Арқада аяз бетті қарып, маңдайды жарып жібере жаздап тұр

29.01.2018
Қаралды: 1103

Соңғы бірер күннен бері елімізде ауа райы күрт төмендеп, кей жерлерді тіпті біраз жылдан бері болмаған қатты аяз қысуда. Соның салдарынан бір-екі күннің өзінде ғана 300-ге тарта адам үсік шалып, медициналық көмекке жүгінді.

 

«Синоптиктер» мұндай суық бірқатар облыстарда тағы бірнеше тәулікке жалғасады деп болжауда. Соған сәйкес, қазір Астана қаласында төтенше жағдайлар комитеті сақтық шараларын қолға алуды ескертуде. Елорда әкімдігі оқыс оқиғаларды болдырмау үшін аяз басталысымен төтенше жағдай жариялады. Өрт сөндіру қызметі, жедел медициналық қызмет, қалалық ішкі істер департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және коммуналдық қызметтер сынды қала тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелерден өзге мемлекеттік органдарға, базарлар мен сауда-ойын-сауық орталығы сияқты кәсіпкерлік нысандарға, білім беру мекемелеріне жұмыс уақытын қысқарту ұсынылды. Себебі мұндағы ауа температурасы -51 градусқа дейін төмендеп, жұртты әбігерге салып қойды. Жұрт Астанадағы аяздың қасында Антарктиданың суығы түк болмай қалды деп әңгіме етуде. 

 

Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Жамбыл облыстарында білім беру уақытша тоқтатылды. Республикалық маңызы бар бірқатар жол қозғалыстарына да шектеу қойылды. Тіпті Шығыс Қазақстан облысында дизельді отынмен жүретін көліктердің жолға шығуына тыйым салынып отыр.

 

Қаһарына мінген қыс қарапайым халыққа оңайға соғып тұрған жоқ. Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны Гүлнұр Қалымбетованың айтуынша, дүкенге барып келудің өзі мұң болып тұрған көрінеді.

 

«Нан әкеле қояйын деп жанымыздағы көпқабатты үйде орналасқан дүкенге шыққанмын ғой. Кірпігім мен қасыма қырау қатып, тоңып қалдым. Үстіме киген «пуховигім» суықтан қақайып қатып қалыпты. Павлодарға Шымкенттен биыл қоныс аударып едік, оңтүстіктің жаймашуақ ауа райын сағынып жылап алдым. Жолдасым жол салатын мекемеде істейді, олардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Егер дәл бұлай жалғаса беретін болса, ештеңеге қарамастан Шымкентімізге көшеміз-ау», – дейді ол кісі.

 

Аяз еліміздің шығыс өңірін де қысып тұр. Біз Өскемен қаласында тұратын Гауһар Қасымбекқызымен де сөйлескен едік.

 

«Кеше түнде аяздың күші қаланың өзінде 40 градустан асты, – дейді ол. – Шет жақтарда 50 градусқа дейін жетті деседі. Ол рас шығар. Өйткені 50 метр жер жүру мұңға айналды, сарышұнақ аяз бетті қарып, маңдайды жарып жібере жаздайды, қойын-қонышыңа дейін жетеді. Далаға шығу мүмкін емес. Бір жақсысы, бізде жылу жеткілікті беріліп жатыр. Кеше Семейдегі туыстарымызбен сөйлескенде онда жылудың нашар екенін естідім, үйлері даладан бетер болып тұрғанын айтады.

 

Біздің жақта қазір көліктерді оталдырудың өзі қиынға айналып тұр. Жер-дүниенің бәрі мұз құрсанғандай болып қалды. Мектептерде сабақ тоқтатылды, жұртты жұмыстан ертерек босатып жатыр, екі-үш сағат істейді де, үйлеріне қайтады.

 

Мұндай аязды өз басым бұрын-соңды көрген емеспін. Бұрындары қыста аяз күші ары кетсе 25 – 30 градусқа дейін жететін еді, қазір тіпті беті жаман. Тезірек күн жылыса екен деп армандап жүрміз. Екі адамның басы қосылса осы ауа райы туралы әңгіме болады».

 

Ал дәл осы күндері Астана қаласында аязды күнді пайдаланып қалтасын қампайтқысы келетін такси жүргізушілері көбейген көрінеді. Мұны сол өңірдегі «Еуразия» Ұлттық университетінің 3-ші курс студенті Бекарыс Әлімжанұлы айтып отыр.

 

«Аялдамаларда автобус күтіп тұру мүмкін емес. Мен тұратын үй мен университеттің арасы төрт аялдама. Жылы күндерде жаяу-ақ барып келетін жер. Ал қазір таксиге мінейін десең мың теңгеден кем ақы сұрамайды. «Индрайвермен» жұмыс істейтін таксистер де бағаны шарықтатып жіберген. Бұрынғыша 500 – 600 теңгемен жүре алмай қалдық», – дейді Бекарыс.

 

Дегенмен Елордада «Астана – мейірімді қала» деп аталатын акция өткізілуде екен. 8 мешіт бірігіп бастаған бұл акция аясында қала тұрғындарын таксимен тегін тасу, мұқтаж жандарды көмірмен қамтамасыз ету, көшеде жұмыс істейтін қарапайым жұмысшыларға ыстық шай мен тамақ беру сынды қам¬қорлық шаралары қолға алынған.

 

...Қара теңіз арқылы қалыптасқан үлкен әрі өте суық антициклон бүгіндері Қазақстанның оңтүстік-шығыс бағытына көшуде. Соған байланысты алдағы күндері оңтүстік-шығыс және оңтүстік аймақтарда аяз күшеюі мүмкін.  «Синоптиктер» алдағы күндері ауа райы әдеттегі климаттық нормадан 10 –18 градусқа суық болады деп болжап отыр.

 

Ендеше, барынша абай болайық, аязды күндері мүмкін болса ұзақ жолға шықпаңыздар, жылы киініп жүруді ұмытпаңыздар!

А. БЕК.

 

Пікір қалдыру

1000 символ