Президенттің жеке аспазы болған адамның айтқандары

25.01.2018
Қаралды: 1054

Таяуда Елбасы Н.Назарбаевтың алғашқы жеке аспазы Алексей Сырых фототілші Кирилл Федоровқа сұхбат берді. Біз «ZTB.kz» сайтында жария­ланған бұл сұхбатты толық оқып шықтық, сосын оны оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.

– Сіз өз еңбек жолыңызды қалай бастаған едіңіз?

– Cауда техникумын бітіргенмін. Әскерден оралғасын мені Министрлер Кеңесінің шаруашылық басқармасына жұмысқа шақырды, бір жарым жыл сондағы диеталық асханада еңбек еттім. Бірде маған Мәскеуге ұшасың, сонда бір адамға аспаздық қызмет көрсетесің деді, артық сұрақ қоймай, тек қажетті қызмет көрсетуім керегін ескертті. Мен ол адамның  Назарбаев екенін Мәскеуге барғанда бір-ақ білдім. Сол кезде ол Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы болатын.

Оны бірінші хатшы етіп сайлағаннан кейін біз Мәскеудегі түрлі съездерге, пленумдарға жиі бірге баратын болдық. Бір күнге, екі-үш күнге барып, ол жақта екі-үш аптаға дейін жүріп қалатын кездеріміз болған.

Бірге жүрген алғашқы сапарымыз 18 күнге созылды. Бірде Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің орынбасарлары мен күзет қызметінің басшыларын шақырып алып, мені жеке өзіне бөлуді тапсырды. Содан бастап, 27 жыл бойы оның жеке аспазы болып еңбек еттім. Ел аралағанда, шет  мемлекеттерге шыққанда бірге болдым, пәтерінде де жұмыс істедім.

– Бригадаларыңызда қанша адам болды?

– Облыстарға іс-сапарға шыққандағы бағдарламаға байланысты ұжымнан кейде екі, кейде үш адам ертетінмін. Ал Мәскеуге негізінен жеке баратынмын, кейде 50 шақты адамды қабылдау өткізу керек болады, сонда жаныма көмекші аламын. Нұрсұлтан Әбіш­ұлына Мәскеуден резиденция бөлінген, ол сонда тоқтайды. Сол кезде ол докторлық диссертация, кітаптар жазып жүрген, олар Мәскеуде басылып шығатын. Жұмысы біткесін қонақ шақыратын, олар күзет қызметі мен жүргізушілерді қоспағанда 30 – 50 адам­ға дейін болатын.

– Кремльдің аспазы өз сұхбатында Брежневтің кезінен бастап жоғары басшыларда кемінде төрт аспаздан болғанын айтқан еді. Сіз жалғыз өзіңіз қалай үлгеріп жүрдіңіз?

– Менде ондай болған жоқ. Сегіз жылдан кейін маған көмекке бір-екі аспаз алуға рұқсат етті. Бірақ мен екі аспазды сирек ертетінмін, негізінен көмекке бір адамды алып жүрдім. Бір-екі даяшылар болатын. Көп жағдайда қабылдаулар кезінде бір даяшымен екеуміз ғана қызмет көрсетіп жүрдік.

– Жұмыс кестелеріңіз қандай еді?

– Кейде тәулігіне бір-екі сағат қана ұйықтаған кездер болған. Кесте өте қатаң, ол жерде қате жіберуге тіпті де болмайтын. Азық-түліктерді тексеріп, қадағалау жағына өзім қарадым. Сақтық үшін тағамның дәмін бірінші болып өзім татып көремін, қонақтарға содан кейін ұсынылатын. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында Лукашенкомен, Кучмамен, Горбачевпен, Медведевпен, Путинмен таныс болдым.

– Назарбаевтың сізге деген жеке қарым-қатынасы қандай болды?

– Ол маған өте жақсы қарады. Бірақ  менің тікелей басшым Президенттің Іс басқарушысы Владимир Ни еді. Президентпен қатынасымыз өте жылы болды. Біз бірге отырып әңгімелесе алатынбыз, ол мені дастарханға шақыратын. Дегенмен әңгімелер қысқа болатын, үйімнің, отбасымның жағдайын сұрайтын. Қандай да бір сұрақтар туындаса, ол Ниді шақыратын, мәселе шешімін табатын. Әрине, ең маңызды мәселенің бірі – пәтер мәселесі болатын. Мен іс жүзінде жұмыс орнымда тұрып жаттым. Мені күндіз-түн демей кез келген уақытта шақырып алуға болатын еді. Таңертең жұмысқа кетсем, кешке әйеліме Мәскеуден немесе Қазақстанның өзге қаласынан телефон шалуым мүмкін еді. Бәрі де аяқ астынан шешіліп жататын. Осындай іс-шараларға деп алдын-ала әзірлеп қойған чемоданыңды, пышақтарды, азық-түліктерді аласың да, тартып кетесің.

Ауа райының жайсыздығы себепті ұшуға жібермеген, сондықтан шеф үшін әуежайдың шағын асханасында тамақ дайындаған кездер болған.

Менде қандай да бір жоспарлар жасауға мүмкіндік болмайтын, отбасыммен ойдағыдай демала да алмайтын едім. Шеф шетелге кететін болса, мен тізімде жоқ болсам ғана отбасыммен жолдама алып, шипажайға баруға мүмкіндік тиетін еді. Негізінен оған 10 күн беретін.

Ұшақтан түскен бетте жүгіріп барып екінші ұшаққа отырып, шеф жүрген жаққа жол тартқан кездерім де болған.

– Азық-түліктер арнайы фермалардан жеткізілуші ме еді?

– Бізді етпен, сүт өнімдерімен Панфилов атындағы совхоз қамтамасыз ететін. Ал басқа азықтарға біз жергілікті аумақта тапсырыс беретінбіз, оларды бізге сертификатталған, рұқсат етілген күйде жеткізетін. Бізде арнайы дегустаторлар, қазіргі күзет қызметіндегідей бір ғана қимылымен азықты жеуге болатын-болмайтынын анықтайтын арнайы чемодандар болған емес. Сондықтан бәрін бірінші өзім дәм татып тексеретін едім.

– Тамақ мәселесінде Президент нені ұнатып, не нәрсеге артықшылық беретін еді?

– Тамаққа келгенде ол кісі тым күй таңдағыш болмады, әрқашан дәмді пісірілген және әртүрлі тағамдарды ұнататынын айтып отыратын. Дегенмен нағыз қазақ ретінде ол да пісірілген, сүйегі бар етті жақсы көретін. Картоппен, көкөніспен, өсімдік тамырларымен бірге, сүйегі ажырап пісетін тауық етін, балық етін, борщты ұнататын. Көзбен көрмесе де, білмесе де тамақты Лешаның, яғни менің пісіргенімді біліп отыратын.

Кейін, шекара ашылып, шетелдермен қарым-қатынас жиілегесін тамақ әзірлеу мен оны дастарханға тартудың мүлде басқа қыр-сырлары пайда болды, уақытпен үндесіп, бірге жүру қажеттілігі туындады. Үйренуге, меңгеруге тырыстым.

– Маңызды қонақтарды күткен кезде қандай да бір ерекше оқиғалар болды ма?

– Клинтонды күткенде болды. Қазақтың ғұрпында құрметті қонаққа бесбармақ беріледі, алдына қойдың басы тартылады. Клинтонның алдына бас тартылғанда ол қатты сасып қалды, қорқып кетіп, басты аулақ әкетуді сұрады.

Бірде Шымбұлаққа Путин келген. Біз қонақтардың алдына өзімізше «Сникерс» деп ат қойып алған арнайы ас мәзірін тарттық. Ол ішінде қарақұмық пен тауық ішек-қарны салынған фаршталған бөденелері бар қозы еті болатын. Алтын түстес, әдемі болып піскен қозы етін турағанда ішінен бөдене еті шықты. Ол Путинге аса ұнады. Шеф те бұл еңбегімізді жоғары бағалады. Кейін қонақтарға манты бердік. Даяшылар жинауға барғанда Путин олардан алдындағы мантыға тимеуді өтінді. «Тимеңіздер, мен әлі жеп болғаным жоқ», – деді. Ол кісі мантыны жақсы көретін, кейде үстеме сұрайтын.

– Сол кездерді сағынасыз ба?

– Сағыныш бар деп айтсам болады. Ол кездері жұмыс істеу қызық еді. Ол жас мемлекеттің тәуелсіз ел ретінде аяғынан тұрып жатқан кезі болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы алғашқы күндерден бастап мені өзінің жеке аспазы етіп таңдады, содан бері біз дами түсіппіз, әрине, әркім өзінше. Бүгінде мен үлкен банкет залында бас аспаз болып жұмыс істеймін. Өзімнің жұмысымды жалғастырудамын, дегенмен қазір жүйкем тыныш. Өйткені Президентпен әрбір күн сынақ еді, жауап­кершілігі өте жоғары еді. Отбасымды өзіме Қазақстанның нөмірі бірінші адамын тамақтандыруды бұйырт­қанының құрметіне айырбастадым деп айтуға да болатын сияқты.

– Аспаздықтың құпиялары бар ма?

– Әр аспаздың аша бермейтін өз құпиясы бар. Бәрінің де рецепттері белгілі, алайда кішкене де болса өз құпиялары болады.

Дайындаған – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ