Дизайнер қыз Беназир

30.01.2018
Қаралды: 854

Адам алдына нақты арман-мақсат қойып, оған жету жолында жан аямай еңбек етсе ойындағысы міндетті түрде орындалады. Бұған Тараз қаласында дүниеге келген Беназир Әшірованың еңбек жолы дәлел бола алады. Отызға әлі толмаған ол бүгінде білімі мен талғамы үйлескен, білікті әрі сұранысқа ие дизайнер. Әлемнің бірнеше мемлекетінде жұмыс істеп үлгерген бойжеткен өз жетістігінің қыр-сырын "Замананың" тілшісіне айтып берді.

 

"Таразда туылғаныммен 16 жасыма дейін біздер Жалпақтөбе деп аталатын дүнген ауылында тұрдық, - дейді Беназир. - Ата-анам өте тамаша кісілер. Сол кісілердің арқасында мектеп бітіргесін Астана қаласындағы "Еуразия" ұлттық университетіне оқуға түстім. Негізі бұл менің бала күнгі арманым болатын. "Астанаға барамын, шығармашылықпен байланысты бір саланы таңдап, сол бойынша білім аламын. Оқу бітіргесін жиі саяхаттайтын боламын", - деп алдыма нақты мақсат қойдым. Соған жету үшін сабақты жақсы оқыдым. Соңғы курста оқып жүріп қысқы Азия ойындарының дирекциясында графикалық дизайнер болып жұмыс істедім. Ал оқуды бітіргесін Қарағандыдағы жобалау институтына архитектор болып орналастым".

 

Бұл - Беназирдің еңбек жолындағы ең бастапқы сатысы. Оған 2010 жылы Астана қаласындағы эобалаушы "ППК құрылыс-жобалау" компаниясына архитектор болуға шақырту түскен. Сонда еңбек ете еліміздегі бірнеше мықты жобалардың авторы атанады.

 

Үш жылға жетер-жетпес уақыт өткенде кейіпкеріміз Италияға, "Ла Каса" компаниясына интерьер-дизайнер болуға шақырту алған.

"Италия мен үшін сәулет өнерінің ордасы іспеттес. Сол себепті бұл үсынысты қуана қабыл алдым. Аталмыш компанияда жұмыс істей жүріп білімімді одан ары шыңдай түстім. Бірнеше жоба бойынша тапсырыс алдым. Біріккен Араб Әмірліктерінде, Катар, Қытай елдеріндегі виллалардың интерьер-дизайнын жасадым. АҚШ, Франция, Швейцария секілді дамыған елдерде бірнеше апартаменттің дизайнында менің қолтаңбам бар. Словения, Хорватиядағы біраз қонақ үйдің дизайнына да өз үлесімді қосқанмын", - дейді Беназир.

 

Еңбек ете жүріп ел көрген, жер көрген, тамыр-таныс арттырған бойжеткен 2016 жылы өз бетімен еңбек етуге бел буады. Сөйтіп Лос-Анджелес қаласынан бір-ақ шығады. Барғанына небәрі екі апта болғанда «Morrellі Desіgn Consultants» компаниясына жұмысқа орналасады. Қазір сол жерде еңбек етіп жүр.

 

«Мен өз саламды адаспай тапқан бақытты адаммын. Енді осы бағыт бойынша биік бе­лес­терді бағындырып, әлемге атымды танытсам деймін. Болашақта елге оралып, Қазақстанның сәулет өнеріне өз үле­сімді қосу да алдағы уақыттың еншісіндегі жоспарларымның бірі. Астанаға әр келген сайын таңданып қараймын. Елдегі әлеуметтік қиындықтар­ға қарамастан түрлі құрылыс нысандары бой көтеруде. Көркейіп жатыр. Мен соған қуанамын», – дейді Беназир.

 

Сөз соңында ол архитектор, дизайнер болғысы келетін жастарға былай деп кеңес берді: «Қандай жағдай болмасын адам алдына нақты мақсат қоюы керек. Арманым бар, мақсатым бар деп отыра бермей, соған жету жолында еңбектенген жөн. Өз ісіңді сүйе біл, қолға алған жобаларыңа аса зор құлшыныспен кіріс, сонда жемісін көресің. Тәжірибе жылдар өте жинақталады, жақсы нәтижеге бірден қол жеткізу мүмкін емес. Солай екен деп бәрінен күдер үзуге де болмайды. Талпын, ізден, тынба, жаңаны үйренуге ұмтыл, жаңа ел көруге жасқанба!»

 

...Бірнеше тілді еркін меңгерген қазақстандық сәулетшінің дамыған елдерден шақырту алғаны, Қазақстанның атын өзге елге танытып жүргені біз үшін де мақтанарлық жағдай. Ендеше, Беназирге еңбегің жемісті болсын деп тілейміз.

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ