Зиярат жасаушыларға «Фараб» қонақ үйіне баруға кеңес беремін

19.01.2018
Қаралды: 547

Жер бетінде тылсымға толы киелі орындар көп. Ондай жерлер Қазақстанда да көптеп кездеседі.

Жақында Арыстанбаб бабамыз жерленген киелі Отырар ауданына барып, зиярат жасап қайтқан едім. Дертіне шипа іздеп түрлі қиындықтар­ға кезіккен жандардан сол жаққа барып аяққа тұрдым дегенін жиі еститінмін. Сондықтан құмартып, өзім барып қайтуға бекінгенмін.

Зиярат жасап барғандықтан алғашында адамдар жылы жүзбен қарсы алды. Кесене басына барып құран оқып, тарихымен таныстым. «Арыстанбабқа түне, Йассауиден тіле» деп халық арасында таралған сөзден аттамай, баба басына түнеп шығуға ниеттендім. Кесенеден шыға бере: «Жатын орын бар ма?» – деп айтып ауыз жиғанымша болған жоқ, жан-жағымнан: «Үй бар», – деген адамдар қаптап кетті. «Сапасы көңілімнен шыға ма?» – деген сұрағым оларды қызықтырмайтын секілді. Барлығы жұлмалап, қолымнан анда-мұнда тарт­қылап барады. Ақыры болмағасын ол ойымнан бас тартқанымды айтып, кесене жанындағы мешітке қарай беттедім.

Кесене жанында үлкен, мың адамдық «Арыстанбаб» мешіті бар, сәулеті келіскен мешітте жыл сайын Құрбан айт мерекесі мен басқа да түрлі діни мерекелік шаралар өткізіліп тұрады екен. Мешітте Нұрлыбек Әбсеметов есімді жас имам өзінің әуезді даусымен керемет Құран аяттарын оқыды. Ниет қылып болған соң одан жақсы қонақүй тауып беруін сұрап едім, ол мешіт жанындағы «Фараб» қонақүйіне барып көруімді ұсынды.

«Фараб» мешіт ауласында орналасқандықтан айналасы таза екен, асхана, қонақүй қызметтерінің сапасы да көңілімнен шықты. Онда 100 адам қона жатып, зиярат жасауына ыңғайлы жағдай жасалыпты. Ақылары қолжетімді, арнайы автотұрағы да бар, ең бастысы, таза, ыңғайлы.

Айтайын дегенім, мен зиярат жасап барушыларды қолдарынан тартқылап, өз үйлеріне түнеуді ұсынып жатқан адамдардың ойын  түсінбедім. Киелі жерде тұрып пенделікке салынатындай басымызға не күн туды? Қонақтардың ыңғайлы орынды таңдау құқы өздерінің еркінде емес пе?

«Күнкөріс қамымен» деп жүріп адами қасиеттерімізден айырылып қалмасақ екен.

Аңсар ЖҰМАБАЕВ,

Тараз қаласының тұрғыны.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ