Миыңыздағы «шам» сөнбесінші!

19.01.2018
Қаралды: 660

Ел ішінде «Құралай ханым» деген атпен танымал болған Құралай Ошақбаеваны «Замананың» оқырмандары жақсы біледі деген ойдамыз. Құралай ханым соңғы бірер жылдан бері көптеген қыз-келіншекке отбасылық, әлеуметтік тақырыптарда керек кеңестер беріп келеді. Біз бүгін сондай кеңестердің бірнешеуін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Мас кезінде күйеуімнің «Айфонын» ашып, бүкіл хаттарын оқып алдым. «ВК»-да тыққан фотоларын көрдім. Қыздармен «от души» сөйлеседі екен. Сұмдық! Жылап отырмын. Айтайын десем, қорқамын. Телефонымды неге ақтарасың деп жанжал шығаратыны белгілі. Бірақ оның опасыздығына шыдай алар емеспін. Ажырасқым келеді. Бірақ үш балам бар. Не істерімді білмеймін, ақыл қосыңызшы», – депті бір келіншек.

«Өзіңді  сүй, өзіңді сүйгенді сүй. Сүймегенге сүйкенбе» дегенді күйеулері әлі тастамаған, бірақ тастап кетейін деп жатқан немесе тастап кеткен әйелдерге айтқым келеді. Бірақ ажыраспа! Әлсіз әйелге ажырасуға болмайды. Бір күйеуге шамаң жетпей, мас кезінде телефонын ақтарып, сансырап отырсың, ал ажырасқанда қайбір жетісемін деп ойлайсың?

Өз ойыңды жинақта. Мықтылықты үйрен. Тереңнен ойлап үйрен. Сәл сынаққа сандырақтап, саныңды сабалап отырсың, ертең ажырасып, жалғыз өзің бала-шағамен қалғанда тіпті шашыңды тарауға шамаң жетпей, шашылып қалмайсың ба?

Ажырасуға кез келген уақытта үлгеруге болады. Ал әзірге, асырап отырған күйеуің барда жан-жағыңды жинақта. Денеңдегі арнасынан асып бара жатқан артық майдың көзін құрт. Кәсіп үйрен, іздемпаз бол. Өс, өзгер. Түк таппасаң, тіл үйрен.

Қазіргі заманда әдемі болу оп-оңай. Кірпікті де, көзді де, бөзді де, төсті де жасап алуға болады. Дегенмен сен ең маңызды нәрсе – миды жасап алуың керек. Күйеудің миынан сенің миың бір ғасырға артта қалса, отырасың өмір бақи телефонындағы хаттарды оқып, стресс болып.

Мықтылық  өзіңді сыйлағанда келеді. Өзіңді-өзің бағалағанда келеді. Өз-өзіңді жақсы көргенде келеді.  Басқалар сені сыйламаса, сүймесе, жақсы көрмесе, демек, өзіңді өзің сүймейсің, сыйламайсың деген сөз. Бірақ менің ажыраспа дегенім  күйеудің құлы бол дегенім емес. Ажыраспа дегенім – балалармен қосылып қаңғып кетпе дегенім. Күйеудің қасында жүріп өсіп алуың қажет. Сосын көре жатасың, ажырасасың ба, жоқ па?

«Морально», «материально» тозып жүріп ажыраспа. Одан әрі құлдырап, досқа күлкі, дұшпанға таба болып қалудан сақтан!

Күйеуге ерегіскенде жылдамдығыңды «мыңға» арттыр да, оны шаңыңа ілестірмей, басып оз. Өзіңді сыйлап, бағалап үйренген күні ақша да, басқа да табылады.  Көтер басты! Өзіңе, өз телефоныңа, өз өміріңе, өз балаларыңа ие бол!

...Отбасында екеудің біреуі сүйеді, біреуі сүймейді. Біреуі құтырады, біреуі құтыра алмайды. Біреуі – xан, біреуі – құл. Екеуі де сүйетін, бірігіп ап құтыратын «гармоничный» қатынас тек еркек пен әйел жоғары деңгейге өскенде ғана орын алады. Ал біз бен сіз секілді қыртымбай-пыртымбайларда, нақтырақ айтсам, барлық пақыр пенделерде жоғарыда айтылғандай қарым-қатынас өрбиді.

Миың істесе, өзіңді тапсаң, бағаласаң – xанымсың, миың істемесе – күңсің. Өзіңді сүймей, Құдайға табынбай күйеуге табынып кеткен кезіңде құл боласың. Себебі әр адамның жүрегінде Құдайы бар. Сол Құдайымызды жақсы көрмей, енеңнің баласының құлы болып кеткеніңе кім кінәлі? Басыңызға келген қиындықтың тоқалға, күйеуге немесе оның туыстарына түк те қатысы жоқ.

Сіз қазір өзіңіздің деңгейіңіздің төмен екенін түсінуіңіз керек.

Мен кейде әйелдерге «Күйеуді құрметте, хан секілді күт» дегенді айтамын. Бірақ соны дұрыс түсінбейтіндер «Күйеуді күтем деп жүріп аяғының астындағы шұлғауы болып кеттім» деп ренжиді. Оларға айтарым: Бірінші өзің ханым бол, содан кейін ол өзінен-өзі хан болмағанда кім болады? Өс, өзгер, артта қалма деп ұрандатып жүргенім сол үшін.

Егер күйеуің өзгелерге көз салғыш болса, демек, оның энергетикасы сенікінен жоғары болып тұр. Сенен түк ала алмаған соң ол байғұс сырттан теңін іздеп кеткен. Сол себепті күйеуге санаң да, шамаң да жетпей тұрғанын түйсініп, әрекетке көш, миыңның «жарығын» қос!

Мәселен, көрші үйдің «светі» өшіп тұрса, ол үйге қонаққа барғың келмейді ғой, барсаң да қараңғы түнектен қашып шығып өз жарығыңа немесе жап-жарық боп жарқырап тұрған басқа үйге барғың келіп тұрасың ғой. Сол секілді жанып тұршы, жарығым!

Сосын тағы айтарым, тұтанбай жатып өшпе, жанбай жатып сөнбе! Анда-санда бір тұтансаң үп еткен жел бықсытып, күл қылып көме салуы мүмкін. Сондықтан жүректегі от, мидағы «шам» ешқашан сөнбесін!

Құралай ханым.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ