Ауруды жұмыртқаға аударатын апай (видео)

17.01.2018
Қаралды: 3259

Осыдан біраз уақыт бұрын бойын үрей билеп, бірнеше айдан бері ұйқысыздық дертімен алысып жүрген бір жас келіншекті қызылордалық Рәзия Әбдірахманова (суретте) деген емшінің дәрі-дәрмексіз емдеп жазғанын көрген болатынбыз. Түсінгеніміз, емші ауруды жұмыртқаға аударды. Содан кейін әлгі келіншек бойы сергіп, өзін өте жеңіл сезінгенін, ұйқысы қалыпқа келгенін айтты. Бұл жай біздің емшімен сұхбаттасуымызға себеп болды.

Ұзақ жылдар ұстаз болған

– Рәзия Тасбекқызы, сіз ұзақ жылдар ұстаз болып, жас ұрпаққа білім берген жансыз. Ал бүгінде сізді көпшілік кәсіби халық емшісі ретінде таниды. Халық медицинасына бет бұруыңызға не себеп болды? 

– Мен 20 жыл білім саласында қызмет еттім. Орыс тілі пәнінен сабақ бердім, тіпті мектеп директорының орынбасары да болдым. Иә, мен емші боламын деп ойлаған жоқпын. 1994-жылы қатты ауырдым. Дәрігерлер диагнозымды қоя алмады. Қай ауруханаға барсам да денсаулығы жақсы, еш жері ауырмайды деген анықтама берді. Өйткені ана­лиздерім таза шығады. Бірақ бойды меңдеген түсініксіз де тылсым күш еңсемді көтертпейді. Сырқаттана берген соң халық емшілеріне жүгінуге тура келді. Олар қанмен атадан балаға бе­рілген құдіретті қасиет бар, соны мо­йындауың керек деді. Оған дейін өте көп қиыншылық пен жан азабын көріп, талай ұйқысыз түндерді басымнан өткізіп едім. Қасиетті мойындап, Алла берген ақ жолмен жүруге мойынсұнып, құлшылыққа құлағанымда денсаулығым түзел­ді. Тағдыр мен Алла басқа салған жауапкершіліктен ешкім қашып құтыла алмайды екен, осылай менің ширек ғасырға жуық атқарған ұстаздық қызме­тіме нүкте қоюыма тура келді. Оған да ширек ғасыр болып қалыпты. Бүгінде мен «Шапағат» халық емшілері мекемесі президентінің кеңесшісімін.

– Ең алғашқы емделушіңіз есіңізде ме? Қай жылы, қандай диагнозбен келіп еді?

– Әрине, есімде. Оны ұмыту әсте мүмкін емес. Өйткені ол менің мүлде басқа салаға мойын бұрғандағы ең ал­ғашқы емтиханым емес пе?

 

 

1996-жыл болатын. Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданынан бір азаматтар былқ-сылқ еткен 3 жасар баланы әкелді. Ас-су ішпей, күн санап солып бара жатқан баланың диагнозы анықталмай қойыпты. Күдер үзді ме, кім білсін, дәрігерлер беті бері қарамаған баланы 3-4 күннен кейін кері қайтарыпты. Ата-анасы оны маған әкелді. Мен балаға көз тигенін түсіндім. Суға дем салып бердім. Ежелден келе жатқан ем түрі – иттің орнына аунатып алдым. Сосын иттің құлағынан қан алып, балаға жақтым. Осының бәрін бір тылсым күштің жол көрсетуімен жасағаным есімде. Ата-анасымен қоса қалай болар екен деп мен де түнімен уайымдап шықтым. Үш күннің ішінде баланың беті бері қарай бастады. Сөйтіп Алла сәтін салды, бала аман қалды.

Жұмыртқамен емдеу құпиясы

– Сіздің емдеу тәсіліңіз ерекше еке­нінен хабардармыз. Ауруды жұмырт­қаға аударғаныңызға да куә болғанбыз. Осының құпиясын тереңірек тү­сіндіріңізші: ауруды солай көшіру мүмкін бе және ол қандай жағдайларда жасалады?

– Тауық жұмыртқасымен емдеуді түс арқылы аянмен алғанмын. Оны адамға сырттан әсер ететін жайсыз қуат, зиянды энергетиканы (қаралықты) жұмырт­қаға аудару тәсілі деп есептедім. Ал­ла­ға тәу ете тиісті дұғаларды оқу арқылы көшірудің арқасында адамның рухы, ағзасы тазаланады, бойындағы зияндары кетеді, жолы ашылады, байламдары шешіледі, кеселдері кесіледі. Тәжі­рибемде асқынып бара жатқан ауруды жұмыртқаға аударғанда оның өршуі сап тиылып, сол күннен бастап науқасқа дұ­рыс ем жүре бастаған кездері болған.

– Тағы қандай ауру түрлерін ем­дейсіз? Жалпы сізге қандай науқастар жиі келеді?

– Адамның бір жері ғана ауырмайды, болмашы деген аурудың өзі жанға батады емес пе? Сондықтан ауырған адамның бүкіл болмысын жан-дүние­сімен қоса емдеу керек.

Мен алдыма келген адамның тек әкесі мен өз атын ғана сұраймын. Сосын ауырған жерін, оның себебі мен емін өзім айтамын. Бас аурулары, зоб, жүрек, асқазан-ішек, тыныс, қуық жолдарындағы кеселдер, бүйрек, өт жолын тазарту, аяқ-қолдың қақсауы, белсіздік, бе­деулік, жүйке ауруларын, мастопатияны емдеп жүрмін.

– Ал диагнозды қалай қоясыз? 

– Тамыр ұстау арқылы.

– Емделушілер сізді эндокринологиялық аурулардың шипагері деп жатады. Әсіресе зоб диагнозы қойыл­ғандар сізді жиі іздейді. Сіз бұл ауруды қалай емдейсіз?

– Қандай болмасын кеселді қайтару үшін алдымен ішкі ағзаны тазарту керек. Ол үшін 1 литр қайнаған су, 1 литр қайнамаған су, 1 лимон, 1 қасық тұз салынған сусынды таңертең ашқарынға бөліп, 20 минут ішінде ішіп тауысу керек.

Одан кейін мен арнайы сүрелерді оқи отырып, адам аурасын, бойындағы ауырлықты тауық жұмыртқасына аударамын. Сосын қалқанша безінің жұмысын қалыпқа келтіруге көме­ктесетін тасшүйгін, қызыл тамыр, алтын тамыр шөптері қосылған қолдан жасалған тұнбалар беремін.

Құрма жеуге кеңес береді

– Осы эндокринологиялық аурулардың себебі неде? Мұндай дертке душар болмау үшін оқырмандарға қандай кеңес бересіз?

– Қалқанша безі – ішкі секреция безі. Сырты дәнекер ұлпалы қапшықпен қапталған. Ересек адамдарда оның салмағы шамамен 30-60 грамм. Жаңа туған баланың қалқанша безінің салмағы – 1-2 грамм. Пішіні таға тәрізді, бірімен-бірі өзара байланысқан екі бөліктен тұрады. 50 жастан әрі қарай қалқанша безінің салмағы мен көлемі кішірейеді. Қалқанша безінде іші шырышты затқа толы қуыстар бар. Шырышты заттан тиропсин гормоны болінеді. Ал оның құрамында йод бар. Денедегі йодтың 25 пайызы осы қалқанша безінің құрамында болады.

Адамның азық құрамында йод жетіс­песе эндемиялық зоб ауруы туындайды. Содан қандағы кальцийдің мөл­шері азаяды. Қалқанша безінің қызметі бұзыл­ғанда ағза өзіне керекті кальцийді сүйектерден бөліп шығарады. Оның зәрідегі мөлшері артады. Содан бүйректе, қан тамырлары мен басқа да ағза мүше­лерінде тас жиналуына себепші болады.

Қалқанша безі жұмысының бұзылуына жүйкенің сыр беруі де әсер етеді. Мұндайда ағзадағы бездер шошынады, одан жүрек те ауырады, қан қысымы көтеріледі, климакстың да әсері тиеді. Сол себептен әрдайым сабырлы болу керек, дұрыс тамақтана білу маңызды.  Денсаулық күтімінде мұның маңызы зор.

Эндокринологиялық ауру мазалайтын жандар құрамында йоды мол азықтарды көп пайдалануы керек. Теңіз қырыққабаты, теңіз тұзы, міндетті түрде кальций витаминін, биоцинк ішіп жүруі тиіс. Грек жаңғағынан жасайтын түнбалар да жақсы көмектеседі. Күніне 7 дана құрма жеп жүрсе пайдасы мол.

– Рәзия Тасбекқызы, құпия болмаса, емдеу курсы мен емдеу ақысы жайлы айтыңызшы.

– Мен әртүрлі ем әдістерін қолданамын. Диагнозға байланысты қан алу – хиджама, суықтау мен қабынудан болатын ауруларда от терапиясын, тірек-қимыл ауруларында нүктелі сылап-сипау әдістеріне басымдық беремін. Сол себептен ем ақысы әр адамда әр түрлі болуы мүмкін. Ол әр адамға жұмсалатын уақыт пен күш-қуатқа байланысты анықталады.

– Пайдалы кеңесіңіз үшін рахмет. Еңбегіңіз жансын!

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

Редакциядан: емші Рәзия Әбдірахманованың байланыс нөмірі – 8-701-403-92-37, 8-705-432-00-59.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ