Оңтүстік Қазақстан облысына жаңа өкіл-имам тағайындалды

19.01.2018
Қаралды: 1037

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің бұйрығымен Бақтыбай Бейсенбаев ҚМДБ-ның  Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл-имамы және облыстық орталық мешіттің бас имамы болып тағайындалды. Бүгінгі жұма намазында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі Бауыржан Есмахан мешіт ұжымы мен жамағатқа жаңа өкіл-имамды таныстырып, Бас мүфтидің бұйрығын оқып берді.

Ал ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл-имамы қызметін бұған дейін атқарып келген Ахметжан Керімбеков бірінші наиб-имам және іс басқарушы болып тағайындалды. Оның атқарған қызметіне құрмет көрсетіліп, қазақы салтпен иығына шапан жапты.

Бақтыбай Қыдырбайұлы Бейсенбаев 1972-жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өмірге келген. Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы «Сайд Мухиддин Махдум» медресесінде білім алған. Оған Ташкент қаласындағы «Имам Бухари» Ислам институтының «Исламтанушы», «Имам хатиб», «Араб тілі мұғалімі» біліктіліктері берілген. Ол сондай-ақ Л.Гумилев атындағы «Еуразия» университетінің философия және саясаттану факультетінде, «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінде білім алған.

Б.Бейсенбаев 1996 – 2003-жылдар аралығында ОҚО Сарыағаш ауданында «Түмен ата» мешітінің бас имамы, М.Окороков атындағы орта мектептің араб тілі мұғалімі болып еңбек етті, кейін екі жыл ҚМДБ Діни оқу-ағарту бөлімінің референті болды. 2005 – 2013-жылдары Алматыдағы «Нұр Мүбәрак», Астанадағы С.Ғылмани мешіттерінің бас имамы, Алматы қаласы орталық мешітінің наиб-имамы қызметтерін атқарды. 2014-жылдың қаңтар айынан бері ҚМДБ-ның діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі болып келді.

Бақтыбай Қыдырбайұлы – бірнеше кітаптар мен оқулықтардың, ҚМДБ-ның 2020-жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасының, 100-ге жуық әртүрлі діни-ағартушылық, танымдық тақырыптағы мақалалардың авторы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ