Күріштен тау тұрғызған Түгіскен еді

23.01.2018
Қаралды: 243

Сонау 1974 жылы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, жолдамамен Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында жаңадан ашылған «Түгіскен» совхозына агроном болып жұмысқа барған едім. Ол кезде шаруашылық күріш егетін.

 

Мен ол жерде көптеген азаматтармен қызметтес болдым. Әсіресе бригадирлер Кәрім, Әуелхан, Бексұлтан, Құдайберген, Сәдуақас, Молдахмет, Сырлыбай – өз істерінің нағыз шебері болатын. Ол жерден облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бөлім бастығы болып ауысып кеткеніме 40 жыл болыпты.

 

Таяуда Түгіскенде үлкен той болып, сол совхоз ашылғанда ең бірінші прораб болған Өмен Өмірәлиев екеуміз арнайы шақыртумен бардық. Тойға облыстан, ауданнан көптеген азаматтар барды.

 

Ауыл қазір Аққорған деп аталады екен. Бұрынғыдан әлдеқайда үлкейіп, халқы 6 мыңға жетіпті. Ауыл әкімі Санжар Сәдуақасұлы, аудан әкімі тұрғындарды құттықтап, «Туған жерге – тағзым» атты үлкен монумент құрылысын ашты. Оның маңайына ағаш егілді. Жаңа мектептің мәжіліс залында үлкен жиналыс болып, «Түгіскен тарихына – 50 жыл» атты кітаптың тұсаукесері болды, оны облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Уәйіс ашты. «Түгіскенге – 50 жыл» деген төсбелгі бұрынғы жұмыс істеп кеткендер мен еңбек етіп жүрген азаматтарға табысталды. Олардың қатарында мен де бармын.

 

Бұл ауылдан кезінде Әнуар Әбутәліпов есімді Кеңес Одағының Батыры, кеудесіне орден-медаль таққан талай еңбек ерлері, бірнеше совхоз директорлары, жазушы, композитор, ғылым докторы мен кандидаттары шыққан.

 

Тойдың екінші күні көкпар, қазақша күрес және ат жарысы ұйымдастырылды. Мұхтар Ниязов, Кәрима Оралова сияқты белгілі айтыс ақындары қатысқан айтыс болды.

 

Бұрынғы – Түгіскен, қазіргі Аққорған ауылының тұрғындарына мен мол табыс, елге бірлік, береке тілеймін. 

Айдарбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ, 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Сайрам ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ