өзінің пікірін білдірді. Біз солардың біразын оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Сонымен, кім не дейді?

Әлімбай Найзабаев: «Ет» деген атауынан басқа атау жоқ. «Ет асамыз», «ет асыңдар», тағы бас­қа.

Қайырбек Тайшыбаев: Қумаңдаршы-ей! Ақылы кем қазақ десе ренжисіңдер, бірақ істерің сондай. «Атадәм» де емес, «бешбармақ» та емес – «Ет». Болды.

«Нұртамақ» демегеніне шүкір... Күлкім келеді.

Дидар Пернебек: Жап-жақсы атау екен. Атадәм. Ұнады.

Медет Ақмалин: «Әжедәм» деп атайық.

Омарбек Бейсалы: Қай «ғұла­ма» бұл өзі?

Албан Албан: Керемет ұсыныс! Мен қолдаймын.

Бақытгүл Құлжанова: Сонда «ет асамыз» дегеннің орнына «атадәм асамыз» дейміз бе?

Амантай Исин: Бесбармақ – тағамдарымыздың ішінде әлем кулинариясында орныққан (жайбасарлықпен орнықтырмаған болуымыз да мүмкін) әлемдік бренд. Ет асып, оны ұсынудың қазақша тәсілі.

Мархабат Әженов: Бұл сөздің әрқалай мағынасы бар. Мысалы, қонақ келсе, әйеліне қазан көтер дейді, бұл – ет ас дегені. Қонаққа барсақ, ет жеп қайттық дейміз. Сол сияқты, «қамыр ауқат», «ет» көбірек айтылады. Бір жиындарда не тамақ береміз деп ақылдасқанда ет асамыз дейді ғой. Ет. Ет-қамыр ауқат.

Олжас Тумабай: Жаңа атаудың не керегі бар? Ет деген бұрын­ғы өз атауында қалғаны дұрыс. Бесбармақ деген – орыстардың қойған атауы, бізді жабайы деп мазақ ету үшін. Атауы жоқ нәрсеге атау іздейді емес пе? Бұл тамақтың атауы бұрыннан бар.

Бауыржан Көпешбаев: Бұл тағамның аты «Ет» деп аталады. Бұрын оған қамыр салмаған, еттің өзін жеген. Бесбармақ – беріде шыққан ол сөз. Өзбектер «Бешбармақ» деген шығар.

Иман Али: Оттаған немелер, оның арғы жағында «атаукере» деген сөз дайын тұр ғой. Біздің жақта «Ет» дейді. «Бесбармақ» деген сөз кейін орыстың қазақты кемсітуінен пайда болған, соны өзімізге жұқтырып алдық.

Жанаргүл Бекмырзаева: Ет деген дұрыс. Оған әр аймақ картоп, сәбіз, қамыр қоса ма, өздері білсін. Тәтті ауыздың дәмін ке­тірмей, баяғыдан келе жатқан «Ет» деген дұрыс.

Бақытжан Ілиясов: Жай ғана ет тамақты өздеріңше талқылап, ат қоятын кімсіңдер өзі?! Шаруаларың болмасын. Ет пе – ет. Болды!

Клара Лаханқызы: Егер да­уысқа салса, «бешбармақ» деген атау  термин күйінде қалады. Қазақта құртылмаған не қалды? Қымызын да неміс иемденді. Енді жейтін ауқатына жабысып не көрінді айдың, күннің аманында? Бір асым ет болса, жақсылап бешбармақ жасап жеп отырайықшы тыныш қана.

Таубай Әлхай: Жалпылама атауы атам заманнан бері – «Ет». Қонақ келсе де, той болсын, құдайы болсын бесбармақ аспайды, ет асады ғой. Сондықтан бүйректен сирақ шығарудың еш­қандай қажеті жоқ.

Айназ Бимурзина: «Ет тамақ» та дұрыс емес. Әке-шешеле­рі­мізден ақылды емеспіз, керісінше, олар кемеңгер, дана. «Ет ас», «қа­зан­ға ет сал» дейтін қонақ келгенде. «Ет асу» дегенді өзгерткен дұрыс емес. Бас­қа қай халық қырық құбылып астарының атын ауыстырып жатыр? Ұлттық тағамдары сол бабалары атап кеткен атымен жүр.

Әділхан Мұратов: Қазақ бас­қа ұлттарға қарағанда етті көп жеген. Қазақтың негізгі тағамы – ет. «Ет салыңдар», «ет асыңдар» деп жатады. Қамыр – еттің гарнирі ғана. Негізгісі – ет. Сондықтан «Ет» деген атауды өзгертудің қажеті жоқ деп білемін.

Теңел Тоқмырзаев: «Бесбармақ» деген сөзге жыным келетін еді, енді мынау тіптен екен. Бұрын «Ет тамақ жейміз», «ет асу» дейтін едік қой, содан шатасып кетіп бас­қа бірдеңе жеген кезіміз жоқ еді.

Әбубәкір Атабеков: Еттің үстіне қамыр қояйық, сосын бас­қаша атай беруге болады.

Гүлжан Асауова: Не істерін білмей жүрген жұрт.

Мейрам Бөртебаев: Бесбармақ – лайықты тамақ.

Нұрлан Қайдосов: Ешқандай басқа атау керек емес. Аталарымыз ет деп атаған, біз де солай атай береміз. Астында қамыр болсын, күріш болсын, маңызды емес. Бастысы, алдыңа табақпен қазақтың сүйікті асы – ет тартылды.

Сәбит Сүлейменов: Мейрамхана ас мәзірлерінде «Қазақша ет», «Мясо по казахский» деп беріліп жүр. Мүмкін солай қала бергені де дұрыс болар. Тек «бешбармақ» емес! Қазақ үшін етке ат ойлап табудың қажеті жоқ. Тек шетел­діктерге қандай атаумен ұсынғанымыз дұрыс? Ойлассақ, тек осы жағын ойласайық.

Anar Abdrahmanova: Бесбармақ! Ауыстырудың қажеті жоқ. Бас­қа проблемалар шешіліп қойды ма? Бесбармаққа тиіспеңдер!

Шолпан Сахиқызы: Мынау бір қызық болды, ә?!

Ғалия Достан: Қарақтарым, бүйректен сирақ шығармай отырыңдар. Қазақша «Ет асу» немесе «Бесбармақ» деп атайды. Бір жерде «еттің наны» десе, бір жерде «іңкәл» дейді. Сол атауы дұрыс.

Нұржан Әлиқұлов: «Қамыр ауқат» дейді ғой.

Еркебұлан Жақанов: Бұл асымыздың атын өзгерту қиын шығар. Атам заманнан бесбармақ деп аталып келеді.

Ғалия Оспанова: Бесбармақ болып қалсын.

Гүлсара Сейдалиева: Өзгерту өте қиын. Кәдімгі асылған ет емес пе? Немесе «Ет асу». «Ата­дәмі» несі?

Әзімбай Айбасов: Қазір бәрі «нұрланып» жатыр ғой. «Нұрдәм» десе қалай болар екен?

Nur Tіlepberdі: Шығармайтындарың жоқ екен. Бесбармақ – ұлттық тағамның бренді, оны өзгертуге қақымыз жоқ. Бір күні «қазақ» деген атты өзгертейік деп жүрмесеңдер болды ғой.

Жомарт Тынысбай: Қамыр ауқат. Ет тамақ. Осымен қалсын.

...Міне, шымкенттік Бекен Елубайұлының газетімізде жұртшылыққа бағыттаған ұсынысына қатысты осындай «айтыс» болды. Ол әлі де жалғасып жатыр. Бәрінен бұрын көп адамның бұл ұсыныс­қа орай өре түрегелгені қызық болды. Тіпті біреулер тым қаттырақ айтып жіберді.

Ал енді бұл жай ғана ұсыныс қой. Оқырманның ұсынысы. Ас атауын бас салып өзгертейін деп жатқан ешкім жоқ.

Алайда бір ақиқаты, ет дегенде ерекше елең ете қалатын халық екеніміз тағы да анық белгілі болды.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ