Жақсылық жасауды жаны сүйетін Жұмазия апа

05.07.2016
Қаралды: 1440

Жұмазия Кішкентайқызы Жанғабылова. Бұл есім тек Оңтүстік өңіріне ғана емес, бүкіл елге таныс болар, сірә.

 Ол кісіні сонау 1980-ші жылдардың ортасында Оңтүстік өңірінде шоғырланған бес тігін фабрикасын басқарып, кейіннен «Қыз Жібек» деп аталатын жеке тігін мекемесін ашқан алғашқы кәсіпкер әйел десе де болады. Сол замандарда «Қыз Жібек» тіккен киімдерді қолы жеткендер мақтана киетін. Өйткені оның сапасы да, сәні де сол уақыттың талабына сай болатын.

Бүгінде «Қыз Жібек» ательесі жоқ, 2004-жылдары жабылған. Әйтсе де қожайыны Жұмазия Кішкентайқызы тігін өнерінен қол үзген жоқ. Жетпістің алтауына жетсе де қол қусырып қарап отыра алмайтын ардагер тігінші бүгінде қайырымдылық істермен айналысуда. Таяуда біз ол кісімен арнайы жүздесіп, әңгімеге тарттық.

«Қыз Жібек» ішімді жарып шыққан перзентімдей еді, – дейді Жұмазия апа. – Алла бұйыртса, қартайған шағыма дейін осы кәсіпті басқарамын, үлкен деңгейге көтеремін деп ойлайтынмын. Бірақ адамның дегені болмайды екен, 2000-шы жылдардың басында денсаулығым сыр берді. Аяқ, қол сынды, бірнеше мәрте ота жасатуға, көп емделуге тура келді. Сонымен ол кәсіпті балаларыма аманаттап едім, өзімнің ойымдағыдай жүргізе алмады. Ақыр соңында мекемені жабуға мәжбүр болдық.

Дегенмен оған еш өкінбеймін. Себебі өз ісінің нағыз шебері үйінде отырса да сүйікті шаруасымен айналыса береді. Міне, қазір он жылдан асты, үйдемін. Зейнеткермін. Әйтсе де қартайдым деп жататын жайым жоқ. Тігін өнерінен қол үзген жоқпын. Бұрынғыдай тапсырыспен киім тікпеймін. Мен қазір кіп-кішкентай балаларға арнап әртүрлі киім-кешектер тігемін, тоқыма тоқимын. Яғни сауап үшін өз қаражатымның есебінен балаларға арнап киім тоқып жатырмын.

Негізі әр адам сауап тірлік жасауға асығуы керек. Неге десеңіз, қазақта: «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген мағынасы терең сөз бар. Яғни жағдайы жақсы, өзгелерге көмектесуге шамасы келетін әрбір адам жетім-жесірлерге қол ұшын беріп тұрса, жұмысының берекесі кіреді, ісі ілгері басады».

Жұмазия Кішкентайқызы сонау 90-шы жылдардың басында, қазынада қаражат аз уақыттарда «Восток» мөлтекауданындағы балалар үйіне қап-қап азық-түлік апарып беріп тұратын. Қазір де бұл әдетінен жаңылған емес, денсаулығына байланысты үйден шыға алмаса да балаларына базардан мата әкеліп беруін бұйырады екен. Содан өз қолымен киім-кешек тігіп, балалар үйіне апарып береді. Айтуынша, ай сайынғы алатын зейнетақысының  белгілі бір бөлігін қайырымдылық істерге деп арнайы бөліп қойыпты.

«Қолым бос болған соң газет-журналдарды көп оқимын ғой. Содан бір күні шала туылған нәрестелерге жібектен тоқылған киім кигізсе тез өсіп-жетілетінін, ет алып кететінін оқыдым. Сосын дереу үйдегілерге жібек жіп алдыртып, тоқыма ісімен айналысатын болдым. Қазір бірнеше киім дайын болып қалды. Бұйыртса, таяу күндерде қаладағы перинаталдық орталыққа апарып табыстамақпын», – дейді Жұмазия Кішкентайқызы.

...Біздің кейіпкеріміз өзін бақытты жанмын деп есептейді. Бақытты екеніне біз де сенімдіміз. Өйткені ол кісі қырық жылға жуық уақыт басшылық қызметте істеді, өмірге үш ұл, екі қыз әкелді. Бәрін үйлендіріп-жайландырып, 8 немеренің сүйікті әжесі атанып отырған жайы бар.

«Кейбір қатарластарыма қарап қарным ашады. Таңнан кешке дейін түріктің, кәрістің телесериалдарын тамашалап алтын уақыттарын сарп етіп жатыр. Соның орнына өзінің қолынан келетін бір іспен шұғылданса, онысы елге пайдалы болса, ғанибет емес пе?» – дейді Жұмазия Жанғабылова.

Расында да әрбір адам осы кісінің ісінен үлгі алса, айтқан кеңесін тыңдап, пайдалы әрі сауапты іспен шұғылданса нұр үстіне нұр болар еді. Ал біз сөз соңында Жұмазия Кішкентайқызына мықты денсаулық тілейміз.

Жүз жасаңыз, Жұмазия апа!

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!