Швейцарияда өз кәсібін ашқан қазақ

30.01.2018
Қаралды: 930

Дәрігер атану оңай емес, ал нағыз дәрігер болу, әсіресе өз ісіңнің майталман маманы екеніңді шетелдіктерге мойындату одан да қиын. Ендеше, осындай жауапты істі абыроймен атқарып жүрген қандасымыз Серік Тұрсынды өздеріңізге таныстырып қояйық. Ол кісі бүгінде Швейцарияда тұрады. Өзі Екібастұзда, Көксиыр дейтін ауылда туып-өскен.

 

«Әкем әуелгіде тракторшы болып жұмыс істеді, шешем сол кісінің ас-суын әзірлеп, жанында жүретін, – дейді Серік Тұрсын. – Бүгінде екеуі де бақилық болып кеткен. Дегенмен біздің жақта әлі күнге дейін «Тәженнің вышкасы» дейтін жартас бар. Тәжен – менің әкем. Тракторшы болып жүрген кезінде директормен сөзге келіп қалып, тракторын жартасқа айдап апарыпты да, жерге шанышқы сияқты, жоғарыдан төменге қаратып қадай тығыпты. Сірә ашуын осылай алған болса керек. Содан бері әлгі жер «Тәженнің вышкасы» аталып кеткен. Оны жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Ал енді атам мен әжемді көрген емеспін. Шешемнің әкесі «халық жауы» атанып, Сібірде он жылға жуық қамауда отырып келіп, мен туылған жылы қайтыс болыпты. Әкемнің әкесі де «халық жауы» деп танылып, атылыпты.

 

Өзім туралы айтар болсам, «Екібастұз» совхозында, қазақ мектебінде білім алдым. Мектеп бітіргесін Алматының медициналық институтына түспек болдым. Жолым болмады. Содан әскерге кеттім. Келгесін қазіргі Астананың медициналық институтына түсіп, тәмамдадым. Ол кезде біздерді жолдамамен жұмысқа жіберетін, «Бәйет» деген совхозға дәрігер болып барып, сол жерде екі жыл жұмыс істедім. Кейін Екібастұз қаласындағы емханада еңбек еттім. Сөйтіп жүріп емхананың терапия корпусынан реанимация бөлімшесін аштым». 

 

...Осыдан кейін Серік мырза отбасымен Германияға қоныс аударған екен. Сол жерде алты ай неміс тілін меңгеріп, емханада жұмыс істеп, өзінің білімді, білікті маман екенін дәлелдеп, «Ішкі құрылыс дәрігері» деген санатқа ие болыпты. Мұндай санат алған адамдардың «Праксис» ашуына рұқсат беріледі екен. Яғни Секең өзінің жеке клиникасын ашқан. Мейірбикелерді оқытқан. Тоғыз жылдан соң Швейцарияға қоныс аударыпты.

 

«Швейцарияның Берн қаласынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Лисс қаласына көшіп келгенімізге биыл жеті жыл болды, – дейді кейіпкеріміз. – Осында да өзіміздің жеке клиникамызды ашып алдық. Онда біз дәрігерлік көмек көрсетеміз, ультрадыбыстық зерттеу жүргізуге, электрокардиограммаға түсуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ дәріханамыз бен зертханамыз жұмыс істейді. Мейірбикелерді дайындайтын кішігірім мектеп те осында.

 

Мұның бәрін жұбайым Сәуле екеуміз басқарамыз. Ол кісі Алматы қаласынан. Негізгі мамандығы – экономист. Бүгінде клиникамыздың қаржы мәселесіне сол кісі жауапты. Сәуле Германияда тұрғанда қазақ-неміс қоғамын құрған. Жыл сайын Наурыз мерекесінің өз дәрежесінде аталып өтуіне атсалысатын. Дортмундта, Ганноверде және Трирде қазақтардың басын қосып кездесулер өткізген».

 

Ел ішінде жүргендер айналасындағы ағайынның қадірін көп жағдайда біле бермесе керек. Ал жырақта жүрген жандар үшін қандас бауырлардың жөні, орны бөлек. Оны Секең жақсы түйсінеді. Сол себепті өзі секілді бауырлардың басын қосып, Швейцариядан қазақ қоғамын құрған. Бүгінде аталмыш қоғамдық ұйым аяғынан нық тұрған. Қазақ бауырларымыздың басы жиі қосылады. Ұлттық мерекелерді бірге тойлайды.

 

Айтпақшы, Серік мырза бастаған бір топ қазақ Данияда тұратын қандасымыз Қажы Әкбар Аюбидің ұсынысы бойынша өткен жылы Нюрнбергте Наурыз тойын тойлаған. Биылғы бас қосуды Бельгияда өткізуді жоспарлап отыр. Оған Жапония, Финляндия, Германия, Франция, Қытай қазақтары да қосылады екен.

 

Секеңе біз «Үйде қай тілде сөйлесесіздер?»  – деген сұрақ қойдық.

«Мұндағы балалар кем дегенде үш тілде емін-еркін сөйлейді. Біздің балалар да олардан асып түспесе, кем емес. Үлкендеріміз бес тілді меңгерген, ең кішкентайым 10 жаста. Төрт тілді біледі. Ал біз үйде олармен қазақ және орыс тілдерінде сөйлесеміз. Өйткені, өкінішке қарай, Қазақстанда қазақ тілі әлі мемлекет және қоғам тілі дәрежесіне жете қойған жоқ. Ертең елге қайтар болсақ, балаларымыз шеттеп қала ма деген қауіп бар», – деп жауап берді.

 

...Швейцарияның медицина саласы өте жақсы дамыған. Бүкіл дүние жүзі бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Дегенмен онда емделу ақысы тым қымбат дейді Серік мырза.

 

«Қазаққа бірінші керек ас – ет. Ал мұнда жақсы еттің бір килосы 92 доллар тұрады. Қарапайым жұмысшылардың әл-ауқаты жақсы, жалақылары жеткілікті. Мысалы, мейірбике болып істейтін қыздар 19 жасында оқуын бітіріп, жұмысқа тұрса автоматты түрде 3500 доллар жалақы алады. Ал 10 жылдан кейін оның «зарплатасы» 5 мың долларға дейін көтеріледі», – дейді Серік Тұрсын.

Сөз соңында тағы бір сұрақ қойдық. «Швейцариялықтарға Қазақстан туралы айтқанда нені еске алады?» – деп. Ойлағанбыз ғой, кешегі өткізген ЭКСПО-ны, әлемге аты танылған боксшы Головкинімізді айтар деп. Қайдағы... «Өкінішке қарай, олар «Борат» фильмін еске алады. Тек швейцариялықтар ғана емес, бүкіл Батыс халқы «Борат» фильмін мықтап естеріне сақтап алған», – дейді Серік мырза.

 

...Қалай дегенде де бір қазақтың сонау Швейцариядан кәсіп ашып, өзін мойындатып жүргені біздің көңілімізді қуантады. Оның бекерге жүрмей, әр қиырдағы қандастарымыздың басын қосып жүргеніне риза болдық. Елге оралатын ойы бар сияқты. Келсе медицина саласына тың серпін әкелеріне біз сенеміз. Қайда жүрсеңіз де аман болыңыз, Серік мырза! 

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ