«Атақ пен марапат дер кезінде берілгенде ғана құнды», - дейді «Замана» Баспа үйі редакторлар кеңесінің төрағасы Иса ОМАР

19.01.2018
Қаралды: 700

Иса аға, сізді «Оңтүстік Қа­зақстан облысының Құр­метті азаматы» атануыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл марапатты қалай қабылдадыңыз? Атақ-даңққа деген көзқарасыңыз қалай?

– Рахмет! «ОҚО Құрметті азаматы» атағының берілуіне орай соңғы күндері мені құттықтаушы азаматтар өте көп. Әсі­ресе әлеуметтік желі арқылы мыңдаған адам қуанышыма ортақтастып жатыр. Мен бұдан мынаны сезіндім: егер осындай құрметті атақтар лайықты азаматтарға берілсе, бұл адамдардың бо­йында қандай да бір қуаныш сезімін тудырып, қоғамда әділеттілік орнағанының бір белгісіндей көреді екен. Тілек білдіріп жатқандардың арасында: «Бұл атақ сізге ертерек бері­луі керек еді; Сіз облыста бұ­рын­нан құрметті азаматсыз, енді бұл заңды түрде рәсімдел­ген құжат болды», – деп жатқандар бар. Бәрінің көңілдеріне рахмет, бірақ, шындап келгенде құрметті азамат атануға лайықтылар облыста аз емес. Десе де, со­ның бәріне атақ берілді ме, уақтылы беріліп жүр ме, гәп сонда. Марапат деген лайық­ты азаматқа және дер кезінде бе­рілгені абзал. Сонда бұл адам­ды қанаттандырады, қоғамда өз орнын сезінуге мүм­кіндік туғызады. Әйтпесе сол азаматқа ке­шіктіріп, жасы 80-ге, 90-ға, 100-ге келгенде марапат беріп кере­гі не?

Осы уақытқа дейін өзімізге қандай да бір марапат берілуін ерте деп ойлап жүрдік. Мысалы, 40 жасымда мені мемле­кеттік наградаға ұсыну жөнінде бірнеше мәрте ұсыныс түсті. Мен одан бас тарттым. Себебі, сол жасымда оны алуға ұялдым. Алдымда сол марапатқа менен де лайық ағалар тұр деп. Кері­сінше, мен басқа адамдарды ұсындым. Ал, 50 жасымда марапат алғым келді, бірақ сұрауға ұялдым. Ал енді 60 жа­сым­да бұл марапат маған бе­рілді. Бірақ енді оны алдым деп айтуға ұялып отырмын. Өйткені мен секілді азаматтардың бі­разы мұндай атақты әлдеқашан алып қойған. Кейде менің баламмен жастылар қос-қостан марапат алып, кеуде­ле­ріне орден тағып жүрген жайлары бар. Міне, соларды көре отырып, «марапат алдым» деп айтуға да ұялады екенсің. Жұрт «осы уа­қытқа дейін алмаған ба?» дей ме деп.

Өкінішке қарай, соңғы кез­дері атақ дегендер өз егесіне лайықты беріліп жүр деп айту қиын. Марапаттау қоғамдағы түйт­кілді мәселеге айналды. Мысалы, кей адамдар ұялмастан атаққа өзін-өзі ұсынып, өзі алатын болды. Бүгінгі заманда атақ-марапатты сұрап, сатып, араға адам салып алушылар көбейіп кетті. Соның салдарынан осындай жап-жақсы атақ-марапаттан қадір қашқаны рас. Ел бәрін біліп отыр.

Кейбір аудандарда құрметті азамат атағы ешкім танымайтын, елге ерекше еңбегі сіңе қо­йды деп айтуға келмейтін адам­дарға беріліп жүр. Бұрыннан айтылып жүргендей, «атамның атын ауыл­ға, көкемнің атын көшеге берейін» деген теріс тенденция етек алып бара жа­тыр. Бұны қалай тыюға болады? Адамның өзіне нысап бермесе бұл қиын нәрсе.

Кейде мемлекеттік деңгей­дегі мара­пат­тар жөн-жосықсыз берілетіндей көрі­неді. Мысалы, сіз мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрсіз. Сіздің міндетіңіз – сол орайдағы мәселелерді ше­шу. Мысалы, ел қазынасынан қаржы бөлініп, қандай да бір нысан саласыз. Айталық, саябақ немесе ескерткіш. Міне, сол сая­бақты салғаныңыз, ескерт­кішті тұрғызғаныңыз үшін өз-өзіңізді марапатқа ұсынасыз. Осылайша, сіз мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанасыз. Бірақ сонда сіз «мынау ұят қой» деп бойыңыздан күш таппайсыз. Өкінішке қарай, кейде мұндай жайттар да біздің облыста орын алып жатады.  

Ал өзіме берілген атаққа келсек, бұл жерде менің арым таза, жүзім жарқын. Себебі мен бұл атақты сатып, сұрап, араға адам салып, ешкімді қорқытып-үркітіп алған жоқпын. Жұрт мені шынайы көңілмен құттықтап жатқаны осы себепті деп ойлаймын.

– Сонда бұл жерде кінә – атақты беруші тарапта да болып тұр ма? Олар лайықсыз аза­матқа неге береді?     

– Бұл мәселе халықтық тал­қылаудан өткізіліп жатқан жоқ. Атақ беру жөнінде қандай да бір жиналыс не референдум болып жатқан жоқ. Бұны ат төбеліндей топ шешеді. Атап айтқанда, атқарушы билік тарапынан мемлекеттік наградаларға ұсынылады. Атқарушы билік пен өкілетті билік біріге отырып, «Құр­метті азамат» атағына ұсынады. Со­ны беретін, соны қарайтын адамдар пен­дешіліктен ада деп айта алмайсыз. Олар да өздері алғысы келеді, туған-туысқандарына бер­гісі келеді. Оның ар жағында көңілжықпастық тұрады. Ара­ға адам салатындар салдарынан олар да тұйыққа тірелетін кездер болады. Немесе әлсіз тұстарын біліп, шантаж жасап, атақ алып жатқандар да бар. Егер осы атақ беруде қандай да бір механизм ойлап табылса, оны саты-сатыдан өткізіп, яғни ауылдан бастап облыстық деңгейге дейін мыңдаған адамның қатысуымен белгілесе, онда лайықсыздар өзінен-өзі ұшып кеткен болар еді. Мүмкін келешекте бұның механизмдері басқаша болып жетілдірілетін шығар. Ал дәл қазір кейде ел наразылығын тудыратын азаматтар өтіп кетіп жатқаны да жасырын емес.

– Сіз облысымызда тұң­ғыш рет тәуелсіз газет шығар­ды­ңыз. Кейіннен 3 жыл «Оң­түс­тік Қазақстан» газетін басқардыңыз. Тәуелсіз газет пен ресми газетті шығаруда қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар?

– Мен саналы өмірімнің негізгі бөлігін журналистикаға арнаған жанмын. Оның ішінде редакторлық өтілім – 25 жылға тақайды. Бір кездері мен мем­лекеттік ресми газет пен тәуелсіз газетке қоса-қабат редакторлық жасадым. Айырмашылығы – жер мен көктей. Тәуелсіз газетте өз-өзіңді қаржыландыратын болсаң, сен еркінсің. Ойың да, сөзің де еркін. Бәрін ашық айта беруге болады. Ал ресми газетте ресми мә­се­ленің шеңбе­рінде жүресің. Қан­дай да бір мәселе көтерерде, сын пікір айтарда белгілі бір шеңбер ішінде жүруге мәжбүр­сің. Әрине, онда қысым болды деп айтуға келмес, бі­рақ жазылмаған ережені сақтауға мін­деттісің. 

Сөз орайы келгенде айта­йын, «Оң­түстік Қазақстан» газеті­нің редакторлығын мен тұп-тура 3 жылдан кейін өз ер­кім­мен тапсырып кеттім. Мені ешкім қудалап, артық-ауыз сөз айтқан жоқ. Мен өз­ге­лер де жұмыс істеуі керек деп есеп­теймін. Бір адамның мемлекеттік қызметте өмір бойы бір орында отыра бе­руіне іштей қарсымын. Онда 3 жылдан артық отыру дұрыс емес. Қоғамды алға жылжыту үшін тың күштерге орын беру керек. Мен соған орай нақты үлгі көр­сеткім келді.

– «Замана» газеті мемле­кеттік тапсырысқа жүгіне бер­мей­ді екен...

– «Замана» ешқандай да оппозиция­лық газет емес. Немесе жекелеген топтардың, мемлекеттік органдардың сойылын соғушы трибуна емес. «Замана» – қа­рапайым оқырмандарға арналған, оқыр­мандар мүддесіне жұмыс істейтін тәуел­сіз газет. Біз осы мемлекетте тұрғасын мемлекеттен тыс та емеспіз. Оңды істер, жағымды жаңалықтар газет бетінен көрі­ніс тауып тұрады. Кейбір жылдары біздің белгілі бір тақырып бойынша мемлекеттен тапсырыс алып тұрған кезде­ріміз болды. Және оны ерсі нәрсе деп есептемейміз. Айналып келгенде, біздің де көздейтініміз – елдің жағдайы, мемле­кеттің, қала берді ұлттың мүддесі. Егер мемлекеттік органдармен жолымыз түйі­сіп, тоқайласып жатса, неге бірге жұмыс істемеске?

– Дәстүрлі медиа 2000 жылдары шарықтау шегіне жетті десек болады. Ал қазір – жаңа технология заманы. Сіз дәстүрлі медианың болашағын қалай елестетесіз?

– Қазір шын мәнісінде біз өте қызықты заманда өмір сүріп жатырмыз. Технологияның дамып кеткені сонша, осыдан 10 жыл бұрын елестете алмаған, ойымызға кіріп шықпаған күйді бастан кешіп отырмыз. Бүгінде ақпарат тарату деген – халықтық іске айналып кетті. Бұрын ақпаратты тек журналистер таратушы еді. Қазір кез-келген адам әлеуметтік желі арқылы ақпарат таратушыға айналып кетті. Бұрын журналис­тер ат төбеліндей ғана отряд болды. Олар қоғамда болып жатқан оқиғалардың 100-ден бір бөлігін ғана қамтыды. Бүгінде жұрт жаппай ақпарат таратумен айналысып кеткенде, оның шегі жоқ ұшан-теңіз мұхит екеніне көз жеткіздік. Қазір ақпарат таратудың жаңа дәуірі басталды. Кез-келген адам қандай да бір іс-шараның басында тұрып қо­лындағы смартфон арқылы тіке­лей эфир жүргізе беретін болды. Мысалы, бұрын бір жаңалықты газет шыққан соң, бір күн немесе бір аптадан кейін оқып-білдік. Теледидар шыққанда таңертеңгі жаңалықты кешке естіп жүрдік. Енді әлеу­меттік желі арқылы сол мезет жаңалықтан хабардар болып отырамыз.

Жасыратын несі бар, дәстүр­лі медиа құлдырап барады. Газетті сатып алып оқу, теледидар көру, радио тыңдау аза­йып келеді. Біз бұны қалап тұр­ған жоқпыз, бірақ амал қанша? Сондықтан да біз қазіргі заман технологияларына бейімделіп, соған сіңісіп кетуіміз керек. Әлеу­меттік желіде тексерілмеген ақпараттар жүреді. Журналист со­ның ақ-қарасын ажыратып, оқырманға жаңа технологияны пайдалана отырып кәсіптік тұр­ғы­да жеткізе білуі керек. Сонда журналистика әлі де болса қа­лады. Ал егер оқиғаның алдына түсе алмай, артында қа­лып кетсе, онда ол өшеді.

– Журналиске қояр тала­бы­ңыз қандай? Қазақ Ұлттық уни­верситінен өзге жерде журналистика факультетін жабу керек деген пікірге көзқарасыңыз қандай? 

– Тек журналистика ғана емес, өзге де салаларда еш­қандай жоғары оқу орны ма­ман­ды дап-дайын күйінше тәр­биелеп шығара алмайды. Бұл проблема бұрын да болған, қа­зір де бар. Қай жерде қандай факультет бар, оны жабу керек пе, әлде сол күйі қалдыру керек пе, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы – сол мамандықты игергісі келген адамның бойында қызығушылығы, қабі­леті болуы керек. Және ол өмір мектебінен, тәжірибелі адамдардың мектебінен өтуі тиіс. Өзі күнделікті жұмыс істеп, сол арқылы піскені жөн. Теориялық бі­лім кейде керек те шығар. Бүгін­де университеттерде ескі­ріп кеткен теорияларды, қолданылмайтын жанрларды үйретіп уақыт алып жатады. Айталық, очерк жанры. Қазір очерк жанрының заманы өтіп кетті ғой. Барлық салада өзінің жауын­герлік рөлін атқарған нәрселері болады. Бұрын поэзияның ішін­де поэма жанры жауын­герлік рөл атқарған шығар. Қазір поэ­маны кім оқып жатыр? Сондықтан да, барлық салада ес­кір­ген нәрселер артта қалып, жаңа нәрсе алға шығуы керек.

– Қалың оқырманға сіз тек журналист ретінде ғана емес, ақын-сазгер, жазушы ретінде де таныссыз...

– Біз кішкентай кезімізде жазушы болсақ деп армандаған адамбыз. Бірақ, таза шығармашылық адамы болу бір басқа, журналист болу мүлдем басқа. Журналистика – қазаны қайнап жатқан қат-қабат тір­шілік. Жалпы, күнкөріс нәрсесі. Ал шығармашылық – хобби секілді дүние. Соған қарамастан біз тиіп-қашып, шығармашылықпен айналысуға уақыт та­уып жатамыз. Егер шығармашылық адамдарына барлық жағдай жасалса, ол адамзат игілігіне жарайтын небір мықты дүние жасар ма еді? Әзірге мұндай мүмкіндік болмай тұр. Көпшілік жұрт өйтіп-бүйтіп уақыт тауып, шығармашылықпен айналысып жүр. Бірі биік­терге көтеріліп жатса, енді бірі жарты жолда сағы сынып қалуда. Біз білетін небір мықты азаматтар творчествалық ізденіс жасай алмай, күнкөріс соңында жүр.

Мен басында прозалық шығармалар жаздым. Орыс, қыр­ғыз, өзбек тілдеріне аударыл­ған кітаптарым бар.

Соңғы 5-6 жылда өлең жазуға қарай бет бұрып жүрмін. Өлеңімді көпшілікке жеткізу үшін әндерді де қоса шығарып жүр­мін. Орындалған әндерімнің жал­пы саны 80-нен асады. Ол бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Бұл орайда «Жүрек сөзі» деген әндер жинағы ноталарымен жарық көрді. Ішінде 200-ден аса әндерім бар. Сонымен қатар, «Замана» деп аталатын өлеңдер жинағым шықты. «Жү­рек­­тен шыққан 100 өлең» деген топтамамен.

Жалпы, өзімді ақын деп есеп­­теген емеспін. Қолына қа­лам алғандарды мынандай топтарға бөлемін: баяндаушы, су­рет­теуші, ой түюші. Оның ішінде мен өмірден көрген-білген­де­рімді, ойға түйгендерімді өлең жолдары арқылы өріп беру­ші­мін. Алдағы уақытта өмірден түйген ой үзіктерді қағазға түсі­ріп, кітап қылып шығаруды жоспарлап отырмын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  – Абылай ЕСІМБАЙ.

(«Рейтинг» газеті,

№1(452), 18.01.2018ж.)

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ