Иткөйлек, итаяқ, итақай, итаршы...

18.01.2018
Қаралды: 783

Тарих табалдырығын аттаған Ит жылында ит туралы көп айтылып жатыр. Расында да тереңірек үңілсек, күнделікті дерлік жанымызда жүрген бұл хайуанатқа қатысты жайлар өте көп екен. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.

Иткөйлек. Иткөйлекті біздің қай-қайсымыз болсақ та киіп, тоздырғанбыз. Оны аналарымыз денеге тігісі батпайтындай етіп тігіп, кигізген. Бала қырқынан шыққанша осы көйлекті кигізеді. Оны үйде сақтап, кейінгі балаларға да кигізген.

Ілгеріде сәби тоздырған иткөйлекті бала көтеруді армандап жүрген жас келіндерге беретін, ол оның бір шетін қиып алып, өзінде сақтайтын да ырым болыпты.

Үй иесі көйлектің ішіне толтыра тәттілер орап, иттің мойнына байлап та жібереді екен. Ол итті балалар жабыла қуып жетіп, иткөйлекке оралған тәттілерді таласа-тармаса бөліп алып, көйлекті үй иесіне қайтаратын болған. Бұл ырым бала итжанды, төзімді болып өссін дегенді меңгейді екен. Тіпті жаугершілік замандарда қатерлі сапарға аттанғандар бәле-жаладан, қауіп-қатерден сақтайды деп өздерімен иткөйлек немесе оның бір бөлігін алып жүретін де ырым болыпты.

Итаяқ. Итаяқ – біздің түсінігімізде итке тамақ құйылатын ыдыс. Сондай-ақ қазір көп қолданыла бермейтін бір ғұрып атауы да осы итаяққа барып тіреледі екен. Яғни ілгеріде өмірге келген баланы алғаш шомылдырып алған ыдысты «итаяқ» деп атапты. Өзге үйге қыдырып барған жас келіншекке жасы үлкен әйелдер «итаяғыңа сал» деп алтын, күміс әшекей бұйымдар сыйлайды екен. Келіншек бала көтеріп, босанғасын баласын алғаш шомылдырған ыдыстағы суға осындай бұйымдар салып, кейін оны сол жерге жиналған әйелдерге таратып беретін болған.

Бір қызығы, Шығыс Қазақстандағы Семей қаласына жақын аумақта ұзындығы 35 шақырымға созылған Итаяқ деп аталатын өзен бар екен.

Итақай. Итақай деп көне замандарда иттің күшігін атапты. Бүгінде «Иттің итақайы да...» деген сияқты жағымсыз сөздер айтылып қалады. Яғни бұл сөз жағымсыз райда, мысқылдау, кемсіту сияқты сөздердің баламасы ретінде қолданылады.

Итжемес, Итемген, Итекеш, Итбай. Түрлі жұқпалы аурулардан сәбилер көп шетінеген кездерде қазақ арасында балаға осындай есім қою жиі кездескен. Яғни бұл – кішкене нәрестеге көз тимесін, ол ауырмасын, аман-есен өссін деген ниеттен туған есімдер.

Итемген деген рудың да аты бар. Сондай-ақ Ақмола облысында ұзындығы 12 шақырымға, ені 8 шақырымға жуық, ең терең жері 1 метр болатын Итемген деген көл бар екен. Сол сияқты, Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданына қарасты бір қыстаудың атауы Итжемес екен.

Итаршы. Біздің түсінігімізде итаршы – біреуге жағымпазданып, оның сойылын соғуға даяр жүретін адам. Ал көне замандарда итаршы деп денесі шағын, шәуілдек иттерді атаған деседі. Сондай-ақ көне түркі тілінде «итәрчи» деп  патша сарайында құс ұстайтын құсбегілерді атаған деген де сөз бар. Қысқасы, бұл сөзді қалай ыңғайласаңыз да «өзгенің жағдайын жасаушы», «жағымпаз», «жарамсақ» дегенге келетін сияқты.

Итарқа. Бұл – көші-қон кезінде пайдаланылатын, екі керегенің басын біріктіріп, үстіне киіз жауып қоятын уақытша баспана.

Итарқа деген қыстау да бар екен, ол Павлодар облысының Май ауданына қарасты өңірде орналасқан.

Италақаз. Италақаз туралы айтсақ, есімізге бала кезде көктемде ауыл айнала қаңқылдап ұшып жүретін сары-ала түсті қаз елестейді. Ол өзі – жыл құсы, алыс жақтарда қыстап, көктемде біз жаққа келіп тұрған екен. Қазір мүлде дерлік ұшыраспай кетті. Тұқымы құрыды ма, әлде климатөзгеруі әсер етіп жатыр ма, кім білген... Өзі сыңарына өте адал болады дейтін, қаңқылдай жалғыз ұшып жүргенін талай көргенбіз, сонда үлкендер жағы: «Байғұс-ай, сыңарынан айырылған екен ғой», – деп аяныш білдіріп жататын.

Итбалық. Суда тіршілік ететін, ескекаяқты бұл жануар бізде Каспий теңізінде бар.

Итшабақ. Бұл тіршілік иесін көп нәрсені біле бермейтін бала кезде судан талай «аулағанбыз». Оның кәдімгі бақаның баласы екенін кейін білдік.

Итжеккен. «Итжеккен» деп қазақтар бұрын Сібір мен Қиыр Шығыс жақты атаған. Яғни Ресей империясында қылмыскерлер мен билікке қарсы бас көтерген саяси тұтқындарды сол жаққа жер аударатын болған. Ол жақтағы итке шана жеккен адамдарды көргендер «итжеккен жақ» деп атап, сөз түбі содан шыққан.

Итжығыс. Бұл – күресте, сайыста, айтыста тең түсу. Бір-бірін ала алмаған қарсыластарды «итжығыс түсті» деп айтамыз.

Итжанды. Итжанды деп төзімді, қиындыққа мойымайтын адамдарды айтады.

Жалпы, «ит» түбірінен шығатын сөздердің ішіндегі ең көбі өсімдіктерде кездеседі екен. Олар мынадай болып келеді:

Итмұрын. Көпжылдық бұта. Оны медицинада, фармакологияда, халық емшілігінде жиі пайдаланады.

Итсигек. Біржылдық шала бұта. Бұдан да дәрі-дәрмек жасалады.

Итшомырт. Бұта. Бұл өсімдікті де дәрі жасау мақсатында пайдаланады.

Итқонақ. Оны «мысыққұйрық» деп те атайды. Шөптесін өсімдік. Егістікке, бау-бақшаға шығады, арамшөп саналады.

Итбүлдірген. Қаражидек тұқымдас бұта. Жемісі жеуге жарайды, одан тосап қайнатып алатындар бар. Гүлінен ара бал жинайды. Зәр қуатын, ревматизмге дауа болатын қасиеті бар.

Итжидек. Көпжылдық шөптесін өсімдік. Медицинада, мал емдеуде қолданылады.

Итқызғалдақ. Көктемде даланы, тау бөктерлерін қаптай өсетін гүлді өсімдік. Жаңбырлы болатын жылдары қаптап шығады.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ