Әжесінің аты – Ақшай, өзінің аты – Көкшай

18.01.2018
Қаралды: 914

Осыдан біраз уақыт бұрын Қызылорда қаласына барған болатынбыз. Онда біз есімі ерекше бір жанмен жолықтық. Онымен таныстықтың өзі тосын жайдан бастау алды.

Отыз шақты адам бір үйде қонақта отырғанбыз. Екі бөлмеге бөліне отырған жұртқа үй иесі балық қосылған өте дәмді ас ұсынды. Таңсық асты тамсана жеп отырған қонақтар бір кезде көк шай сұратты.

– Көк шай! – деді үй иесі келесі бөлмеде қонақтарға шай әзірлеп жүрген жас келіндеріне қарап дауыстай сөйлеп.

– Ау, мен мұндамын, – деп біз отырған бөлмеге кішкентай бойлы, қараторы апай кіріп келді.

– Сені емес, көк шай сұратып отырмыз, – деп жымиды үй иесі.

Осы кезде келесі бөлмедегі кісілер де көк шай сұрады. Әлгі апай сол бөлмеге қарай жүгіріп кетті. Олардың да берген жауабы әлгіндей болды.

«Қонақтарға шай әзірлеп жүрген келін болар. Бірақ неге оған: «Сені шақырған жоқпыз», – деп жауап берді деген ой келді бізге. Сөйтсек, қимылы ширақ, жүрісі жылдам бұл апайдың есімі Көкшай екен. Елең еттік. Оның есімі бұлай аталуының сыры бар болып шықты.

– Менің есімімді әжем қойыпты. Анам толғатып, бізді үйде босанған екен. Менен бір сәт бұрын өмірге Айбол атты ағам келеді. Содан кейін мен туылыппын. Әкемнің әпкесі Ақшай Төлегенова менің кіндігімді өзі кесіпті. Сөйтіп: «Бұл менің қызым болады. Атын да өзім қоямын. Менің атым Ақшай, ал қызымның аты Көкшай болады», – деп, мені етегіне салып алып кеткен. Содан бері 58 жыл бойы Көкшай аталып келе жатырмын.

Сыңарым Айбол үш жасында шетінеп кетті. Ал мен әжемнің қызы болып өстім. Яғни Ақшайдың етегінде еркелеп, қолында өскен Көкшаймын, – деді ол.

Көкшай Елжанованың әкесінің есімі де өзгеше – Шайту. Қырық бір жыл темір жол саласында қызмет еткен, елге қадірлі жан болған. Көкшай Шайтуқызын да Қызылорда жұртшылығы өте жақсы біледі. Өйткені ол жас балалар мен жасөспірімдердегі түрлі кеселді Құран сүрелерімен дем салу және био­өріспен сылау арқылы айықтырып жүр­ген халық емшісі. Көкшай емшінің тамағы ісіп, баспасы (ангина) көтерілген, қолқасы суықтап, жөтелі тоқтамаған, бронхит диагнозы қойылған, іші өткен, тіл-көз тиген балаларды оттай ыстық алақанымен әп-сәтте емдейтінін аңыз етіп айтады.

Емші атанбас бұрын Көкшай Шайтуқызы бойын түсініксіз бір зіл басып, күннен-күнге жүдеп, қатты ауырыпты. Жанын қинаған түсініксіз кеселдің емін іздеп Жаңақорғандағы бір қожа кісінің алдына барады. Дертінің құпиясын сол жерде естиді: «Балам, бойыңды зіл басуының себебі – ата-бабаңнан конып тұрған қасиет бар. Сен осы жолды ұстауың керек. Үйіңде қынапта сақтал­ған ата-бабаңның ұстаханасында жасалған пышақ бар, соны алып кел. Ол сенің емшілік құралың болады. Сосын бес мезгіл намазыңды үзбе. Міне, сонда сен өзің де аурудан аман боласың, ауырған жанға да шипа сыйлайсың», – дейді емші. Осылайша Көкшай Шайтуқызы төртінші мүшел жасқа аяқ басқанда өзі де күтпеген жерден адам емдеуге бет бұрады.

– Ең алғашқы емделушім әлі есімде. Досбол деген кісінің бір жасқа толмаған  баласын емдедім. Үш айлығында «грыжа» болған сәбиге бес айдан бері ем қонбай жүр екен. Болмаған соң ота жасатқан. Содан кейін бала аяғын мүлде баспай қалған. Көптеген дәрігерлерге барған, массаж алған. Ешқайсысынан нәтиже шықпай, баланың өсіп-жетілуі де тежеле бастайды. Ата-анасы медицинадан нәтиже алмаған соң қазақы жолмен емдеудің тәсілін іздейді. Сол ізденіс маған жолықтырды. Баланы көргенде мен оған қандай ем қажет екенін түйсігіммен түсіне қойдым. Алақандарым үнемі жан­ған оттай қызып жүретін. Осы биоөріспен баланы сылап-сипай отырып ем жүр­гіздім. Дем сала отырып, Алладан шипа беруін сұрадым. Осылай жеті күн емдегенде баланың беті бері қарады. Арада үзіліс жасай отырып үш ай емдеп, Жәнібек Досбол баласын аяғына тұрғыздым, – деп еске алады емші.

Одан бергі он жылда Көкшай Шайтуқызының алақанындағы биоөрістің қуа­тымен қатарға қосылып, жүгіре басып, жарыса ойнап, шауып кеткен бала  көп. Ересектердегі еңсені езген ауыр ой, бойды басқан зіл де емшінің алақан жылуы­мен әп-сәтте тарқайды екен. Әйткенмен оны көргенде балалар дәрігері – педиатр екен деп қалатыныңыз анық. Себебі дәрігер сияқты ақ халат, «қоқима» ақ қалпағын киіп алып, өзі диагноз қойып, өзі ем жасайтын емшінің емдеу бөлмесінің алдында бір айлық баласын көтерген аналар, жасөспірім жеткіншегін жетелеген әйелдердің кезек күтіп тұрғанын көруге болады.

Көкшай емші тіл-көз тиген балаға дем салса, іші өткендердің кіндік тұсын, майтабандардың табанын ыстық алақанымен сылап-сипайды. Иә, оның алақанындағы қызу майтабандарға да шипа екен. Тіпті салқын су ішкеннен болған тамақтың қабынуын да алақанмен жылу жібе­ріп қыздыру арқылы дәрісіз айықтырады. Шошынып, қорыққан балаларға қорғасын ерітіп, қорықтық жасау арқылы бір-ақ сәтте тәуір ететінін ауыл-аймағы үнемі айтып отырады.

Біз Көкшай емшінің тізесі, буындары ауырған адамға массаж жасағанына куә болдық. Қимылы сондай жылдам емші бір әжейдің денесін әрбір саусақ, башпа­йына дейін сипап, уқалаған сайын әжей: «Ауырған жерін, қақсаған тұсын дәл таба­ды. Алақаны сондай жұмсақ. От сияқты мына ыстық жаныма жағып барады», – деп шып-шып терлей бастады.

Бірақ қимыл-қозғалысы ширақ бол­ғанмен сөзге сараң, сабырлы Көкшай Шайтуқызы өзі, емдеу тәсілі жайлы ашылып айта бермейді. Ол алақанындағы жылудың құпиясын іс жүзінде танытатын жан.

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ