Шалқар десе, шалқардай еді-ау ағамыз...

17.01.2018
Қаралды: 683

Облысқа белгілі кә­сіп­кер, танымал тұлға, меценат, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Бәйді­бек ау­да­нының Құр­мет­ті аза­маты Шал­қар Әбіш дүние салды.

Шалқар Әбішұлы 1944-жылдың мамыр айында Бәйдібек ауданындағы Қошқарата ауылында өмірге келген. Шымкент кооперативтік техникумын, Алматыдағы Халық шаруашылығы институтын бітірген. Ол кісі облысымыздағы көптеген сауда ұйымдарында жауапты қызметтер атқарған. Кезінде облыс орталығындағы «Базар» жабық акционерлік қоғамын, кейін «Аштықпен емдеу орталығын» басқарған. Мәдениет қайраткері, көптеген Ал­ғыс хат, Құрмет грамоталарымен, төсбел­гілермен марапатталған.

Шалқар Әбішұлының бірнеше өлеңдер, термелер жинақтары, «Рух пен тән саулығы», «Аштықты ұстау – денсаулық кепілі» және басқа да кітаптары жарық көрген. Шалқар ағамыз ұйыт­қы болған халықаралық «Шалқар термелері» байқауы да ел есінде. Ол кісі халықты, әсіресе өскелең ұрпақ – жастарды адамгершілік қасиеттерге үнемі үндеп отырудан жалықпады, оларды денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға, білімді, тәрбиелі болуға насихаттады. Бұл бағытта көпшілік арасына таралатын бірнеше газеттер шығарып отырды.

Міне, Шалқар Әбішұлы осындай сан салалы істің ортасында жүрген өнегелі, кең пейілді азамат болатын. Ол кісіні жұртшылық жаны жомарт, рухы таза, көпшілікке шапағаты тиген, талай жанға рухани ұстаз бола білген азамат деп бағалайды. Сондықтан да Шалқар Әбішұлының жарқын бейнесі жұртшылықтың жадында әрдайым сақталары сөзсіз.

Біз абзал азамат Шалқар Әбішұлы ағаның бақилық болуына байланысты ол кісінің отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз.

«Замана».

Қош бол мәңгі, жан-аға!

Қазақтың біртуар азаматы Шалқар Әбіш пәниден бақиға аттанды. Соңына қаншама жақсы сөздер, кереметтей қайырымды істер, «Немерем» сынды тамаша әндер мен термелер, перзенттерін қалдырды. Менің өлеңдегі шәкіртім, өмірдегі ұстазым еді. Өзі осылай айтатын. Шалқар туралы айтылар сөзім таусылмас...

 

Шәкірт едің сен маған, ұстазым да ең,

Сені іздеуші ем күн-түні, қыс-жазыңмен.

Кешкен жан ең дәуренді кешудей-ақ,

Өскен жан ең алысып күшті ағыммен.

 

Жүруші едің әлсіз бен алыпты ұғып,

Арсыз кесел кетіпті алып, тынып.

Осы екен ғой жалғанның жалғандығы,

Көзді тұрған нұр едің қарықтырып.

 

Ай қалтырап аспанда, күн мұздаған,

Қалды артыңда жарың мен ұл-қыз, ғалам.

Жарылқасын жаратқан бет алдыңнан,

Қош бол мәңгі, жан аға, жұлдызды адам!

 

Әмзе ҚАЛМЫРЗАҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ