Шымкенттегі шатқалдар шаттық сыйлайтын орындарға айналып жатса, кәнеки!

29.01.2018
Қаралды: 264

«Замана»: Осыдан бір жыл бұрын жазылған еді.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың Шымкент қаласын, аудандар мен ауылдық жерлерді абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі бастамалары қалың көпшіліктің көңілінен шығып отырғаны рас. Әсіресе оның Шымкент қаласының ішіндегі шатқалды жерлерді, игерусіз жатқан сай-салаларды саябақтарға айналдыру идеясы қолдауға әбден лайық. Біз де мұны қуана құптаймыз.

 

Себебі бұл мәселе «Замана» газетінде кезінде әбден көтерілген жайлар. Қаланы гүлдендіру, көшелердің бойына көлеңкелі ағаш көшеттерін отырғызу, қымбат бағаға арзан ағаштар егіп, көзбояушылық жасағандарға шара қолдану туралы біздің газетімізде көп жазылды. Бірақ одан тиісті қорытындылар жасала қоймады.

 

Ал енді күндердің күнінде нақ осындай әңгімелердің облыс басшысы тарапынан қозғалып, қолға алынуын нағыз оң қадам деп бағалар едік. 

 

Шымкенттің ішіндегі түрлі сай-саланы саябаққа айналдырудың өзі тың ойға, ерекше бастамаға жатады. Белгілі болғанындай, қала ішінде бүгінде осындай 47 шатқал бар екен. Оның жалпы аумағы 169 мың гектардай жерді құрайды деседі. 

 

Тағы бір кереметі, ол шатқалдар жекешелендіруге жатпайды екен. Барша халықтың игілігінде болады. Елге керегі де осы емес пе?

 

Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасы бойынша биылдың өзінде 13 шатқал саябаққа айналдырылмақ. Оның біреуі ғана бюджет қаржысы есебінен, ал қалғаны демеушілер қаржысымен абаттандырылады.

 

Міне, осы ақпараттар бүгінде қоғамда жағымды жаңалық ретінде қабылдануда. Ал өткен аптада алғашқы шатқалды саябаққа айналдыру әрекеті басталып та кеткенін көргенде көңілге қуаныш ұялады. Енді сол іс-әрекеттің қай-қайсысы да соңына дейін жеткізіліп, әрбір сай-сала ғажайып саябақтарға айналып жатса екен дейміз. 

 

Шынында да басталған істің жарты жолда тасталып кеткені кімге ұнайды дейсіз? Мысалы, бір кездері «Көл» деп аталған жерді көркейтеміз деп біраз әкім қыруар ақшаны рәсуа қылды. Енді ол жер не ары емес, не бері емес болып жатыр. Нақ сол жерді гүлдендіру туралы кезінде «Заманада» бірнеше рет мақала жазылды. Ол маңды «Гүларал» деп атап, сол атауға сәйкес ерекше демалыс орнына айналдыру туралы ұсыныс айттық. Кейіннен біз ол жердің бір шетін «Ақ көгершін» алаңы деп атап, көгершіндермен бірге демалатын орын етуге сұранып тұрғанын да жазғанбыз.

 

Шынында да өте көп қаржы жұмсамай-ақ сол бұрынғы «Көл» деп аталатын сайды алдыңғы қатардағы қалалардағыдай айрықша демалыс кешеніне айналдыруға болар еді. Ең бастысы, ол жерге айнала биік өсетін саялы ағаштар отырғызылса, сай табанына түрлі алаңшалар салынса, көгершіндер ұялайтын орындар жасалса, жолға жақын тұстарына гүлзарлар егілсе, нағыз жер жәннатына айналып шыға келері сөзсіз. Қаланы гүлдендіру дегеніміз осындайдан басталмай ма?

 

Сондай-ақ Қошқарата өзені бастау алатын бұлақ маңайындағы орынды да кезінде «Гүлстан» деп атап, ерекше гүлдендіру, ол жерге көлеңкелі ағаштарды көптеп егу жөнінде ұсыныс айтқан едік. Миллиардтаған халық қаржысы жұмсалған ол маңайды қазір гүлденіп кетті деп айта алмаймыз. Қайта бұлақ көздерінің аузы бітеліп, артық қылудың орнына тыртық болып қалды.

 

Сол секілді бірнеше миллиард теңге жұмсалып салынған Бадам өзенінің бойындағы саябақсымақ та бүгінде сүреңсіз болып жатқаны ешкімге құпия емес. Ақша да жоқ, абаттанған жер де жоқ. Іс бітті, қу кетті болды.

 

Ал осы айтылған демалыс орындары шын мәнінде саялы саябақтарға айналса, керемет болар еді ғой. Ол тіпті Шымкенттің мақтан тұтар БРЕНДІ болып саналар еді. 

 

Шынында да бізге ел игілігіне қызмет ететін әрі қаланың бренді болып табылатын ерекше орындар керек-ақ қой. Бұл ішкі туризмді дамытуда зор роль атқарар еді. Біздің қала еліміздегі үш ірі мегаполистің бірі болуы үшін әртүрлі бағыттағы брендтер болғаны жөн. Сол бағыттардың бірі – гүлденген қала жобасы болса, кәнеки!

 

Облыс әкімінің қала ішіндегі шатқалдарды саябақтарға айналдыру жөніндегі бастамасы да осындай ізгі ниетпен үндесіп тұрғандай. Біздің айтайын дегеніміз, бүкіл қала тұрғындары, барлық мекеме, ұйым қызметкерлері осы идея төңірегінде топтасып, бір кісідей жұмыла білсе, бұл мақсатқа бір-екі жылдың ішінде-ақ қол жеткізуге әбден болар еді.

 

Осы орайда тағы бір назар аударарлық жәйт, жаңадан ашылатын саябақтар бір-біріне егіз қозыдай ұқсап кетпей, әрқайсысы өзіндік белгілерімен ерекшеленіп тұрса екен дейсің. Мысалы, 50 саябақ 50 түрлі бет-бейнесі бар, әрбірі әр түрлі тағылым беретін, өзіндік сипатта әсер сыйлайтын дара-дара демалыс орындарына айналса, онда Шымкенттің нағыз бренді осы болар еді-ау.

 

Біздің ойымызша, ол ерекшеліктер әрбір саябақтың өзгеше бір атауымен басталып, ішіндегі мазмұны, сәулеті, кескін-келбеті, ағашы мен гүліне дейін басқалардан мүлде бөлектеніп тұрса зор ғанибет болар еді.

 

Әрбір саябаққа өте тартымды, әсем атаулар берілсе, әрбір саябаққа мейлінше биік, саялы, тез өсетін ағаштар егілсе, ішіндегі отыратын, жүріп-тұратын орындардың бәрі қайталанбас сәулетпен жасалса, Шымкент бренді деген осы болмас па еді?

 

Оңтүстікте жаз ыстық болатындықтан Шым¬кентке көлеңкесі қою жерлер көп керек. Мысалы, кейінгі жылдары іске қосылған Шәмші аллеясы мен Тәуелсіздік саябағы деген орындардан жаздың күні жартымды көлеңке таппайсың. Күндіз онда барған адам шақырайған күннен бас сауғалап безіп кетеді. Сонда оның несі саябақ болды?

 

Шымкентке саялы жерлер керек, саялы ағаштар керек. Қылқанжапырақты ағаштар Оңтүстікке қол емес. Экзотикалық қымбат ағаштардың да қажеті жоқ. Болып жатса, шынар мен емен, болмаса қарағаш, айланд сияқты ағаштардан дауасы бар ма бұл жаққа?

 

Сонау 80-ші жылдары Шымкенттің қай көшесі болсын қою көлеңкеге көмкеріліп тұрушы еді. Ол уақытта көшеде жүріп басынан күн өткен адам болмайтын. Себебі саялы ағаштар көп болатын. Олар әрі көлеңке беретін, әрі оттегі бөлетін, әрі салқын ауа сыйлайтын.

 

Міне, Шымкенттің көнекөз тұрғындары сол бір шырайлы Шымкентті аңсайды. Сондай Шымкентте өмір сүргісі келеді. Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі гүлденген, көркейген, көрікті қаланың тұрғыны болуды қалайды.

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ