Бұл тортты істеу үшін үш тәулік бойы ұйқы көрмепті

20.01.2018
Қаралды: 325

Кешегі аптада Шымкентте, нақтырақ айтсақ, «Риксос Хадиша Шымкент» қонақ үйінде дүрілдеген той болды. 

Аталмыш қонақ үй қожайыны, «Саутс-Ойл» серіктестігінің президенті, белгілі меценат Серікжан Сейітжанов Елбасының немере інісі Қайрат Сатыбалдымен құда болды. Ол кісінің немересі Әміржан Қайрат мырзаның қызы Аружанға үйленді.

 

 

Тойда елімізге белгілі эстрада жұлдыздары, бүкіл әлемге аты танылған боксшымыз Геннадий Головкин, сондай-ақ Ресейдің әншілері, шетелдік әртістер қонақтар қатарынан табылған. Ал тойдың ең басты тосын сыйы –  биіктігі 4 метр, ал салмағы 1,5 тоннаны құрайтын торт болды. Зәулім сарай пішінінде жасалған бұл тортты ерінбегеннің бәрі сөз етті, «құны 179 мың долларды құрайды екен» деген бір ауыз сөздің өзі қызу талқыға салынды. Десе де Ресейден арнайы тапсырыспен алдырылған тортқа тамсанбаған адам жоқ шығар. Мұндай тамаша торттың авторы – Ренат Ағзамов есімді кондитер.

 

Ренаттың «Инстаграмдағы» парақшасына Шымкенттегі тойдан кейін 200 мыңнан астам адам жазылған. Яғни ол осы торты арқылы Қазақстанға да таныла бастады. Ал ол пісірген тәттілерге Ресейде, Украинада сұраныс мол. «Жұлдызды кондитер» деген лақап атқа ие болған Ренаттың тортына әсіресе Ресейдің эстрада жұлдыздары жиі тапсырыс береді. Ол кез келген үлгідегі, көлемдегі тортты клиенттің қалауы бойынша жасап береді. Және оны әлемнің кез келген жеріне жеткізіп бере алады.

 

Ренаттың өзі туралы біздің «Замана» газетіне жіберген мәліметтеріне сүйенсек, ол бала кезден-ақ түрлі тәттілерді пісіруге икемді болған екен. Жеті жасынан нан пісірген. Есейгенде әжесі оған түрлі торттардың рецептісі жазылған қойын дәптерін сыйлаған. Ол оның үйінде әлі күнге дейін сақтаулы тұр екен. Әжесі сыйға тартқан дәптер Ренаттың өз кәсібін ашуына септігін тигізіпті. Бүгінде ол «Фили Бейкер» деп аталатын алып кондитерлік фабриканың қожайыны. Қарамағында 100-ге тарта қызметкер бар. Ол журналистерге берген сұхбатында: «Мен тапсырысты қабылдайтын қызметкерлерге хабарласқан клиенттен айырылып қалмауын тапсырамын. Егер қандай да бір мәселе клиенттің көңіліне жақпаса, онда менеджерлердің басына бұлт үйіремін. Менің ұстанымым: хабарласқан клиенттің бәрі міндетті түрде тортқа тапсырыс беруі тиіс. Егер қажет болып жатса бағасын түсіруге бармын. Бірақ ол адам бізден құралақан кетпеуі тиіс. Осы ретте айта кету керек, мен әр тапсырысты құжат жүзінде рәсімдеймін. Торт жеткізілетін тойхананың есігінің биіктігі, ені қанша, жарықтың қуаттылығы қандай, бәрін-бәрін алдын-ала сұрастырып, біліп аламын. Кейде тортты тойхана ішінде құрастыруға тура келеді.

 

Мәселен, Шымкенттегі тапсырысты мейрамхана ішінде құрастырдық. Әдетте мұндай көлемдегі тапсырысты өзге елге жеткізу өте қиын. Дегенмен менің командам кәсібилігін дәлелдеді. Үш тәулік ұйқы көрмеді. Бірақ сол еңбегіміз ақталды».

 

Ренаттың Сейітжановтар әулетіне арнап жасаған тортының бағасы расында да 179 мың долларды құрайды ма? Кондитер бұл сұраққа: «Бізде торттың бір килосы 2 мың рубль тұрады. Әдетте соны білетіндер торттың салмағына қарап бағасын шамалап айтып жатады. Ал шындығында оның бағасынан гөрі сапасына, әсемдігіне назар аударуларыңызды сұраймын», – деп жауап берді.

 

...Иә, қалай болғанда да Шымкентте өткен бұл той, екі дәулетті отбасының құдаласуы әлі талай әңгімеге арқау болары сөзсіз.

А. ҚАСЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ