Қазақ пен қазақ неге кейде қазақша сөйлеспей жүр?

27.01.2018
Қаралды: 456

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай деп тағдырдан тілеумен 26 жылды да еңсердік. Өткен өмірмен салыстырса, жер мен көктей айырмасы жай көзге де айқын көрініп тұрған жетістіктерге қол жеткіздік. Десек те көңіл толмайтын мәселелер де аз емес. Соның бірі – тіл мәселесі. Ана тіліміздің, мемлекеттік тіліміздің, ұлттық тіліміздің қоғамдағы  іс жүзіндегі алатын орны. Бұл мәселені ойдағыдай етіп шешу күрделі екені белгілі.

 

Бірақ шешімі табылуы қиын түйін емес. Бұрын да, қазір де күрделілендіріп жүрген өзіміз. Өткендегі «боданбыз» деп «аһ» ұрған заманның өзінде де тілімізге тыйым салған ешкім жоқ. Рас, қызметтік, өндірістік алаңда орыс тілін білмей қалағаныңа қол жеткізу мүмкін емес еді. Бұл жағдай орыс тілін білмейтін немесе шала-шұрпы ғана білетін, бірақ бастық болғысы келетіндердің қапалығын туғызатын. Десек те төл әдебиетіміз, өнер-мәдениетіміз, жалпы білім, журналистика, құқық, тұрмыстық және басқа да салаларда біздің ана тілімізді архивке ешкім лақтырып тастаған жоқ.

 

Мамандық беру ісінде де метрополия тілінің бірыңғай иелік етуіне негізінен өзіміз кінәліміз. Алысқа бармай-ақ, түбіміздегі Өзбекстанның өзінде кәсіптік-техникалық, арнайы орта және жоғары білім жүйелері (оның ішінде техника саласында да) жастарға мамандық жергілікті ұлттың тілінде беріліп келді. Кеңестер елінде ондай мүмкіндік болды. Оның үстіне Одақтас республикалардың үкімет басшылары әдетте сол ұлттың өкілдері болатын. 

 

Ал бізде ше? Бізде де «республика басшылары» деп ат қойылып, айдар тағылғандар соңғы онжылдықтарда түгел «қазақтар» сияқты еді. Бірақ СОКП-ның ХХYІ-шы съезіндегі «ұлттық саяси сардарымыздың: «Мы будем говорить на языке великого Ленина», – деген ант іспетті сөзін толығымен «бажардық». Болашақ өмірдің сол кездегі контуры болып табылатын жалпы білім саласын да «ұлы халықтың ұлы тіліне» еселей бере салдық. Ол аздай, «сонда ғана адам боласың» деп жеткіншектерді топтап-топырлатып орыс сыныптарына беріп, соны мақтан тұтып, өзімізге өзіміз ырза болдық. Сөйтіп жастардың моральдық-психологиялық тұрғыдан «мамбеттер, ауылбайлар» және «мәңгүрттер, шалақазақтар» деп бөлінуіне ықпал еттік. Өткен заманның соңғы екі онжылдығында «шалалар» мәртебелі болып, «мәмбеттердің» моральдық және психологиялық көңіл-күйі мәз болмады. Тіптен аталмыш көңіл-күй қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік көңіл-күйне теріс әсер ете бастады.

 

Жаңа заманда «мәмбеттер» мен «мәңгүрттер» басында орын алмасқандай болды. Мемлекеттік тіл мәртебесін иеленген ана тіліміздің болашақ гүлденуіне, кеңінен қанат жаюына, жетекші тілге айналуына даңғыл жол ашылды. Тәуелсіздік жылдарында «мәңгүртизмге» қанша соққы берілсе де табиғаты мықты болып шықты. Алдағы тіршілікте ел болып иек артатын жастарымыздың көбі орыс тілінен орғып өтіп, ағылшын тіліне аңсары ауа бастады. 

 

Тілді менсінбеу осы тілдің иегерлеріне де төбеден қарау екені айтпаса да түсінікті. Есесіне қазіргі «мәмбеттеріміз» бұрынғыларымызбен салыстырғанда «орысшасынан» айырылып жатыр. Демек, тіл саясатын жүзеге асыру барысындағы шалағайлымызды мойындауымыз керек. Екі заман өларасында қалыптасқан тіл ахуалындағы объективті және субъективті факторларды тиісті тереңдікте зерттемедік. Тиісті заң шықса, жоғарыдан талап етілсе болды, күткен нәтиже өзінен-өзі келеді деген түсінік басым болды.

 

Сондықтан да болар, ә дегеннен-ақ мемлекеттік тіл құрылымдарына аты бар да, заты жоқ «мемқызметкерлер» үйіліп келе бастады. Өз функционалдық міндеттерінің философиялық, саяси-әлеуметтік, қоғамдық-психологиялық ауқымынан әрі кеткенде үстірт түсінігі ғана бар, шамасы келгенше талап ету мен оқтын-оқтын позитивті салмағы мардымсыз іс-шаралардан аса алмайтын қызметкерлерге ешкім жарытып көңіл де бөлмейтін жағдайға жеттік. 90-шы жылдардың басында белсенділігімен, біліктілігімен көзге түсіп, халықтың ырзашылығы мен қолдауына ие болған «Қазақ тілі» қоғамының жанашырлары әлдеқашан аренадан кеткен. Олардың қазіргі ізбасарларының бары, не жоғын естімейміз де...

 

Міне, сондықтан да, менің жеке пікірімше, ширек ғасыр тәуелсіздік тіршіліктің өзінде тілімізді ойлағандай биіктікке жеткізе алмадық. Ал рухани құндылықтарды адам бойына сіңіру ең алдымен тіл, ана тілі арқылы екені айтпаса да белгілі. Сол себепті Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа соңғы  Жолдауындағы: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген ойы аталмыш мәселемен үндеседі.

 

Бұл ізгі мақсатты жүзеге асыру үшін көптен бері айтылып жүрген ең басты екі мәселені шешуіміз керек. Бірі – объективті мазмұндағы: әр қазақ басқа қазақпын деген адаммен тек ана тілінде сөйлесуді мызғымас үрдіске айландыруы керек. Неге орыс пен орыс әлемнің қай нүктесінде кездессе де бір-бірімен ана тілінде сөйлеседі? Алысқа бармай-ақ қояйық, біздің қаламыздың өзінде «өзағаларымыз» қанша ұлт өкілдерінің ішінде кездессе де өздерімен өздері тек ана тілдерінде сөйлеседі. Міне, үлгі! Міне – ұлттық бірлікке жетелейтін басты жолдың бірі! 

 

Екіншісі – субъективті мазмұндағы. Кілті өз мемле¬кетіміздің қолында. Барлық іс қағаздарын, ресми құжаттарды бірыңғай мемлекеттік тілге өткізу керек. Әсіресе еліміздегі шетелмен бірлескен компаниялардың іс-қағаздарының толық көлемде өтуін қамтамасыз ететін уақыт келген сияқты. Жұмысқа жалданушылардың арыз-шағымдарына жауапты тек мемлекеттік тілде беру керек. Кәсіби аудармашылар институты сапасын көтеріп, қанатын кеңінен жаюы керек.

 

Қазақ пен қазақтың міндетті түрде, басқа ұлттардың мүмкіндігінше қазақ тілінде сөйлесуі білімділіктің, тектіліктің, мәдениеттіліктің, қазақстандық патриотизмнің мызғымас көрсеткішіне айналуы керек. 

Тәуелсіздігімізге, ұлттық тіліміз өзіндік кеңістікке ие бола бастағанына ширек ғасырдан асты. Өткен заманда арман болған көп асулар алынғанын скептиктеріміздің өзі мойындайды. Десек те тіліміздің беделі, ықпалы Өзбекстандағы – өзбек, Әзірбайжандағы – әзірбайжан, Армениядағы армян тілдерінің дәрежесіне жететіндей уақыт болған сияқты.

 

Дәл бүгінгі қоғамымыздағы саяси-психологиялық жағдайда қазақ тілін толыққанды мемлекеттік, ұлттық, жалпықоғамдық дәрежеге жеткізуге кесе-көлденең тұрған ерекше проблеманы өз басым көріп тұрғаным жоқ. Тиісті заң бар. Мақсат қойған саясат бар. Орындауға міндетті мемлекеттік құрылымдар бар. Тілдің қолдану аясын мақсатты дәрежеге дейін кеңейту және тереңдету үшін тек ұлттық ерік күші керек. Орындау тактикасында акценттерді ретімен, жөнімен, ұтымды қою керек. Осы уақытқа дейін аталмыш жұмысты қожыратқан, жалақы үшін жармасқандарды, тіл қоғамын өлімші халге жеткізсе де тұяғын қимылдатпайтын «қайраткерлерді» өздеріне лайық орындарға ысыру керек.

 

Сапарбек САХОВ, 

Қазақстан инженерлік-педагогикалық 

Халықтар достығы университеті 

ректорының кеңесшісі, 

тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ